Қазыналы қария – телегей-теңіз дария
Ақсақал, қарт, қария. Салмақты ұғым. Қадірлі қария атану да бір бақыт. Қарттықтың шуақты сәтін сезініп, айтулы асыл қасиеттерін бойына сіңірген ата-әжелеріміздің қоғамдағы рөлі қашанда зор. Дегенмен, «Тағылым дәнекері қарттарымыз міндетін дұрыс атқарып жүр ме?» деген ой сана саңылауынан сығалап тұрады.
Жасы үлкендердің шешімін екі айтқызбай қабылдау жазылмаған заң болатын. Азуын айға білеген басшылар да ақсақалдарды қадірлеп, құрметтейтін. Тентектерді де тезге салу ақсақалдардың мойнында еді ғой. Бұл заңдылық атадан балаға мұра болып келе жатқан салтдәстүрдей қабылданды. Қарттарымыз ел ұйытқысы, өнегенің озық үлгісі бола білді. Уақыт керуені алға жылжыған сайын ақылшы ақсақалдар да қоғамдағы мәнді рөлін уысынан шығарып, зымыраған уақыт көшіне ілесе алмай, бейтарап қалыпта қалғандай. Оған себеп қандай? Кінәлі кім?
Қарт десе, бірден көз алдыма самайын қырау шалған тақиялы ата, бетін әжім шиырлаған кимешекті әже елестейді. Бала кезімізде біздің атаәжелеріміздің бейнесі сондай еді ғой. Ал, өскелең ұрпақ бұл бейнені тек кітаптағы суреттен ғана көретіні, өкінішті. Бұл суреттер оларға ертегі кейіпкерлеріндей. Сөзі түзу, ісәрекеті дұрыс қартты көргенде көңіл сарайың ашыла береді.
Жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзінен маржан тергендей боласың. Қазыналы қарттардан таза жұрдаймыз деп айтуға мүлдем болмайды. Олар – біздің бүгінгі бейбіт өміріміздің, бақ-берекеміздің өзегі. Әр ауылда сөзі абыз, ісі аңыз ақылшы қа рия бар. Мәселен, ақсақал Ағыбай Ілияшев жастың да, жасамыстың да көңіліне қонатын салиқалы сөз айтып, ой тұндыратын жанның бірі. Шежірелі сөздің қайнары болған қарт ауыл жастарынан ақылкеңесін аяған емес. Сондықтан болар, ауыл жұрты ақсақалды арқа тұтып, құрмет пен ілтипат көрсетуге даяр тұрады. Сүбелі сөздің сырын жақсы білетін қазыналы қарттың тәлімі – өскелең ұрпаққа бар білгенін үйрету. Он саусағынан өнер тамған ол қолөнерді сөз мәнерімен үйлестіре отырып, алдына келген ауыл жастарының бойына сіңіре білуде.
– Әкем ағаш шебері, үлкен атам ұста болған кісі екен. «Қырық темірдің қыла уын тапқан» бабадан қалған бұл өнердің түйіршігі маған бұйырған екен, – дейді.
Жастайынан ерте еңбекке араласып, бойдағы қайрат пен білектегі күшін жұмсап, еселі еңбек етті. Қадірлі жасқа жеткен шақта ұста көрігін қолына алады. Темірден түйін түйіп, қайқы қанжар соғады. Қынын теріден илеп, әсемдеп, кәдесый ретінде тарту етіп жатады. «Пышақ жасаймын, қалған темірден немерелеріме арнап кішкентай бәкі жасап беремін»дейді қария. Мақсаты – атадан балаға жалғасып келе жатқан ұсталық өнер үзілмесе екен деген ой. Бүгінде немересі Алдияр атасынан көрген істі жалғап жүрген жайы бар. Бұған қарт көңілі бір серпіліп қалады. Ұрпаққа өнегелі үрдіс қалдырудағы мұраты қылаң бергендей.
Әңгіме барысында Ағыбай атадан «Әдемі қартаю дегенді қалай түсінесіз? Қарттың қайраты мен тәлімі неде, қазыналы қарт деп кімдерді айтар едіңіз?» деп сұрадық.
«Әдемі қартаю міндет емес, мақсұт болу керек. Алдымен ойыңа сақ бол. Кез келген нәрсе ойдан туады. Өз отба сыңа қадірің болсын десең, бойда қайрат, ойда сөз тұрғанда ұрпағыңа үлгі бол. Қазыналы қарт ақыл-парасатымен елді айрандай ұйытып, шаңырағының биік, керегесінің берік болғанына үлкен үлес қосқан жан. Олар халық арасында әрдайым құрметке бөленеді. Есімдері алтын әріппен жазылып, ел есінде қалады. Ал, сол бір тарихтың жібек жібін жалғастыру бүгінгі қарттарға абыройлы міндет» дейді.
Сағыныш ӘБІЛ.