Бұқарды жатқа оқыған

 

Өлмегенде не өлмейді –
Жақсының аты өлмейді,
Әлімнің хаты өлмейді, – деп өзі жырлағандай, биыл халқымыздың кемеңгер ұлдарының бірі, көмекей әулие Бұқар жырау ҚАЛҚАМАНҰЛЫНЫҢ туғанына – 350 жыл. Республика жұртшылығы былтыр қара қылды қақ жарған Қаздауысты Қазыбек бидің 350 жылдығын дүрілдетіп атап өтсе, ендігі кезекте Бұқар бабамыздың да осындай мерейтойын ел-жұртымыз болып тойламақ.

Бүгінгі күнге дейін ел аузынан жиналып, қағаз бетіне түскен Бұқардікі дейтін шығармалар түгел дерлік жарияланды. Оның 847 жол өлеңі – 1962 жылы шыққан «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ ақындары шығармаларының жинағы» кітабында, 515 жолы 1965 жылғы «Үш ғасыр жырлайды» жинағында жарық көрген. Ал, 1970 жылы Мұхтар Мағауиннің құрастыруымен басылған «Алдаспан» атты жинақта «Бұндағы басылымға әзірге белгілі туындылары енгізіліп отыр» делінген. Жинаққа жыраудың 1127 жол өлеңі енгізіліпті.
Одан кейін әдебиетші ғалым, журналист Ақселеу Сейдімбек қытайлық қандасымыз Мұхтархан Оразбайұлының Пекин қаласындағы Байырғы Манжың патшалығының Хуаншишың сарайындағы өлке деректері сақталатын бөлімінен Бұқар бабамыздың 940 жолдық 36 толғауының қолжазбасын тапқанын 1990 жылдың 12 шілдесінде «Ана тілі» газетінде сүйіншілеп жазған-ды. Соған қарағанда, бұл Пекин нұсқасының көнелілігіне, Г.Потанин мен Мәшһүр Жүсіптен бір ғасырдай бұрынырақ қағазға түсірілгеніне және сонда келтірілген деректер бойынша Ұлы жыраудың хат танығанына да айғақ болғандай. Одан әрі осы Пекин нұсқасы мен текстологиялық зердемен шендестіру арқылы ғылыми пәтуаға келген үздік үлгісін жасау міндеті тұр. Әйтсе де, бұл дегеніңіз бабамыздың көл-көсір мұрасының сәл ғана жұрнағы болып табылады.
Ал, бұған дейінгі алғашқы тарихи деректі Шоқан Уәлихановтың «XVIII ғасыр батырлары туралы тарихи аңыз-әңгімелер» атты еңбегінен кездестіреміз. Автор Бұқар жыраудың Абылайға айтқан екі толғауының жолма-жол аудармасын беріп, түсіндірме жазса, оның досы Г.Потанин де жыраудың «Төртуылдың төрт ұлы тауды жайлап» деген өлеңінің орысшаланған сөздік нұсқасын өз жазбаларында жариялаған. Бірақ, солардың қазақша түпнұсқалары сақталмай, ешбір жинаққа енбей қалуы өкінішті-ақ. Осы жыр-толғауларды Қаржасқа жиен болып келетін Шоқан мен досы Г.Потанин де ғұлама ғалым Қаныштың әкесі Имантай Сәтбайұлына тапсырма беріп, Бұқарекеңнің немересі Құрманбай абыздан жаздырып алған екен.
Бұл ретте 19 ғасырдың орта шенінде қа­ғаз бетіне түскен Бұқар жыраудың бірнеше жыр-толғауларының (арабша және парсыша емлемен жазылған) И.Березин қорында сақтаулы тұрғанын, бұл материалдарды кезінде оған Шоқанның ұстазы болған Н.Костылецкий жібергенін, оларды қадағалап тексеруге мүмкіндік болмағанын, тек сілтеме жасаумен ғана қанағаттанғанын тілші-ғалым Ысқақ Дүйсенбаев та ашық мойындаған.
Шоқаннан кейін 19 ғасырда өмір сүрген ұлы тұлғаларымыздың бірі Ыбырай Алтынсарин де 1878 жылы шыққан «Қазақ хрестоматиясы» кітабында Бұқардың «Ай, Абылай, мен сені көргенде» деп аталатын атақты толғауын жариялап, бастырғаны белгілі. Одан соң оның екі-үш толғау-жыры Құрбанғали Халидұлының 1910, 1911 жылдары екі рет жарық көрген «Тауарих хамса» атты кітабына кіргізілген. Кеңес өкіметі орнағанша Бұқар жырау және оның шығармашылығы жайындағы дереккөздердің дені осындай.
Ал, Бұқар жырау Қалқаманұлының өмірі мен шығармашылығы туралы қазақ тарихында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлынан артық еңбек сіңірген адам жоқ. Ол ел арасынан жырау жыр-толғауларын жинақтап, жазып алып, әрқайсының туу тарихынан қысқаша мағлұматтар, түсініктемелер беріп отырған. Кейінде кеңес заманында жырау мұрасын зерттеп, ғылыми еңбектер жазған Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайылов, Қайым Мұхаметханов, Әлкей Марғұлан, тағы басқалары Мәшекеңе соқпай өте алмай, әркез соның материалдарына сүйеніп, пайдаланған.
Аулыңда төбе бар болса,
Ерттеп қойған атпен тең.
Аулыңда қартың бар болса,
Жазып қойған хатпен тең, – дегендей, өткен 20 ғасырдың 90-шы жылдарына дейін Баянауыл, Бұқар жырау өңірлерінде кеудесі қазына, көкірегі көмбе шежіре қарттар болды. Солардың біразын көзімізбен көріп, айтқан әңгімелерін құлағымызбен естіп, көкейге түйіп өстік. Бала да болсам, әр жолы біздің үлкен үйге түсіп, қонақ болып кететін кешегі Кенесарының сенімді серігі болған батыр Сейтен Азынабайұлының немересі Кәрібоз Сүлейменұлы, Шорман бидің ұрпағы Дінше Зындаұлы, Бұқарекеңнің тікелей нәсілі Қабылбек Зәкарияұлы ақсақалдардың шерткен шежірелері мен ғибратты сөздерін ертеден кешке дейін аузымды ашып тыңдайтынмын. Сондай кездерде олар Бұқар жайлы сөз болғанда «Қайран, біздің Сәулебай» деп жиі еске алысып, қамығып отыратын. Сол уақытта бұған онша мән бермегеніммен, оның да Бұқар жырау поэзиясының білгірі, әдеби мұраларын көздің қарашығындай сақтаушылардың бірі болғандығын есейіп, азамат атанғанда біліп, көзім жеткен.
Мен ол тұста облыстық «Орталық Қазақ­стан» газетінде тілші болып қызмет істеп жүргенмін. Басылымның Бас редакторы Рымқұл Сүлейменов ағамыз еді. Еліміз егемендігін алып, Тәуелсіздігімізге қол жеткізген сол өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында ұлттық санамызда сілкініс жасалып, рухани ояну жолында өшкенімізді жандырып, өткенімізді жаңғыртып, көптеген игі шаралар қолға алынып, жүзеге аса бастады. Біздің Қарағанды облысының жұртшылығы да халқымыздың кемеңгер данасы Бұқар жырау Қалқаманұлының туғанына 325 жыл толатын мерейтойын республикалық деңгейде атап өту қамына кірісті. Бұл шаруадан облыстық «Орталық Қазақстан» мен «Индустриальная Караганда» газеттерінің редакциялары да сырт қалмай, басылым беттерінде арнайы айдарлар ашып, 1992 жылдың басынан бастап мерейтой материалдарын үзбей жариялап тұрды. Бас редакторымыз Рекең марқұм осы жұмыстардың бәрін ұйымдастыруды маған жүктеп, тапсырды. Өз кезегімде мен де, ең біріншіден, аруақты бабамыздың соңында қалған тұқым-жұрағаттарын түгендеп, олар туралы деректер жинап, шежіресін түзуге көштім. Соның барысында оның әулетінің де еліміздің түпкір-түпкіріне тарыдай шашылып кеткенін байқадым. Ол үшін ұрпақтарымен кездесіп, сөйлесіп, жиналған мәліметтер мен деректерді өзара салыстырып, әбден жүйеленген түпкілікті шежіре нұсқасын жасап, құрастыру маған оңай тимеді. Ақыры ол шежіре-кестені түсіндірмелерімен «Ұлы баба ұрпақтары» деген атпен «Орталық Қазақстанның» 1993 жылдың 13 ақпандағы, «Егемен Қазақстанның» 1993 жылғы 18 тамыздағы сандарында жарияладым.
Мерейтой алдында ел азаматтары да ірілігі мен бірлігін танытып, Бұқар жыраудың аталас туысы, Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагері, марқұм Шопанай Әмірханов бастаған ынталы топ құрылып, Қарағанды мен Алматының арасын қара жол қылып, баба асын абыроймен өткізіп, бұрынғы Ульянов ауданы Озерный кеңшары аумағындағы Далба тауының етегінде мәңгілікке дамылдаған «көмекей әулиенің» зиратының басына кесене тұрғызу мәселесін көтерді.
Кезінде бұл жерді Мәшекеңнің өзі белгілеп кеткенімен, басына күмбез орнату ешкімнің ойына келмеген-ау, сірә. «Ештен кеш жақсы» демекші, ол да сәтімен іске асып, 1993 жылдың тамыз айының соңында ас күні саңғыраған кесене де салтанатты түрде ашылды. Осынау ұланасыр асқа сонау Алматыдан Бұқар бабамыздың ұрпақтары – Аяпбергеннің Бөпежаны, Жеқазғаннан Құндақтың Рапығы, тағы басқалары да келіп, ата-баба жұртына бір аунап, қалың елдің ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленді. Өйткені, бұл мекен – Қаржас елінің қалың ортасы. Шежіре бойынша Бұқарекең де осы Қаржастың үлкен бір бұтағы Алтынторының Жолымбетінен тарайды. Жолымбеттен төрт ұл – Қойсары, Қалқаман, Ырысымбет, Назар туса, соның Қалқаманы Әз-Тәуке ханның заманында Үш жүздің 90 мың қолын басқарған Алатаудай Ақша Батырдың (Бұқардың өз сөзі) қол бастап, жауға шапқан батырларының бірі болған екен. Ал, осы Ақша батыр – Қанжығалы Бөгенбай батырдың, Қалқаман батыр – Бұқар жыраудың әкелері. Жыраудың өз кіндігінен үш ұл – Ақдербіс, Жарылғап, Жанта (ұрпақсыз). Алдыңғы екеуінен тараған үрім-бұтағы бүгінде Қарағанды, Павлодар және Ақмола облыстары, Алматы мен Астана, Жезқазған қалаларында ғұмыр кешуде. Кезінде мен түзген бабамыздың ата-тек шежіресіне кейінде Алтынторы руының шежіресін құрастырып, кітап етіп шығарған жерлес ағаларым Ғалымтай Бақтияров пен Қаби Қошановтың толықтырулар енгізіп, негізге алғанына алғыстан басқа айтарым жоқ.
Осылайша, бұл мәселенің соңына түсіп, ізденіп жүргенімде, жоғарыдағы Кәрібоз, Дінше, Қабылбек ақсақалдардан естіген Сәулебай есімі тағы да алдымнан шықты. Оны белгілі өлкетанушы Юрий Поповтың «Индустриальная Караганда» газетінің 1992 жылғы 19 наурызда жарияланған «Голос Бухар жырау» деп аталатын мақаласынан көрдім. Автор бұл мақаласында «Причем оказалось,что песни жырау наиболее жизнеспособны в Баянаульском и Ульяновском районах, где живут ответвления рода – Тортуыл-Каржас. Сенсационная находка была сделана в августе 1948 года. В селе Корама (Курама) Ульяновского (тогда Ворошиловского) района ученым передали рукопись Смаила с записями песен Бухар жырау. Сберег эту рукопись Саулебай Сагандыков» деп жазыпты. Мұндағы Смайылдың кім екенін анықтай алмасам да, індете келгенімде, Сәулебай Сағындықұлының да Алтынторының Назар (Қалқаманның інісі) атасынан тарап, 1892 жылы дүниеге келіп, 1949 жылы көз жұмғанын түптедім. Туыстық, аталастығы бір бөлек, Сәулекеңнің ата қыстауы Қошақай мен Ұлы жыраудың Далбадағы қонысының арасын бір төбе ғана бөліп тұр. Сондықтан да, өзгелерден гөрі Бұқар жыр-толғауларын ауылдас ағайындарының жатқа білуі заңды да. Білгендердің айтуынша, ол кісі арғы-бергі тарихқа жүйрік, сөзге ұста шешен, етікші әрі аңшы да болыпты. Ал, Ю.Попов жазып отырған 1948 жылы келген ғалымдарды сол кездегі Қазақ КСР Ғылым Академиясының президенті, өзі де баянауылдық Қаныш Сәтбаев «білсе, осы біледі-ау» деген кәріқұлақ қарияларға хат жазып беріп, арнайы жіберген көрінеді. Олар Сәукеңнің үйінде апталап жатып, бар білгенін қағазға түсіріп, қолында сақталған жазба дүниелерін өздерімен бірге алып кеткен екен дейді. Сол жылғы Тіл және әдебиет институты ғалымдарынан жасақталған экспедиция мүшелерінің бір тобы Долинка кентінде тұрған Кәрібоз Сүлейменұлының да шаңырағында болған көрінеді. Ол туралы бүгінде Кәкеңнің Абай ауданының Топар кентінде тұрып жатқан қызы Сақыпжамал апайымыздан естіген едім. Бір қынжыларлығы – кейбір ғалымдарымыз осы сияқты жазба жәдігерлерді ешкімге сілтеме жасамай, өздері пайдаланып кетіп, жаңалық ашқандай өз аттарынан жариялап жататыны. Егер, көздері тірі болса, Сәукең де, Кәкең де оларды кімге бергенін айтар еді ғой, әттең…
Сөйтсе де соңында қалған шоғы мен қоламтасын қайта үрлеп жандырғандай болып, мен де оның бір сілеміне іліктім ғой, әйтеуір. Оның өзінде әке-шешем Мәзәли мен Тұрымтаймен жақсы араласып, өзіміздің Үміткер аулында бірге тұрған Шохшиндер отбасынан. Бұл үйдегі Әміржан ақсақал мен Зықыш шешеміз он бір бала тәрбиелеп өсіріп, шаруашылықтың өсіп-өркендеуіне аянбай атсалысқан, елге сыйлы, қарапайым еңбек адамдары болатын. Әсіресе, Зықаңның баяғыдан мен іздеген Сәулебайдың қызы екенін білген кезімдегі таңданысым мен балаша қуанғанымды көрсеңіз. Сонысына қарай, ол да Бұқарекеңнің өлең-толғауларын жатқа соқсын келіп. «Жақсының сарқыты» деген осы да. Әкесінен жастайынан естіп, көкейіне түйгендерінің бірін ұмытпапты. Мен де ол жырларды сан мәрте қайталап айтқызып, бұрыннан бізге белгісіз болып келген 3 өлеңін «Орталық Қазақстан» газетінің 1992 жылдың 7 қазандағы санында бастырттым. Оның алдында әріптес ағамыз Аман Жанғожин да Бұқарекеңнің осы кісіден жазып алған байларды шенеп айтқан жыр жолдарын жарыққа шығарған болатын («Орталық Қазақстан»,16 шілде 1989 жыл). Онымен тоқтап қалатын Зықаң ба, ер көңілді анамыз атқа мініп, аруақты бабасының осы Арқа жеріндегі асының дүрілдеп өтуінің басы-қасында өзі жүрді. Сол 1993 жылдың тамыз айының соңында өткен ұланасыр асқа бауыры Олжабай екеуі ту бие сойып, арнайы киіз үй әкеліп тігіп, Бөпежан ағамыз бастаған Бұқар баба ұрпақтарын төбесінен тік тұрып күтіп алды. Зықыш шешеміз бұдан кейін де аудан, облыс көлемінде Бұқар бабасына қатысты барлық шаралардың бел ортасынан табылып, жырау мұраларын насихаттаумен өтті. 1999 жылы баба есімін иеленген (бұрынғы Ульянов) аудан әкімдігінің алдында Бұқарекеңнің ескерткіш мүсіні ашылғанда, оның сол кездегі облыс әкімі Камалтин Мұхамеджанов пен аудан әкімі Тілеубек Зейнешевтің арнайы шақыруымен келіп, ескерткіш мүсіннің ашылуында сөз сөйлегенін газетімізге жазған да біз едік. Сондықтан, қасиетті бабамыз Бұқар жырау Қалқаманұлының биылғы 350 жылдық мерейтойы қарсаңында көзден кетсе де, көңілден кетпейтін осынау аяулы жандарды тағы да бір мәрте еске алғанды парыз санадық. Бауыры Ошан екеуі де осыдан бес жыл бұрын арасына бес ай салып, бірінен соң бірі өмірден озған еді. Жатқан жерлері жарық, топырақтары торқа болсын марқұмдардың.
…Өткенді ойға оралтып, бұл мақаламыздың жазылуына себепкер болған да Әміржан ақсақал мен Зықыш шешеміздің ұлдарының кенжесі, қазірде Шахтинск қаласында тұратын Кенжебек ініміз болатын. Ол да да кешегі үлкендердің жолымен менің кенже інім, сыныптасы Нұрдәулетпен осы қалада бірге ғұмыр кешіп жатқан, арасынан қыл өтпейтін достар. Енді, кәсіпкерлікпен шұғылданатын Кенжебектің сөзіне қарағанда, осы әулеттің үлкен-кішісі бабаларының алдағы болатын асына даярлық үстінде көрінеді.

Ержан ИМАШЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.