Жаңалықтар

Бүгін балқаштықтар үшін автобус тегін

Бүгін Балқашта Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауына орай қала ішіндегі барлық бағыттағы қоғамдық көліктерде тегін жол жүреді. Тұрғындарға ыңғайлы болсын деген ниетпен қала әкімдігі көлік компаниясымен келісімге келген. Бұл туралы Балқаш қаласы әкімдігінің баспасөз өкілдері мәлімдеді.

Қала әкімі Қайрат Қамзиннің сөзіне қарағанда, өз учаскелері бойынша хабарласқан қарт адамдарға еріктілер арқылы автокөлік жіберіледі.

– Сайлау күні қоғамдық көліктер әдеттегі жұмыс кестесімен тегін жүреді. Тасымалдаушылар тарапынан халықты әлеуметтік қолдау көрсетіліп жатыр. Бұл сайлаушылардың азаматтық белсенділігі мен құқықтық мәдениетін арттыруға ықпал етеді. Әр сайлаушының дауыс беріп, ел ертеңі үшін еңбек ететін депутаттарға таңдау жасағаны маңызды, – дейді қала басшысы Қайрат Амангелдіұлы.

Автобуспен тегін қатынаған қала тұрғыны Медет Кеуеков игі шараға дән риза.

– Бүгін еліміз үшін айрықша күн болған соң ерте тұрдым. Сайлау учаскесіне барып дауысымды бердім. Жаңа ғана қалалық №15 маршрутқа мінген едім. Қала ішінде автобуспен жол жүру бүгін тегін деп ақша алмады. Сайлауға түскен халықшыл азаматтардан зор үміт күтеміз, – дейді Медет Кеуеков.

Айта кетейік, Балқаш қаласында бұған дейін де, ҚР Президент сайлауында және референдумға орай қала тұрғындары үшін тегін автобус ұйымдастырылған. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша қаланың барлық кәмелетке толмаған тұрғындары үшін тегін жол жүру тәсілі енгізілген болатын. Сол сияқты азаматтардың жеңілдетілген санаттары, оның ішінде зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы отбасылар қала ішінде тегін жүреді.

Нұрдос КӘРІМ,

БАЛҚАШ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button