Рухани жаңғыру

Ажарлы Ақши

   Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қазақ елін көркейтіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді көздейтін «Туған жер» бағдарламасын ұсынған болатын. Осы мақала аясында туған жерге деген сүйіспеншілікті дәріптеу мақсатында Ақтоғай ауданы, Ақши ауылында «Туған жерге сағыныш» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Әдеби-сазды кешті Қаздауысты Қазыбек бидің «Алтын – ұяң, Отан қымбат, туып өскен елің қымбат, кіндік кесіп, кір жуған жерің қымбат» деген сөзімен Ақши орта мектебінің түлегі,  бүгінде Қарағанды қаласының №34 ЖББОМ-нің кітапханашысы Гүлжанат Жолдыбекова ашып жүргізді. Ауыл әкімі Мейірбек Мәкенбаев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының мән-мағынасына тоқтала келе, «Туған жер» бағдарламасының маңызын кеңінен ашып, осындай іс-шаралардың туған жерге деген құрметпен бірге, болашақ ұрпаққа берері мол екенін айтты. Ауыл азаматтарын осындай іс-шараларды өткізуге шақырды.

Қонақжай ауыл тұрғындары өнер­паздарды құшақ жайып қарсы алды.

Шара барысында Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырза-Әлі, Серік Ақсұңқарұлы сияқты ақын-жазушылардың туған жер туралы отты жырлары оқылды. Әсерлі әндерді әуелеткен Дидар Мұқажанованың шәкірттері қатарында халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардың лауреаттары – Ақниет Қазимова мен Айгерім Нұржанова, Жансая Абайқызы мен Жанбота, Нұрдаулет Абайұлдары, Ернияз Ғалысейіт, Ақнұр Нұржанова сияқты жас өнерпаздар бар.

Халық өнерлі бүлдіршінде­рі­міздің болашақта жұлдызы жанып, үлкен өнер иесі болады деген се­німде.

Сондай-ақ, шара барысында Ақтоғай өңірінен шыққан атақты әнші-күйшілер мен қоғам қайраткерлері, киелі өлкенің тарихы туралы мәліметтер берілді. Слаидтық көрсетілімдер  кештің мазмұнын ашып, толықтыра түсті.

Шарапаты мол кеш «Өркен» тобының орындауында «Елім – нұрлы Қазақстан» әнімен аяқталды. Ауыл қариялары кеште өнер көрсеткен өнерпаздарға батасын беріп, үлкен ризашылықпен алғыс айтты. Туған жер, атамекенге деген сүйіспеншілік – әр азаматтың перзенттік парызы екенін ұмытпаған дұрыс деп тарқасты.

Зауре МЕҢДІБАЕВА,

№34 ЖББОМ қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі.

ҚАРАҒАНДЫ  қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button