Бас тақырып

Азиялық интеграцияның алғышарты

Халықаралық қоғамдастықтың назары – Қазақстанда. Астанада өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті осының айқын көрінісі. Кеңеске барлығы 12 мемлекеттің басшылары, 50-ге тарта делегат қатысты. Басты назарда – Азия елдерінің экономикалық ынтымақтастығы, өңірдің тұрақты дамуы, тең және бөлінбейтін қауіпсіздік жүйесі, сондай-ақ, гуманитарлық байланыстар. Жер шары халқының жартысына жуығы тұратын аумақтың 28 мемлекетін біріктіретін Кеңес қорытындысы бойынша АӨСШК-ні трансформациялау туралы шешім қабылданды.

Азиялық интеграцияның алғышартыПрезидент Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен саммитке қатысып отырған Мемлекет басшыларына ризашылығын білдіріп, Кеңесті құру туралы бастаманың көтерілгеніне 30 жыл толып отырғанын атап өтті. Осы кезеңде АӨСШК көпжақты ынтымақтастық платформасына және халықаралық заманауи дипломатия институтына айналды. Мемлекет басшысы ұйымға мүше мемлекеттердің қатарына кірген Кувейтті арнайы құттықтады. Содан соң Мемлекет басшысы әлемдегі геосаяси ахуалға ерекше назар аударды. 

Бүгін біз бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс пен әлемдік экономикадағы күшейе түскен дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Бұл құбылыс қазірдің өзінде «жаһандық дисфункция» деп аталды. АӨСШК-тің бұған дейінгі 2019 жылы өткен саммитінен бері әлемдік қоғамдастық ауыр сынақтарды бастан өткерді. Оның салдары жаһандық дамуға әлі де әсер етіп отыр. Менің ойымша, біздің алдымызда тұрған ерекше маңызды міндет – туындаған зор қауіп-қатерлер жағдайында халықаралық қатынастардағы тұрақтылыққа қол жеткізу, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президент саммит барысында Азия адамзат өркениетінің дамуына зор үлес қосқанын айтады. Бүкіл адамзаттың қоғамдық, мәдени, технологиялық дамуының негізгі қозғаушы күші болып отырған да – осы аумақ. Тіпті, ХХІ ғасыр Азия ғасыры болады деген болжам да бар. Әлемге монополиялық билік жүргіземін деген батысты жайлап ысырып, номиналды жалпы ішкі өнім мен сатып алу мүмкіндігі бойынша әлемдік экономикалық көшбасшы ретінде мойындалды да. Қазақстан болса, аталған ұйымның төрағасы ретінде АӨСШК аясындағы үдерісті одан әрі ілгерілетуге бағытталған күш-жігерді арттыру міндетін өзіне алып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан өзінің төрағалығы кезінде АӨСШК-ні толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруғанегізделген бірқатар маңызды басымдықты іске асыруды көздеп отыр. Мәселен, 2022-2024 жылдары жаңа мерзімге төрағалық ету барысында Қазақстан коммуникация мен жүктерді жеткізудің әртараптандырылған бағыттарын пысықтау арқылы көлік транзитін әлеуетті жүзеге асыру барысында Кеңеске мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы мен қолдауына сенім артады.

Мемлекет басшысы экологиялық өлшем мәселесіне де ерекше назар аударып, конференция нәтижелері экология саласындағы ынтымақтастық мәселелер жөніндегі АӨСШК Кеңесін құруға негіз болатынына да тоқталды.

Одан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігі, адами өлшем, адами ресурстарды қорғау және дамыту мәселелерін де назардан тыс қалдырған жоқ.

Саммитке қатысқан РФ Президенті Владимир Путин әлемдік нарықтарға азық-түлік жеткізу тізбегін қалпына келтіруге кері ықпалын тигізетін жасанды кедергілерді жоюға шақырды. Бұл ретте «Ресей өз тарапынан оған мұқтаж елдерді өніммен қамтамасыз ету үшін барынша күш салуда» – дейді ол.

Ал, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған әлемдегі жаңа қауіпсіздік жүйесіне шақырды. Оның айтуынша, бейбітшілік – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшесімен шектеліп қалмайды. Яғни, жаһандық қауіпсіздік архитектурасы әділетті және тең құқықты жаңа түсінік негізінде қайта жасалуы керек.

Иран президенті Ибрахим Раиси экономикалық терроризммен күресу үшін бар күшін салатынын айтса, Беларусь президенті Александр Лукашенко күш-жігерді біріктіріп, қиындықтарға бірлесе қарсы тұратын уақыттың келгенін айтып, «Әлемде Азия мемлекеттерінің уақыты келді және оны жіберіп алмау керек» дейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ, АӨСШК саммиті аясында Пәкістанның Премьер-Министрі Шахбаз Шарифпен Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауда экономика және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Ал, Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесу барысында екі ел арасындағы тарихи және мәдени құндылықтарды ілгерілетуге бағытталған бірқатар бірлескен жобаның жүзеге асырылуын жоғары бағалады. 

Кеңес соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның АӨСШК-ні одан әрі дамытуға ниетті екенін тағы да нақтылады. Сондай-ақ, Кеңестің бірегей форматы мен географиясын ескере отырып, оның перспективалары мен болашағы зор екеніне сенім білдірді.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button