Ажалдан құтқарып қалды

Приозерск қалалық полиция бөлімінің қызметшісі, Нұрболат ЕРЖАНОВ 51 жастағы әйелді ажалдан құтқарып қалды.

Халық әдеттен тыс көп шоғырланған үйге бірден бағыт алған тәртіп сақшысы бесінші қабаттағы пәтердің балконынан құлағалы тұрған әйелді көрген бетте құтқару әрекетіне кіріседі.

– Жедел бесінші қабатқа көтеріліп, пәтердің есігін қақтым, ешкім жауап бермеді. Төртінші қабаттағы пәтердің балконы арқылы бесінші қабатқа көтерілуге тура келді. Содан әлгі кісіні өз балконына тартып шығардым, – дейді қысылтаяң шақта ұтқыр әрекет ете білген полиция қызметкері.

 Оқыс оқиға куәгері, қала тұрғыны Елена Светлова полиция қызметкерінің батыл қимылына тәнті болғанын айтады. Адам өмірін ажал аранынан алып қалған Нұрболаттың ерлігін өзі қызмет ететін ұжымы да жоғары бағалап отыр.

– Нұрболат Ержанов ішкі істер саласында 2017 жылдан бері қызмет істейді. Өзі осыдан екі ай бұрын ғана сәбилі болды. Тәртіп сақшысы атануды бала кезінен армандаған екен. Өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын азамат. Қайғылы жағдайдың алдын алу кезіндегі ерік-жігерінің мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді, – деп атап өтті Приозерск қалалық полиция бөлімінің бастығы Болат Рысбеков.

Нұрдос КӘРІМ