БҰЙРЫҚТАН ДА ҚУАТТЫ СӨЗ
Бауыржан Момышұлы өз өміріндегі мына бір оқиғаны былай баяндапты:
«Немістердің күшіне мініп тұрған кезі. Рота командирі Мұхаммедқұл Исламқұлов:
– Бауке, ротадағы солдаттар шығын болып, 7-8 солдат қана қалды. Шегінуге рұқсат беріңіз,- деді.
Мен жағдайдың қиын екенін біліп тұрмын. Шегіне бер деуге тағы болмайды. «Шегінуге болмайды!» деп бұйырғанмен оны тыңдауға мұршасы жоғын сезіп тұрдым да:
– Ей, Мұхаммедқұл, сен қазақтың «Қоянды қамыс өлтіреді, Ерді намыс өлтіреді» деген сөзін білесің бе?- дедім.
Мұхаммедқұл: – Білемін, Бауке, -деді.
Мен:– Білсең, саған берер бұйрығым сол!- дедім де тұтқаны қоя салдым.
Мен мына сөзден кейін оның шегінбейтініне сенімді болдым һəм ол шегінбей табан тіреп тұрып алды. Орнымен қолданылған дана сөздің рухты осылай көтеретініне мен сан мəрте куə болдым. Ол жерде Мұхаммедқұлды басқа ешқандай бұйрық ұстап тұра алмайтын еді.»