«Ғажайып «Жетілік» немесе хабтан соң «Қап!» демес үшін
Бұрын Қарағанды десе, көз алдымызға көмір келетін. Бүгін «Ариста», «Вок», «Алтын сарай», «Ақ сарай» секілді тойхана. Ол аз дегендей, «Цум», «Таир», «Абсолют» дейтіндері бар қасында. Мына баста – басты атрибут жоқ. Қарағандының атрибуты заманның тынышында не еді? Көмір-тін. Осы күні көмір жоқ емес. Бар. Ойдан шығып қалған. Қашан, қалай? Оны да ұғынатын халде емеспіз. «Бір ұртымыз – май, бір ұртымыз …» (Абай). Бірақ, шахталар азайды деп, шахтерлер көмір қазбай жатқан жоқ. Өндірістері кеміді деп, Қарағанды тонын отқа жақпады. Әсілі, Қарағандының шикізаттан шекесі шылқ-шылқ етеді. Аумағының кеңдігі сондай. Беларусь, Литва, Эстония, Латвия сыйып кетеді екен.
Бірақ, шындық «мән – өлшемде емес. Іс қылуда» дейді. Кен орындары – инвестиция құйғанның қолында. Инвесторда ешкімнің шаруасы да, шатағы да болмауы тиіс. Нарық талабы солай. Сондықтан, «Қарағандының территориясында марганец қорының 100%-ы, мыстың 36%-ы, вольфрамның 80%-ы, молибденнің 64%-ы, қорғасынның 54%-ы, көмірдің 40%-ы шоғырланған» деп мақтану ғана бұйырған маңдайға. Содан, елдің де, біздің де ермек қылатынымыз – ауыл шаруашылығы. Жүндесе де жұмған аузын ашпайды. Түйгіштесе де тырп етпейтін, үндемейтін «үндемес». Сабап, сыбап алып, қайта бауырыңызға тартсаңыз, алданып қалады. Елпеңдеп, елжіреп ала жөнеледі. Кек сақтамайды. Икемге де, илеуге де көнетін бір жүрген «жұмсақ», байғұс сала…
«Ашық сабақтан» не баға алдық?
ХХІ ғасырда мұнай циклының аяқталуы шикізаттың экономикамен «қанды көйлек жолдас», шын дос емес екенін көрсетті. Шикізатқа тәуелділік әлем бір төңкерілгенде көк тиынға татымайтынын сезіндірді. Алпауыт елдер пұлдануынан не нәрсе күлге айналатынын айтып қалды. Кемені толқын шайқаса, қайықтың жағаға шығып қайраңдағанын да көрдік. Тарихқа бойламай-ақ, мына індет шарпыған соңғы бір жылдағы «ашық сабақтардан» алған баға – бұл.
Кім қазынаға түскен-кеткенді таразысына тартып, келілеп өлшеп отыр дейсіз. Қайдан білейік, дүние жүзін шарлаған коронадағдарыс Қазақстанға айтарлықтай әсер ете қоймады дейді статистика. Соған қарағанда, дағдарыс та тым дамығандарды таңдайтын секілді. Әйтпесе, бізді қылғытып қояр ма еді?!.
Бұл кезең жер шарына бір жайтты ашық аңғартты. Ол – әр ел өз ішер ас-суын шығаруы керектігі. Олай етпесе, ауыр күнде су-суансыз қалады. Яғни, стратегиялық маңызы зор тамақ өнеркәсібінің өзектілігі сонда сопаң етіп, сыйдиып елдің алдынан тағы шыққан. Мәселенің төркіні сол баяғы соры қалың, сор маңдай – ауыл шаруашылығында.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады» деді. Демек, алдағы уақытта бұл жетілік «пайда болады». Патша айтса, бекер емес. Ал…
Президенттің ойындағы «жетілік» не?
Ашық айтылмады. Алайда, аумағы 420 мың шаршы шақырымды алатын алып облыс – Қарағанды сол «жетеудің» арасында екеніне бәс тігіп керек емес. Түйсігімізден сондай хабар түсіп тұр. Себебі, бұған дейін де астананың азық-түлік белдеуінде еді. Бас қаланың тоқтығына жауаптының біреуі-тін.
Бұл белдеуге облыстың 4 ауданы мен 4 қаласы кіретіні мәлім. Олар – Абай, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров, Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск. «2020 жылы елордаға 121,0 мың тонна өнім жеткізілді, 2021 жылы 123,0 мың тоннадан астам азық-түлік жеткізіледі» дейді басқарма. Сондықтан да, «Жетіліктің» жуан ортасында – Қарағандының ойып орын алуы әбден кәдік…
Экожүйе дегенде, алдымен оның биологиядағы анықтамасы санада жарқ ете қалады. Ол қалай еді? Википедия дейтін «данышпан» бүйдейді:
«Экожүйе – тірі ағзалар жиынтығының қоректену, өсу және ұрпақ беру мақсатында, белгілі бір тіршілік ету кеңістігін бірлесе пайдалануының тарихи қалыптасқан жүйесі». Мемлекет басшысының «экожүйесі» азық-түлік өндірудегі айналым экожүйесі. Былайша айтқанда, бірін-бірі бұл «жетілік» тамақ өнеркәсібінде толықтыруды көздейді. Сол арқылы өңірлердің тарыдай шашылған шаруашылықтарын біріктіруді мақсат тұтады деген үміт сығалайды.
Осы арада Қарағанды аграрларының «талша мойны қылша» тіршілігіндегі түр-әлпетіне үңілсек…
Көнбіс сала неге көтерем?
Бұған дейін жария етілген ауыл шаруашылығы басқармасының есеп-қисабы көнбіс саланың неге көтеремдігінен хабар береді.
Мәселен, былтыр 151,1 мың тонна ет, 503 мың тонна сүт өндіріпті. Былай қарағанда, жаман көрсеткіш емес. Етті алайық. Бұған дейін жалпыға жария етілген деректерге сүйенсек, бір адам орташа есеппен жылына 75 келі ет жеуі тиіс көрінеді.
Облыста 1 млн. 400 мың тұрғын бар десек, жоғарыда бір жылда өндірген етімізден кімге қанша тиесілігін есептеу қиын емес. Әрқайсымызға 107 келіден шығады екен. Демек, етті нормадан асыра жейміз. Етсіз емеспіз. Аш қалған жоқпыз. Сонда мұнша ет қайдан шықты? Жеке шаруашылықтардан. Былайша айтқанда, жекелеген адамдардан. Алайда, олар есепте жоқ. Үкіметтен де, не өзгеден қайыр күтпейді. Өзіне ғана сенеді. Сөйте тұра, халықты аш қалдырмайды. Олардың өрісі кеңеюі үшін қайтпек керек? Мал шаруашылығының көтеремдігінің бір кілтипаны – осында.
Рас, вертикальды кооперация құрылуда. Бірақ, баяу. Алғашында қарқыны күшті-тін. Кейін саябырлады. Қыбыр-жыбырдан аса алмай қалды. Енді осы арада «өңірлік азық-түлік хабтарын құру» мәселесі туындады. Мұны да Президент атаған-тын. Әр нәрсені бір сынап көретін, эксперимент алаңына айналған аграрлық сала енді кооперацияны жиып қояды. Хаб құрудан қолдары тимейді. Табаны жер баспай, ат үстінде жүріп басқаруға үйренген атқарушы билік жердің сызын сезіп-білместен хаб жасауды бастап кетеді. Қарап отырайық. Ол хабты аграрлық пабтан сақтасын.
Орталық хаб омарта секілді
Хаб (ағылш. hub – түйін нүкте, орталық) – жалпы мағынасында, қандай да бір желінің торабы, түйіні.(Ал, паб – көпшілік жиналып, көңіл көтеретін орын). Міне, осы хаб деген – әр ауданның өзінен шығуы тиіс секілді. Ол бір облысқа біреу аздық ететіндей көрінеді бізге. Облыста орталық хаб омартаны елестетеді. Ондай омартаның өзінің патшайымы, я патшасы тағы бар. Басқа аралар жұмыс істесе, олар тек бал жеп жата беретін. Сондықтан, осы арада, хаб құрарда аудандардың шаруашылық ерекшелігі ескерілуі тиіс, біздіңше. Әрқайсына жеке дара хаб қажет. Содан соң барып, ол хаб облыстық хабқа «бал» «таси» берсін. Хаб туралы айтылғаны кеше. Бүгін сөз қозғадық. Ертең кеш қалмас үшін… Хабтан соң «Қап!» демес үшін…
Біздікі – «іште пікір өлгенше»…
Қызғалдақ АЙТЖАН.