Бөбектерге арналған арна
«Тарихымызды, мәдениетімізді дәріптейміз, ұлттық рухты көтереміз» деп, не түрлі шаралар ұйымдастырамыз. Бірақ, балалар назардан тыс қалып жатқандай. Бұны ақын Эльмира Сайлауқызы мен ақын Салтанат Қайырбектің Кеншілер мәдениет сарайында өткен «Беу, туған жер!» атты танымдық мерекелік шарасында аңдағандай болдық.
Қос ақын балалар үшін айтарлықтай жұмыс атқарыпты. Мәселен, шарада «Бөбегім-ай» ютуб арнасының тұсауы кесілді. Ютуб арнасында балаларға арналған контенттер жарияланбақ. Авторы – Салтанат Қайырбек. Ютуб арнасын ашу идеясының қалай туғанын айтып берді.
– Былтыр Бегім есімді қызымды дүниеге әкелдім. Ол әйгілі мультфильмдердің саунтрэктерін тыңдағанды ұнататын. Содан кейін қызым ұнатқан әуендерді домбырамен сүйемелдей бастадым. Астанадағы кәсіби студияларға барып, «Бақытты отбасы», «Қамсыз балалық шақ» тақырыптарында әуендер жаздырдым. Мүмкіндігім жеткенше анимациясын да әзірледім. Балаларға арналған риторикалық өлеңдерім де материалдарды толықтырды. Бір сөзбен айтқанда, балаларым сапалы, қазақша контент көруі үшін еңбектендім. Атқарған жұмысымды Элмира Сайлауқызына көрсеткенде, жұмысты елге көрсету керек екенін айтты. Облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасы қолдау көрсетті, – деді Салтанат Қайырбек.
«Беу, туған жер!» кітапшасына балаларға арналған өлеңдер мен әңгімелер енгізілген. Кітапша екі бөлімнен тұрады. Біріншісі – «Беу, туған жер!», екіншісі – «Табиғат тамашасы». Екінші бөлімге Элмира Сайлауқызының өлеңдері топтасқан.
Сонымен қатар, «Бұл – біздің жанұя» атты боямақ та бүлдіршіндерге жол тартты. Баланың қиялын самғататын, отбасы құндылығын дәріптейтін түрлі суреттер салыныпты.
Эльмира Сайлауқызы келешекте балаларға арналған осындай дүниелер молынан жарық көру керек деп есептейді.
– Бұл – балаларға базарлық. Алар асуымыз әлі алда! Смартфон мен ақпарат заманында келешек ұрпақ сапалы, ұлттық танымдағы дүниелерді тамашалау үшін баршамыз еңбек етуіміз керек, – деді Эльмира Сайлауқызы.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет ұйымдастырушылардан