Ресми

Ажар Ғиният Қарағанды облысындағы ауылдық денсаулық сақтау объектілерін аралады

Бүгін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағанды облысына жұмыс сапары шеңберінде Шет ауданының Қызылқой кентіндегі медициналық пунктке барды.

Мұнда 1970 жылы тозығы жеткен типтік емес құрылыс орнында ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту бағдарламасы шеңберінде биыл жаңа медициналық нысан ғимаратының құрылысы басталады.
Ведомство басшысы жаңа ғимараттың құрылысын бастау мерзіміне, жабдықтармен жабдықтау мәселелеріне қызығушылық танытты. Медицина персоналымен әңгімелесу барысында ол медициналық көмек тізбесін кеңейту, халықты профилактикалық қарап-тексерулермен қамту, нысаналы топтардың скринингтерін уақтылы жүргізу бөлігінде жұмысты күшейту мәселелерін көтерді.

Ажар Ғинияттың келесі баратын нысаны Төменгі Қайрақты кентіндегі фельдшерлік-акушерлік пункт болды, оны ауылдық денсаулық сақтауды жаңғыртудың қабылданған бағдарламасына сәйкес жаңарту жоспарлануда. Мұнда 1960 жылдан бері тұрған бір қабатты типтік емес үй-жайдың орнына жаңа ФАП ғимараты салынады.

Ведомство басшысы кент тұрғындарымен әңгімелесу барысында медициналық көмек көрсетудегі проблемалық мәселелер туралы сұрады, атап айтқанда, профилактикалық қарап- тексерулер жүргізудің нәтижесіне және қандай аурулар анықталғанына, осы адамдарға бұдан әрі қандай көмек көрсетілгеніне қызығушылық танытты.

Бұдан әрі министр хирургия, травматология, терапия, педиатрия, перзентхана және күндізгі стационарды қоса алғанда, тәулік бойы болатын 31 төсекке есептелген Шет ауданының Ақсу-Аюлы кентіндегі аудандық орталық ауруханасының жұмысымен танысты. Мұнда 22 дәрігер және 65 орта буын медицина қызметкерлері жұмыс істейді.

Аудандық аурухананың дәрігерлерімен әңгімелесу барысында Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы жас мамандарды тарту, жергілікті атқарушы органдар тарапынан әлеуметтік қолдау шараларын күшейту мәселесін көтерді.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Back to top button