Қаражал

Қазыналы қаражалдың қадамы

Қала әкімі Тілектес ДОСАЕВ көпшілікпен кездесуде аймақта ірі индустриалдық және инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға ықпал еткен экономикалық жағдай мен инвестициялық ахуалды тілге тиек етті. Былтыр экономиканың барлық саласында ырғақты ілгерілеу байқалды: өнеркәсіп – 12%, ауыл шаруашылығы – 6%, құрылыс – 7,1 есе өсті. Қала тарихында тұңғыш рет жергілікті бюджетке 1 млрд. теңгеден астам табыс түсті.

Жәйрем кен-байыту комбинаты сандық технология мен 4.0 Индустрия элементін өндіріске енгізу жөніндегі облыстық сынамалық жобаға қатысады. Былтыр онда өндірісті жаңғырту мен байыту фабрикасының құрылысы қолға алынды. «Өркен» ЖШС «Өркен» Атасу өкілдігі байыту фабрикасын қайта құруға кірісті. Елбасының қатысуымен 2015 жылы желтоқсанда тұсауы кесілген «Барит кенін өңдейтін өндірістік кешен» жобасын «Karazhal Operаting» ЖШС жүйелі жүзеге асыруда.

Экономика дамуындағы оң өзгеріс әлеуметтік салада қолайлы ахуал қалыптастыруға, халықты жұмыспен қамту жағын жақсартуға жол ашты. Бір мыңнан астам адам «екі қолға – бір күрек» тауып, жұмыссыздар қатары бұрнағы жылғыдан 35,3% кеміді. Жұмыссыздық жүйелі түрде жойылып келеді. Кедейшіліктің жолы кесілді.

Елбасының бастамасымен қолға алынған рухани жаңғыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп, оған кәсіпорын-мекеме ұжымдары мен кәсіпкерлер белсенділікпен қатысуда. Былтыр 1,6 миллиард теңгенің 31 жобасы жүзеге асырылды. Бұл – бұрнағы жылғыдан 33% артық.

Білім беру саласына баса назар аударылды. Өткен жылы оның бюджеті 1 млрд. теңгеден асып түсті. Соның арқасында материалдықтехникалық базасын одан әрі нығайту мәселесін орайлы шешудің сәті түсті: заманауи үлгідегі 22 кабинет, интерактивті тақта, музыкалық аппаратура кешені, спорт құрал-жабдығы алынды, әр мектепке сүзгілі ауызсу қондырғысы орнатылды. Цифрландырумен білім беру саласының барлық нысаны қамтылды:

«Білім ал», «Электронды мектеп», «Электронды балабақша кезегі» ақпараттық-ағартушылық жобасы енгізілді.

Денсаулық сақтау саласында медицина мекемесінің материалдық-техникалық базасы жаңа жабдықпен толықты, жөндеу жүргізілді, кадр мәселесі орайлы шешімін тауып келеді, әсіресе, дәрігер тапшылығы азайды. Спортты дамыту үшін денешынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының жобалықсметалық құжаты жасалды. Биыл «Кенші» стадионын қайта құрудың сондай құжаты әзірленеді.

«Жәйрем-Қаражал» топтық су таратқышы мен Жәйрем кентіндегі су құбыры жүйесін қайта құрудың аяқталуы өткен жылғы елеулі оқиға болды. Өйткені, ол көптен бері күн тәртібінен түспей келе жатқан аймақ жұртшылығын ырғақты әрі сапалы сумен жабдықтау мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік тудырды. Сонымен қатар, былтыр қала төңірегіндегі басқа елді мекенді сапалы сумен жабдықтау мәселесі де қолға алынып, үш жоба жасалды.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында Қаражал қаласы мен Жәйрем кентіндегі автокөлік жолы желісін жақсарту бағытында біраз жұмыс жүргізілді. Ел аузында «өмір жолы» атанып кеткен 61 шақырымдық «Қаражал-Атасу» жолын асфальттау басталды, биыл бітеді.

Соңғы кезде аймақта тұрғын үй құрылысына бетбұрыс тұңғыш рет былтыр байқалды. Облыстық бюджет қаражаты есебінен қала ортасында қаңырап тұрған тұрғын үйлерді қалпына келтіруге кірісті. Сондай-ақ, биыл республикалық бюджет қаржысына өте маңызды жоба – Қаражалдағы кәріз жүйесін қайта құру басталатынын айта кеткен артық емес.

Кездесуге қатысқандар қала әкімінің өткен жылғы қызметіне қанағаттанарлық баға берді. Шешілуі қаланың одан әрі дамуына ықпал ететін бірқатар мәселеге қатысты сауалдар қойып, жауаптар алды.

Әлібек ӘБДІРАШ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button