Қарқаралы

«Азаматы жақсы ауыл азбайды»

    Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «…Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деді. Бүгінде елімізде туған жерінің, туған ауылының барын бағамдап, жоғын түгендеуге, перзенттік борышын өтеуге ниетті азаматтар қатары көбейіп келеді. Бұл – қуанарлық жайт.

Кіндік қаны тамған мекенінен қашықта жүрген қарқаралылық азаматтар ауылдарының көркеюіне сүбелі үлес қосуда. Сондай жігіттердің бірі – белді кәсіпкер, «Абадан» спорт клубының басшысы Нұрлан Қалтаев.

Нұрлан бүгінде айтулы кәсіпкер. Қажыр-қайратының арқасында жары Ардақ Серікқызы екеуі отбасылық кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Қарағанды қаласында «Баракят» халал рестораны, құрылыс саласына маманданған серіктестігі бар.

Адал еңбегімен абыройға ие болған Нұрлан Айтмұхамедұлы туған жерін назарынан тыс қалдырған емес. Оның бір дәлелі – Қоянды ауылында жүз адам сиятын мешіт тұрғызып, халық игілігіне бергелі бірнеше жыл болды.

Туған жерге деген қолдау мұнымен шектелген жоқ. Елбасы Жолдауында айтылғандай, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында шағын футбол алаңы мен «Болашақ» балалар ойын алаңын салып берді. «Азаматы жақсы ауыл азбайды» демекші, ортасында субұрқағы бар алма бағын да ашты. Әрине, бұл – бір жағынан, «елім» деген ерді қолдаған ауыл тұрғындарының да ақыл-парасатының жемісі.

Сыртта жүрсе де туған жерінің тағ­дырына үнемі алаңдайтын азамат жақында тағы бір игілікті шараны қолға алды. «Жетімін жылатпаған қазақпыз» деген ол жерлестерімен кеңесіп, патронаттық отбасын құруға бел буды. Осы мақсатта Қоянды ауылында бес бөлмелі, заманауи тұрмыстық қажеттіліктерімен қамтамасыз етілген баспана салды. Ойы – балалар үйінен он бала асырап алып, жақсы отбасының тәрбиесіне беріп, қамқорлығына алу.

Бұл шаруаны мақтау есту үшін жа­самаймын. Бар мақсатым – туған еліме аз да болса пайдамды тигізу. Балалардың тәрбиесі мен күнкөрісіне, оқуға түсуіне, отбасын құруына, баспаналы болуына қолымнан келгенше көмек көрсетемін. Ең бастысы – туған ауылымның іргесі сөгілмей, берекесі арта берсе болғаны, – дейді Нұрлан Қалтаев.

Ауылдың ажары азаматына байланысты. Пейілі кең азаматтың туған жеріне деген сүйіспеншілігі ерекше.

Сағыныш ӘБІЛОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button