Тұлға

Азаттық жаршысындай аспан ұлы

Алаш ақыл-ойының абызы Абай – қазақ ұлтының кемеңгері. ХХ ғасырдың соңында ұлы Абайдың әнін аспанда салған жалғыз қазақ – Тоқтар аға! Абай Алаштың алыбы болғанда, жерді қойып, оны аспанда шырқаған Тоқтар ӘУБӘКІРОВ алып болмағанда, басқа – кім? Бүгін – Халықаралық авиация және ғарышкерлер күні – Тоқаңның төл мерекесінде батыр жайында сөйлемей қаламыз ба?

Тоқаң дегенде, тіл ұшына бірден тұңғыш деген сөз оралады. Алаштағы алғашқы ғарышкер! Абай, Әуезов, Нұрсұлтан, Тоқтар – бұлар Алаштың тұла бойы тұңғыштары. Қазақтан кімді ұшырамыз дегенде, Елбасының таңдауы Тоқаңа түсіпті. Жер бетіндегі патшалар Алланың сүйген құлы болса, сол сүйікті құлыңыз Тоқаңды таңдапты. Арадағы сымсыз байланыс – тілсіз құдіреттің ісінде шек бар ма? Алаштың да қалауы сол боп тұр ғой.

Тоқтар аға ғарышқа ұшатынын тауда жүріп, естіген деседі. «Қыранның қырандығы тауда ғана» (Мұқағали) болса, басқа қайда жүріп естиді? Қыранның қасиетті тағы – тау мен аспан. Үйде отырып естіді десе, сенбес те едік. Алаш аттың жалында, түйенің қомында, қыраны тауда не көкте жүруі тиіс қой. Хан тақтан түскен, Алаш аттан түскен, тәуелсіздік таңы атпаған кез еді ол… Қазақ қыраны көкке самғап, Абайдың әнін – Алаштың зарын айтты. Жаратқанның жарылқамақ ымдауы осы болар. Бұғаудағы бодан елдің батырын аспандатып алып барып, азаттықтың туын желбіретті Алашына. Аллаға шүкір!

«Тұранды мақтамаймын

тіпті текке,

Онсыз да Тұран мәлім талай шетке» дегенде Мағжан сөзінің бір ұшын Ұлықбекке жалғайды. ХV ғасырда обсерватория ашқан ол аспан әлемін Тұран даласынан қызықтап қойған. Ол аспанды ақыл-ойымен жерден шолса, Тоқаң көкте аз тұрақтап қайтты. Жай қонып қайтпай, Алаштың Абайын апарыпты. Толқымаған қазақ жоқ шығар. Кейін аңызын естіп біз толқып жүрміз мұнда. Абай хәкімнің

«Көзімнің қарасы,

Көңілімнің санасы.

Бітпейді іштегі

Ғашықтық жарасы» дегені – дүниені тәрк еткен азат рухының Аллаға деген іңкәрлігі, махаббаты болса керек. Алланың алдындағы кең дүниенің бір аты – Азаттық! Ендеше, көк төсіне елдің аманатын арқалап барған Тоқтар аға да азаттық аңсаған Алаштың «көзінің қарасы, көңілінің санасы» тудырған қыран текті тұлға! Алла бізге тегін жібермеген!

Қыран ұлдың төл мерекесі құтты болсын!

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button