Бас тақырып

Қазыналы Қарағанды: әлеумет – әлеуетті, экономика – екпінді

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қыз­метінің ақпараттық алаңындағы баспасөз мәслихатында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысына тоқталып, журналистер сауалдарына жауап қатты. Сандаған сұрақ пен сауал тоғысқан республика мінберінде нақтыларлық жайттар мен жауабын күтіп тұрған түйткілдер тілші қауымын бейжай қалдырмады. Уақыттың кемдігі демесеңіз, таразы басы тең тартқан тұстар жетерлік еді. «Алғы ақпарат», «Сауал-жауап» форматы алма-кезек ауысқан келелі шарада не қаузалды? Көз жүгіртелік…

Өнеркәсіп өрісінде өсім аңғарылады

– Биыл бес жоба іске қосылды. 380-нен астам адам жұмысқа орналастырылды. Жыл соңына дейін тағы алты жаңа өндіріс ашылады, олардың ішінде тұрмыс­тық техника мен автомобиль шиналарын шығаратын зауыттар да бар. 1900-ден астам қарағандылық жұмыспен қамтамасыз етіледі, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Нақтылай келгенде, өндірісті өңірде бір жарым трлн. теңгеге 56 инвестиция­лық жоба іске асырылуда. Бұл дегеніміз – 13 мыңнан астам су жаңа жұмыс орны.
Өңірде Saran индустриялық аймағының дамуы сәтті жалғасуда. Мұнда инфрақұрылым жұмыстары аяқталуға жақын. «Сарыарқа» және Saran аймақтарының аумақтарында болашақ инвесторлар үшін 400 гектарға жуық бос алаң бар.

Осы жылдың 10 айында облыс өнеркәсібінің көлемі 2,8 трлн. теңгені құрады. Үшінші жыл қатарынан өңірді дамытуға жеке инвесторлардың инвестициялары ұдайы ұлғаю үстінде. Аталған кезең ішінде облысқа шамамен 641 млрд. теңге инвестиция тартылса, оның 86%-ы жеке инвестициялар санатынан.

Ермағанбет Қабдулаұлы өсімі жоғары салалар легін де назарынан тыс қалдырмады. Атап өтер болсақ, машина жасау, жеңіл және қағаз өнеркәсібі, фармацевтика, қара металлургия өндіріс өрісінің көш басында.

 

Ауқатты ауыл – өркенді өңір

Агроөнеркәсіп – Қазақстан экономикасындағы негізгі саланың бірінен. Қарағанды облысының бұл кешенінде ауыз толтырып айтарлық 10 миллиард теңгеге инвестициялық жобалар іске асуда. Дерек пен дәйек көңіл көншітерлік.

Агроөнеркәсіптік кешен аясында 24 жоба табысты аяқталып, 10 млрд. теңгеге 28 инвестициялық жоба бастау алды. 193-ке тарта жаңа жұмыс орны құрылмақ. Бүгінгі таңда өңірде егіс алқабының 97%-ы орылды.

– Қолайсыз ауа райы егін орағы мен астық сапасына кері әсер ете қоймады. Есептеп көрсек, қазірше 651 мың тонна астық, 254 мың тонна картоп әрі 32,3 мың тонна көкөніс жиналды, – деді Қарағанды облысының басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.

Сондай-ақ, ол облыста мал басы көбейгенін атап өтті. Өткен жыл деңгейінде ет өндірісінің көлемін салыстырғанда биыл сүт 1,8%-ға, жұмыртқа 8%-ға көбірек өндірілген.

Кәсіпкерлік: ел рейтингінде – екінші орын

Арқа алабы кәсіпкер үшін едәуір тартымды реңк алған. Аймақ бизнесі байыр­қа тауып, кәнігі кәсіпкер кәсібін оңтайлы жүргізу санаты тұрғысында ел рейтингінде екінші орынды еншісіне байлады. Іскерлік белсенділік өскен.

– Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 12,2%-ға өсті. Бұл – 100 мыңнан астам жаңа салық төлеушілер. Яғни, белсенді халықтың жарымы десек жарасады. Демек, облыстың әрбір екінші тұрғыны шағын және орта бизнестің екі тізгін, бір шылбырын тізгіндеген. Ал, шағын және орта бизнес өнімін шығару 1,2 трлн. теңгеге жетті, – деді өңір басшысы.

Облыс республикада бірінші болып, бөлшек салық мөлшерлемесін екі есе төмендетті. Мұның арқасында өзгеріс енгізілген сәттен бастап, салық төлеуші саны алты есе өсіп шыға келген. 900-ден астам кәсіпкер бизнесті қолдаудың тың мүмкіндігін қолдану мәртебесін иеленді.

Ірі компанияларға қызмет көрсетуге 800-ден астам ірілі-ұсақты бизнес кәсіпорындары жұмылдырылыпты. Бұл қосымша жұмыс орны деп бағамдарлық. Сәйкесінше, алты мыңнан астам тұрғын жұмысқа орналастырылды.

Өңірде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар легі табыс арттыруға айтқысыз сеп. Мысалы, жастардың әртүрлі бизнес-идеяларын іске асыру үшін жылдық 2,5% мөлшерлемемен несиені айтпағанда, 365 кәсіпкерге арналған грант мақұлданған. Ұлттық жоба негізінде 212 грант иесін тапты. «Ауыл Аманаты» жобасы бойынша 396 бизнес-жоспар бекітіліп, жыл аяғына қарай барлық бағдарлама бойынша бизнесті қолдау жобалар портфелін 5,5 мыңға дейін жеткізу көзделді.

Ұлттық деңгейдегі жоба, бағдарлама және жеке бастамалар есебінен 43 мың үр жаңа жұмыс орны ашылып, 11 мыңнан астам жас жұмысқа орналастырылды. Уақытылы қабылданған шаралар ауқымы өңірдегі жұмыссыздық деңгейін 4,1%-ға дейін төмендетуге игі ықпал етті. Өзге өңірлер арасында бұл дерек ең төменгі көрсеткіш есебінде тіркелді.

 

Құрылыста кідіріс жоқ

Қарағанды облысының моноқалалары мен ауылдарында тұрғын үй, мектеп пен заманауи қалыптағы медициналық нысандар бой көтеруде. Нақтылап өтер болсақ, 2025 жылға дейін Қарағанды облысында қосымша 22 мектеп салынып, оның 18-і «Жайлы мектеп» бағдарламасы шеңберінде жүзеге аспақшы. Бұл орайда 10 жайлы мектептің құрылысы басталып та кеткен. Бұған Қарағандыда тағы бір заманауи оқушылар сарайын қосып қойыңыз.

Жыл соңына дейінгі мерзім ішінде 400 мың шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа тапсыру межеленіп отыр, есесіне кезекте тұрғандар саны 700 адамға қысқаруы ләзім.

– Біз тек облыс орталығында ғана емес, моноқала мен ауданда да үй саламыз. Өңірде барлығы 392,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген болса, жыл соңына таман осы көрсеткішті 400 мың шаршы метрге жеткізбек ниет бар, – деп хабарлады облыс әкімі.

Тұрғын үймен қамтамасыз ету – өңірдегі басым міндеттердің бірі. «Жас отбасыларға арналған ипотека» бағдарламасын 97 отбасы пайдаланды. Осы орайда 153 несие ресімдеу жоспары тұр. Еске салып өтелік, кенші мен металлург үшін жеңілдетілген ипотеканың өңірлік бағдарламасы жұмыс істейді. Дәл осы тарапта екі млрд. теңгеге 121 ипотекалық несие берілді.

Денсаулық сақтау нысандарын салуға және ауылдық аудандар мен моноқалаларға дәрігерлерді тартуға да жете көңіл бөлінуде. Ауылдарда 92 денсаулық сақтау нысаны салынып, оның 14-і осы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Балқаш пен Теміртауда орталық ауданаралық ауруханалар ашылады.

Ауылдық жерлерге дәрігерлерді тарту үшін қосымша қаржылық қолдау көрсетіліп, әрбір медицина қызметкеріне бес млн. теңгеге дейін қаражат берілді. 69 маманымыз шетелде оқудан өтті.


Жылу жүйесінің жүгі жеңілдеді

Қарағанды облысының жылыту маусымына даярлығы тастүйін. Қазіргі уақытта өңірдегі бар энергия көздерінің штаттық режимдегі жұмысы қалыпты. Жылу желілерін салып, реконструкциялау бойынша 17 инфрақұрылым жобасы жалғасын тапты. Брифинг барысында аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев тұрақты жылумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс турасында ақпарат бөлісті.

Мәселен, Қарағандыда ұзындығы 21,5 шақырым жылу желісін жөндеу әрі жаңғырту амалдары аяқталды. Есесіне 70-ке жуық тұрғын үй мен 13 әлеуметтік нысанды жылумен жабдықтау сапасын жақсартуға мүмкіндік туған.

– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лығындағы осы оңтайлы істер арқылы Қарағандының жаңа аудандарында жылу тапшылығы мәселесін түбегейлі шешу үшін үшінші жылу құбырын салып жатыр­мыз, – деп атап өтті Ермағанбет Қабдулаұлы.

Ал, металлургтер қаласы Теміртауда 28 шақырымға жуық жылу желілері жөнделді. Осының арқасында 500-ге жуық тұрғын үй мен 50 әлеуметтік нысан тұрақты жылумен қамтамасыз етіледі.

Бұған дейін Шахтинск жылу электр орталығында бірқатар түйткілдер туындағаны мәлім еді. Бажайлап келіп, негізгі, қосалқы жабдықтар, үш қазандық және екі турбина жөнделді. Жылу көзі штаттық режимдегі бірқалыпты жұмыс қарқынына көшті.

Аймақты газдандыру да табысты жалғасуда. Газ тарату желілері бес жарым мың жеке үйге жеткізілген. Қарағанды мен Теміртаудағы үшінші іске қосу кешені бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл орайда қос қала тұрғындары арасындағы әлеуметтік осал топтарының баспанасын газға қосу үшін бір реттік төлем бөлінді. Жалпы сомасы – 86 млн. теңге. Бұл игі шараға 225 отбасы қол жеткізді. Жеке сектор тұрғындарын газға қосуға арналған пайызсыз қарыздың арнайы бағдарламасының пайдасын жергілікті жұрт жылы қабылдады.

 

Автопарк ахуалы алаңдатпайды

Кенішті Қарағандыда қоғамдық көлікті жаңарту үдерісі үдемесе кемімеді. Көлік инфрақұрылымын талапқа сай етіп, жақсарту үшін алдымен автопарктерді жаңарту жұмысы қағаберіс қалмады. Мысалы, жыл соңына дейін 195 автобус сатып алу межеленсе, оның 187-сі күні бұрын жеткізілді. Нәтижесінде Қарағанды маңына қызмет көрсететін автобустардың 50%-ы жаңартылады, деп атап өтті облыс басшысы. Сондай-ақ, биыл 1354 шақырым автожол жөнделді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 22 ауылдық елді мекенде жол жөндеу жұмыстары сәтті аяқталды.

 

Сан сауалға – жүйелі жауап

Аймақ басшысы Ермағанбет Қабдулаұлының баяндамасынан соң кезек сұрақ-жауапқа көшті. Бірнеше БАҚ өкілі Қарағанды өңіріне қатысты түйткілді мәселелер жөнінде сарабдал сауал легін жолдады. Мәселен, Теміртаудағы жылу мәселесі көлденең тасталды ақпарат алаңына. Өз кезегінде аймақ басшысы мүдірмей салқынқанды қалыбымен құрыш қалада жылу құбырын ауыстыру жөнінде қыруар жұмыстар атқарылып жатқанын және атап өтті. Жарасы терең, жазары көп жол мәселесіне қатысты өткір сұрақтар да жолданды спикерге. Балқаштағы қалаішілік жолдардың сапасыздығы сөзге тиек болды. Әкім турис­тер қаласында су мен жылу құбырлары бірдей ауыстырылып жатқанын, екі-үш жылда жұмыс аяқталып, көшелер асфальтталатынын айтып сенімді уәж келтірді. Онымен қоса, Ақтоғай мен Ақсу-­Аюлы арасындағы жолдың да келер жылы 40 шақырымына жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деді. Қарағанды облысындағы электр желілерінің 60 пайызы тозғанын, дегенмен, бұл саладағы жұмыстар да тағдыршешті шешімін тауып жатқанын атап өтті. Алдағы уақытта екінші электр станциясын салу жоспарда барын жеткізді.

Түйін

Бір сағатқа созылған баспасөз мәслихаты жедел ақпараттың сенімді көзіне айналған Орталық коммуникациялар қыз­метінің алаңында алқа-қотан жиылған журналистердің мерген көзінен демде сырғып өте шықты. Сүйек сырқыратар сауалдар соны ойларға жетеледі. Жанды жауаптар да жағдайдың әупірім хәлден әсте ада екендігіне меңзегендей. Сан да сөйледі. Дәлелді дәйек те, дерек те дегбірді алмады. Келелі ой орнын тапты. Жоқ-жітік түгенделді. Өңірбасы өндірісті өлкенің күнбе-күнгі райынан ақпар ақтарды. Жауап бертіндегі әлдебір әкім-қаралардың жылы жауып саларлық сипатынан алыс. Киіп кеткен көлденең жайттар да кезігіп жатты. Оны сақ етер салмақты жауап басты. Аңдағанымыз, атамекеніміздің қақ төріндегі дәулетті бір пұшпағының ертеңгі күні қол бұлғап, алыстан шақырып тұрған рәуішті. Күдік кем. Үміт үзілмес­тей.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button