«Бұқар жырау жаршысы» газетіне – 85 жыл
Биыл Бұқар жырау аудандық «Бұқар жырау жаршысы» газетіне – 85 жыл. Тарихы тереңге жайылған басылымның мерейтойы қарсаңында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов газет ұжымын арнайы қабылдап, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың құттықтау хатын тапсырды.
– Кешегі Кеңес дәуірінде де ұлт руханиятының жанашыры болып, асқақ рухтың шырақшысы болған да – осы басылым. Қаламгерлердің бірнеше буын, бірнеше толқынының қолтаңбасы қалған газеттің сарғайған беттерінен сол дәуірдің тарихи жауапкершілігін, енбек адамдарының тағылымды тағдырын тануға болатын бір басылым болса, ол да – «Бұқар жырау жаршысы». Бұқара бұйымтайын билікке жеткізіп, биік мінберлерден халықтың назын айтты. Ормандай оқырмандарының ыстық ықыласы мен зор кұрметіне беленді. Халыққа нақты ақпарат жеткізіп, салмақты ұстаным, салиқалы пікірден айнымаған басылымға шығармашылық табыс тілеймін!, – делінген аймақ басшысының құттықтау хатында.
Газет алғаш рет «Социалистическая жизнь» атауымен 1939 жылы 12 сәуірден бастап шыға бастаған. Содан кейін «Знамия Ильича» атауы берілген. 1997 жылы екі аудан, яғни, Тельман және Ульянов ауданы біріктірілгеннен кейін ұзақ уақыт бойы «Сарыарқа» атауымен басылды.
Газеттің дамуына елеулі үлес қосқан бірінші басшылар мен редакторлардың арасында Василий Еськов, Николай Блудчий, Зоя Богданцева сынды білікті мамандар бар.
2013 жылы сәуірден бастап газеттің атауы «Бұқар жырау жаршысы» деп ауысты. Аудан өміріндегі өзекті тақырыптарды жариялауда. Одан бөлек, ауылдағы еңбек адамдарының өмірі, мәдениет, спорт, білім және басқа да түйткілді мәселелерді қаузап, даңқты баспа дәстүрін жалғастырып келеді.
Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz