Білім

Азат Алтынбеков: «Төрт тілдің арқасында әлемнің төрт бұрышын аралап келгендеймін»

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі – саясатымыздың стратегиялық бағыты екенін айта келіп, «Бірнеше тіл білу – әр адамның мәдениеттілігінің белгісі» деген болатын. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы өз сөзінде үнемі жастарға қолдау білдіретінін айтып, олардың көп тіл білген сайын бәсекеге қабілетті, білікті маман болатынына сенім білдіреді.
Көп тіл білетін полиглот жастар еліміздің әр аймағынан табылады. Мәселен, бірнеше тіл меңгерген қарағандылық Азат Алтынбеков осындай азаматтардың қатарында. Ол небары 23 жасында Бөкетов университетіне докторантураға түсіп, Қазақстандағы ең жас докторант атанды.
Көп тіл білетін жастың жеткен жетістігі мен тіл үйренудегі талпынысы өзгелерге үлгі. Осыны мақсат етіп, полиглот Азат Алтынбековпен сұхбат құрғанды жөн көрдік.

– Азат, сізді көпшілігі бірнеше тіл білетін ең жас докторант деп таныды. Алда қандай жоспарларыңыз бар? Докторантураны бітірген соң немен айналысасыз?

– Докторантурадан кейін университетте оқытушылық қызметпен айналысуды ойлаймын. Бакалавриат студенттері үшін лингвистика саласындағы (когнитивті, қолданбалы) пәндерді жүргізгім келеді. Өйткені бұл пәндер қызық әрі күрделі. Өз әдістемемді қолдана отырып, білім алушыларға пәндерді толық меңгертуге барымды саламын деп ойлаймын.
Әрине, дәл қазір мүмкіндік беріле қоймайды. Дегенмен, осы бағытта өзімді-өзім жетілдіре түсудемін.

– Неше тіл білесіз? Тілдерді үйренуге қызығушылық қалай қалыптасты?

– Тіл үйренуге деген құштарлық тек 10-сынып оқып жүргенімде қалыптасты. Отбасым орыс тілінде сөйлейтін болғандықтан, мен де осы тілді ғана білдім. Мектепті бітіріп, қай жерге оқуға түсетінімді, қайда тапсыратынымды ойлана бастадым. Бір күні анам екеуміз көшеде серуендеп жүріп, тілдік курстардың жарнамасын көріп қалдық. Ол мені бірден сонда апарып, курсқа жаздырды. Бастапқыда бұл шешімге күмәнмен қарап, тіл үйренуге қызығушылығым мүлдем болмады. Курсқа анам сүйреп апаратын. Кейін ағылшын тілін үйренуде жетістіктерге жете бастадым, қызығушылық та қалыптасты. Тілді меңгеру маған өте оңай болды. ҰБТ-дан ойдағыдай балл жинап, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің шет тілдері факультетіне оқуға түстім.
Қазір орыс, ағылшын, итальян және өз тілім – қазақ тілін меңгергенімді сенімді түрде айта аламын. Қазақ тілін түсінемін, бірақ сөйлеу мен сөйлем құрауда қиындықтар кездеседі. Неміс және француз тілдерін білемін, бірақ еркін меңгермедім. Тіл меңгеру мен оны білу – екеуі екі бөлек нәрсе. Тілдердің грамматикасын біліп, бірнеше сөз тіркестерін құрай алғаныммен, тілді қолданбаймын.
Орта сыныпта сыныптастарымның алдында ағылшын тілін жақсы білетіндей кейіп танытатынмын. Неміс тілін оқып жүргенде де, сол тәжірибені қолдануды ұйғардым. Қатарластарымды тілді жақсы білетініме сендірдім, сөйтіп, олар менен көмек сұрай бастады. Абыройдан жұрдай болмау үшін, әрі сауатымды арттыру үшін өз-өзімді қамшылап, тілді тереңірек білуге күш салдым. Бұл да үлкен мотивация болды.
Бір тілге деген құштарлық екінші тілді үйренуге әкеледі. Осынша тілдер маған «өз аяғымен келді» десем де болады. Оқу оқып жүргенімізде итальян тілі бойынша қосымша дәріс өтетін болды. Оған тобымызбен жазылдық. Алғаш 150 студент болып тіркелген тіл үйрену сабағының соңында жалғыз өзім ғана қалдым. Әлі күнге дейін итальян тілімен айналысамын, хат алмасамын, онлайн сабақтарға қатысамын. Өткен жазда итальяндық кәсіпкерлерге жергілікті кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізуге көмектестім. Шетелдік қонақтарға аудармашы ретінде қызмет етемін.
Қазір кәріс тілін үйреніп жүрмін.

– Көп білудің арқасында қандай жетістікке жеттіңіз? Бірнеше тіл білгеннің пайдасы қандай?

– Ең пайдалысы – өзің білетін тілдерде әлемді кең ауқымда қабылдауға мүмкіндік бар. Телефонымды толық итальян тіліне ауыстырдым. Instagram желісінде жаңалықтар мен жазбалар қазақ, орыс, ағылшын, итальян тілдерінде шығады. Осылайша, төрт тілдің арқасында әлемнің төрт бұрышын аралап келгендей боламын.
Табысқа келер болсақ, тілді ешқашан белгілі бір мақсатқа жету үшін үйренген жоқпын. Менің шетелге кетуге немесе Қазақстандағы шетелдік компанияда жұмыс істеуге ниетім жоқ. Өз Отанымда қалып, елдің дамуына үлес қосқанды жөн көремін.
Елордалық жоғары оқу орны оқуға шақырды, бірақ Қарағандыдан алыс кеткім келмейді. Өйткені, мұнда менің барлық туыстарым мен достарым бар. Ал Альма-матер маған мансап құруға мүмкіндік береді.
Тілдерді білу және меңгеру қашан да пайда әкеледі. Көп тіл білудің артықшылықтары да көп. Шешімін таппай тұрған түйін әрқашан өз пайдаңа шешіледі.

– Замандастарыңызға тіл меңгеруге не кедергі деп ойлайсыз?

– Қазір тіл үйренуге барлық жол ашық. Ең бастысы – тілек пен ниет. Ал жалғыз мәселе – бейімділіктің болмауы. Ағылшын тілі курстарына анам сүйреп апарғанын жоғарыда айттым. Мектеп бітіргенде, тілді өте жақсы меңгеріп шықтым. Менің туыстарым да, мен де мұны жай генетика, талант деп санаймыз. Бірақ генетика болмаса да, қажырлы еңбек пен тілек арқылы көп нәрсеге қол жеткізуге болады. Қажыр­лы еңбек талантты жеңеді.
Тіл үйренуде өзімнің әдісім бар. Жаңа сөздерді жаттап, есте сақтау қиын. Себебі, олар оңай ұмытылады. Оның орнына таныс емес сөздерді кездестірген жағдайда сөзбе-сөз аудармасын іздемес бұрын, жалпы контекстен сөздің мағынасын түсінуге тырысу керек. Осыдан кейін ғана сөздіктен салыстырып қарауға болады. Жаңа сөз адам жадында сөйтіп сақталады.
Қазіргі заманда тіл үйренуге еш кедергі жоқ. Тек адамның өз талап-тілегі, күш-жігері болуы керек.

– Қазір докторантураға түсу үшін мемлекеттік тілді білу міндеттелді. Бұл сізге қиынға соққан секілді…

– Докторантураға емтихан тапсыру үшін мемлекеттік тілді білу керек болды. Сондықтан, қазақ тілін терең меңгеруді жөн көрдім. Бірақ ешбір әдіс көмектеспеді. Қазақ тілін үйрену оңайға соқпады. Грамматикасын үйренуге тырысып едім, бірақ ол тек кедергі келтірді. Мен ана тілімді түсінемін, бірақ әлі де жақсы сөйлей алмаймын. Тіл үйренуге қазақ тілінде ән тыңдау септігін тигізді. Шынында да, тіл үйренудің ең жақсы құралы – музыка. Қазіргі заманауи жас әншілердің орындауында ырғақпен үйлескен қазақ сөздерін тыңдау да тіл үйренуге ықпал етті.
Қазір достарым «қазақ тілінде сөйлеуің бұрынғыдай емес, бірақ әлі сенімсіз сөйлейсің» дейді. Мен не айтқым келетінін білсем де, адасып кетемін. Өз еліңде, өз жеріңде отандастарыңнан бейсаналы түрде сын айтылып жатады. Осыған дейін менің докторант мәртебем қызу талқыланған еді. Суреттен көріп, жас «балаға» осындай жоғары дәрежеге бірден қол жеткізу мүмкін емес дейтіндер табылды. Бірақ, осының бәрі қандай қиындықпен, қаншама еңбекпен келетінін көпшілік біле бермейді.
Менің ата-анамның екеуі де көзінен I топтағы мүгедек жандар. Олар өз күшімен тірнектеп жинағанын жалғыз ұлының болашағына арнап, инвестиция салды. Нәтижесі, міне, өзім. Ата-аналардың ақыл-ойы мен тәрбиесі арқасында рухани және қолданбалы «инвестицияларын» пайдаланып, өзін-өзі жасаған нағыз адам болуға деген ұмтылыс мені қазіргі деңгейге жеткізді. Мен ата-анамның үмітін ақтаймын деп, оқудың қиындығына мойымадым. Күйзелістен жиі ауырып қалатын болдым. Оқу оқимын деп небір қиын жұмысты да істедім. Жалпы, жетістікке жету оңайлықпен келмейді, тек қана еңбектің арқасында жоғары нәтижеге қол жеткізе аласың.
Қазірдің өзінде диссертациямен жұмыс істегенде күйзеліс пен уайымнан ауырып қалатын кездерім де жиі. Өйткені, менің тақырыбым жаңалыққа тән, бұл тақырып бойынша ақпарат пен ғылыми әдебиеттер өте аз. Десе де, мен таңдаған жол оңай емес. Менен бұрын миллиондаған басқа ғалымдар бөлшектеген нәрсені зерттегім келмейді. Шынымды айт­сам, мұнда қажырлы еңбектің әлеуеті ашылады. Мен қол жеткізген жетістік талант пен сәттіліктің, шынайы ұмтылыс пен сенімнің арқасында.

– Жігітке жеті өнер де аз. Ән жазатын өнеріңіз де бар екен…

– Ән жазатын қабілетім бар. Мен өз әндерімнің авторы және орындаушысы болғандықтан, қалалық іс-шараларда өнер көрсетемін. Мен «Creative Vibe Media» қоғамдық бірлестігінің директорымын. Біз бұқаралық шараларды ұйымдастырумен айналысамыз. Сарыарқада шығармашылық қоғамдық кеңістікті дамыту, қаланың қоғамдық өмірін әртараптандыру және жас әртістерге өз жолын және тыңдаушысын табуға көмектесуді мақсат етеміз.
Біз сондай-ақ көше музыканттары мәселесін назарда ұстаймыз. Ішкі істер органдарының көмегімен көше музыканттарын құқықтық секторға енгізе алдық және оларға белгілі бір алаңдарда (орталық саябақ, «Цум» сауда үйі және т.б.) ойнауға рұқсат етілді.

– Сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button