Тарих

ҚАЗДАУЫСТЫ ҚАЗЫБЕК БАБАМЫЗДЫҢ СҮЙЕГІ ҚАЙДА?

    «Туған жылы белгісіз. Өлген жылы белгісіз. Жатқан жылы белгісіз…»

Бұлай деп аса бір өкінішпен қазақтың біртуар ұлы Әбіш Кекілбай айтқан. Алшын Әйтеке би Бәйбекұлына қаратып. Бүгінде нақты болмаса да аруақты Әйтеке бабамыздың туған және қайтқан жылдары белгілі. Жатқан жері де табылды. Сол-ақ екен басталды. Бабаға деген ұрпақтың құрметі. Арнайы қор құрылды. Шардара қаласында ескерткіш мүсіні ашылды. Нұратада Әйтеке баба кешені бой көтерді. Бүгінде Қазалы қаласында бабаның соқталы ескерткішін ашу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Алматыда, Ақтауда, Ақтөбеде атаулы көшелері бар.

Әйтеке биді айтқанда көз алдыңда міндетті түрде қазақтың тағы екі тұлғасы тұрады. Бірі – Үйсін Төле би болса, екіншісі – Қаздауысты Қазыбек. Төле бидің басының Тәшкенде жатқаны белгілі. Ол жерді бүгінде Қарлығаш би басы деп жүр. Ол бабамыз да қазақ даласында ұлықтаудан кенде емес. Жақында ғана Қарағанды қаласында бабамыздың 350 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция де өтті.

Шүкіршілік, Қаздауысты Қазыбек бабамыздың туған жылы да, қайтқан жылы да белгілі. Күні кешеге дейін жатқан жерін де білуші едік. Қасиетті Түркістанда, Әзірет Әлі кешенінде жатыр деп келдік.

Бабамыздың сөреленген сүйегін қасиетті мекенге баласы Бекболат бидің апарғаны белгілі. Басында құлпытасы да болушы еді…

Осының барлығын неге өткен шақпен айтып отырмыз?

Еліміздің тәуелсіздік алған алғашқы жылдарында бодандық синдромынан құтылуға асықтық. Қазақ баласы қашандағыдай адастырмас рухын іздеген. Сол рухтың қасиетті мекені Әзірет Әлі кешені еді. Онда қазақтың ханы бар, қарашасы бар – талай марқасқалары жербесігін тапқан.

Елге ес берген рухтарымыздың тізбесі БАҚ беттерінде жарияланды. Өкініштісі – ол тізбе шолақ еді. Сол тізбеде бабамыздың есімі бар болатын. Құлпытасы да көрсетілген еді.

1995 жылы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қайта жарақтау жұмыстарының жүргізілгені белгілі. Оны түрік ағайындардың «Иншат» компаниясының жүргізгені есте болар. Сол ағайындар асығыстық танытты. Бөлінген қаржыны игеру мақсатымен есін енді ғана жинап жатқан елдің алды-артына қарауына мұрсат бермеді. Екі арадағы келісім- шартты көлденең тартып, өз дегендерін істеді. Соның салдарынан кесенеміз кешегі күніне де жете алмай қалды. Сорақысы – қазақ руханияты одан әрі қайыршылана түсті. Өйткені, күмбездегі араб қарпімен түсірілген жазулар майлы бояулардың астында қалып, ғайып болды. Майып болған нәзік сәулет өнерінің жәдігерлері жөнінде айтпай-ақ қоялық.

Аруақтар сүйегін жинау осы тұста басталады. Оны қабірден шығарудың еуропалық тәсілі қолданады. Бұл тәсіл бойынша үлкен қысыммен жер астына цемент жіберіліп, мүрделер шығарылып отырған.

Кесенеден шығарылған мүрделердің ұзын саны мыңнан асушы еді, – дейді сол кездегі Отырар мұражайының сектор меңгерушісі болып істеген Серік Ахмет.

Серік Ахмет бүгінде аталмыш мұражай директорының ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары болып істейді. Еліміздің әргі-бергі тарихына қатысты біршама еңбектің авторы. Бірқатар энциклопедия шығаруға қатысқан тарихшы-археолог.

Серік Зарапұлымен жақын танысудың мүмкіндігі кеншілер қаласында түсті. Осында Отырар мұражайының тұсаукесері өткен. Сонда біліктілігімен, кәсіби шеберлігімен елдің назарын өзіне аудартқан.

Арамыздағы әңгіме-дүкен желісі еріксіз қасиетті Түркістанға тіреле берген. Сол әңгімеде іш жиғызатындай желілер аз емес еді. Ендігі сөзді Серік Зарапұлының өзіне берейік:

Барлығы 1995 жылы Абылайханның сүйегін зерттеуден басталған. Мен бұл жұмысқа қатардағы жұмысшы болып тартылдым. Ол тұста сектор меңгерушісі едім. Біз барып іспен танысайық. Рабиға Сұлтан Бегім кесенесінде жүзден астам арнайы жәшікке адам сүйектері жиналыпты. Оның көбісінің сүйектері сынып, жарылған екен. Бірден айтайық, бұл жұмысқа көмек қолын берген Қожа Ахмет Яссауи мұражайы мен Қазақ-Түрік университеті еді. Мұражай қызметкерлері өздері білетін сүйектерді қолмен қазып алған да, қайта жерлеген. Қалған мәйіттерді түріктер қысыммен жер үстіне шығарған. Абылайхан сүйегін арнайы шығарып алғаннан кейін, оған арнайы зерттеу жүргіздік. Оған өзімізден, шетелдерден көптеген белгілі ғалымдар қатысты. Ішіміз қан жылап жүріп қалған сүйекке иелік етуге қамдандық. Біреуді біреу керек қылмаған заман ғой. Үкімет те қол ұшын бере алмады. Үш жүзден астам асыл бабаларымның сүйегін мен өзімнің қолымнан өткердім. Өткергенде арулап, тазалап, арнайы жәшіктерге орналастырдым. Қазақшалап айтқанда екінші мәрте мейрамсуларын ішкіздім. Хан Абылайдың жайы белгілі ғой. Қайта жерледік. Төрткүл дүниеге сөйтіп елдігімізді бір паш еттік. Қалған сүйек сол жәшіктерде қалған болатын. Жақсы күн туғанда бір жайлы етерміз дегенбіз. Екі жылдан кейін ол сүйектерді жіліктеп (классификациялап) қайта жерледі. Өкініштісі, оларды арнайы, жеке-жеке емес, бір жерге көме салды…

Осы жерге келгенде менің де қолқам үзіліп түскендей болды. Бұл да бір қазақ руханиятындағы ақтаңдақ екен-ау деп мен тұрмын. Менің көкейімдегі сауалды Серік Зарапұлы да айтқызбай-ақ тап басып тұрды. Тілінің күрмелетін себебі де жеткілікті…

Қаздауысты Қазыбек бабамыздың сүйегі белгілі болатын. Ондай белгілі сүйектер орыны бірнешеу еді. Алайда, қазу барысында күтпеген жағдайға тап болдық. Атап айтқанда, әлгіндей қабірден бір мәйіттің орнына төрт-бестен мәйіт шығып отырды. Осыдан кейін Қаздауысты Қазыбек бабамыздың сүйегін дөптеп көр. Қайталап айтам, сүйек бар, алайда, бәрі араласып кеткен болатын. Солайынша мынау Қаздауысты Қазыбектікі деп сеніммен айту мүмкін болмай қалды…

Серік бауырым үшін енді өзім қиналайын. Өзін кінәлі сезінеді. Баба ұрпағының алдында. Тарих алдында. Өзін де, өзгелерді де ақтап алатындай олар қандай да бір қылмысқа барған жоқ. Алайда, олар сол кездегі жағдайдың құрбаны еді-ау. Енді мен ышқынайын…

Қаздауысты Қазыбек бабамыздың сүйегін табудың қандай мүмкіндігі қалды?

Бәрін де қаражат шешеді. Үкімет тарапынан, басқадай үкіметтік емес ұйымдардан, болмаса жеке тұлғалардан қолдау, демеушілік жасаған жағдайда жұмысты қайтып жандандырып, бабамыздың сүйегін арулап қоюға әбден болады.

Мұрын ұшына келген жанымыз енді болмаса ұшқалы тұрған. Көңілімізді демдегенде жазған мақаламыз осы болды.

Қарағанды сапарынан қайтып бара жатып Серік Зарапұлы жақсы күндерде кездесейік деп игі тілегін білдірген. Сол жақсы күннің ауылы алыстамаса екен.

Сонымен жылына бір келетін биылғы жазғы демалысым келісімен бәрін жиып қойып Әзірет Әліге бір-ақ тартайын. Жанымда айтып отырған «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының директоры Ержан Есжан мен баяғы Серік Зарапұлы бауырымыз. Қасиетті бабалар басына барып, тәу етіп бір апта жүрдік. Қаздауысты Қазыбек бабамызға да арнап, дұға бағыштадық. Алайда, бабамыздың сүйегінің қайда екендігіне жауап таппай оралдық. Ержан Әуелханұлы айтады:

Жұмысымыз қауырт. Соған қарамастан қаржы табылып жатса Қазыбек бабамыздың сүйегін ДНК арқылы табуға атсалысуға дайынбыз. Тек бұл жұмысымызды әсіре дабырасыз атқарсақ деймін. Өйткені, мұндайда жөнді-жосықсыз аяққа оралушылар табылып жатады. Ондайлардың көмегінен «залал» шегіп жататын жағдайымыз болған.

Алда аруақты бабамыздың 350 жылдық мерейтойы келе жатыр. Жақсы болсын, жаман болсын қаламыздың төрінде ескерткіші тұр. Баба атында ауданымыз бар. Жоғы…

Жоқ, сүйегі бар. Соны дөптей алмай отырмыз.

Керегі – тура жұрағаты (тұқымы).

Керегі – Еуропаның он бес мың көкала қағазы.

Осының бізде екеуі де бар. Жоғы – құлығымыз.

Ұлықты ұлдарымыз баршылық.

Құлықты ұлдарымыз қайда?

Төрехан МАЙБАС

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button