Спорт

Бұқаралық спорт қарқынды

«Өңірде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бассейндер аз. Ал, оған сұраныс көп. Қарағандыға шағын бассейн кешені керек». Бұл облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаевтың облыс əкімдігінің аппараттық жиынында жасаған мəлімдемесі. Жиында бұқаралық спортты дамыту жəне саламатты өмір салтын қалыптастыру тақырыбы қозғалды.

Қарағанды марафон

Облысымызда 55 373 мүмкіндігі шектеулі жан бар екен. Оның 31 118-і спортпен айналыса алады. Басым бөлігі – жүзуге бейім.

– Бұл – өте қажет кешен. Өйткені, ата-аналар тарапынан көп өтініш түсіп жатыр. Сол өтініштерге қарап, қажеттіліктің барын растай аламыз. Бүгінгі таңда мүгедектердің барлық санаттары арасында сұранысқа ие спорт түрінің бірі – жүзу. Себебі, мүмкіндігі шектеулі адамдарға судың пайдасы өте көп, – деді облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев.

Спикердің сөзінше, былтырдан бері аутизмге шалдыққан балаларды жүзу секцияларымен қамту бойынша мемлекеттік-əлеуметтік тапсырыс іске асырыла бастапты. Мемлекеттік тапсырыс аясында 15 жаттықтырушы Екатеринбург қаласында осы санаттағы балалармен жұмыс істеуге бейімделген дене шынықтыру курстарынан өткен. Темірхан Абылаев облыс əкімінің алдында тағы бір өзекті мəселені көтерді. Қалалар мен аудандарда жасақталған спорт алаңдары бүгінде қараусыз қалған. Яғни, нақты бір иесі жоқ. Ешқандай мекеменің меншігінде емес. Күтімсіз қалған алаңдар мерзіміне жетпей тозып, қирап жатыр екен. Осы мəселені шешу үшін қажет хаттар жазылып, жауаптыларға жолданған.

Басқарма басшысының деректеріне сүйенсек, өңірде бұқаралық спорт қарқынды дамып келеді. Мəселен, 1000 адамға шаққанда халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі 64,8%-ға жеткен. Жəне осы салаға биыл 3 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінген. Өңір аумағында 1 196 дене шынықтыру жəне спорт ұйымдары жұмыс істейді. Сонымен қатар оқушылар мен жасөспірімдер бос уақытын тиімді өткізетін 39 спорт мекемесі бар. Жалпы білім беретін мектептерде – 4597, колледждерде – 328, университеттерде 102 секция талапты өрендерді жаттықтырады.

Былтыр 4 млрд. теңгеден астам қаражатқа 6 нысан іске қосылған. Хоккейді дамыту мақсатында Нұра ауданының Шахтер ауылы мен Нұра кентінде хоккей корттары ашылған. Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ елді мекенінде 100 орындық дене шынықтыру, сауықтыру кешені бой көтерген. Мұндай кешен Балқашта да салынды. Шахтинск қаласында бассейні бар кешен ел игілігіне берілді. Қарағандыда футбол манежі жасалды.

Ал, биыл жəне келесі жылы 5 млрд. 479,9 млн. теңгеге 6 спорт нысаны тапсырылады. Сонымен қатар, келесі жылы спартакиадалар мен марафондар саны артпақ.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button