Көрме

Қазақтың «Қыз Жібегі»

Қазақ киносында есімі аңызға айналған, «Қыз Жібек» тарихи фильмінде бас кейіпкерді сомдаған актриса, қазақ қызының символикалық бейнесіне айналған, сүйікті жар, аяулы ана Меруерт ӨТЕКЕШОВА биыл 70 жасқа толады. «Қыз Жібектің» даңқына қылау түсірмеген актриса Меруерт Өтекешованың мерейтойына орай Н.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Қазақтың Қыз Жібегі» атты көрме ұйымдастырылды.

Өнер туралы әдебиеттер бөлімінің басшысы Балжан Оспанқұлова жеке мұрағатында қазақ кинематографтарының сирек кездесетін фотосуретті сақтайтынын тілге тиек етті. 70-ші жылдардың ортасында түсірілген суретте Кент тауларының фонында Меруерт Өтекешова, актер Уайс Сұлтанғазин, кітапхана қызметкерінің әкесі мен нағашы ағасы бейнеленген.

Кейін танымал актерлердің гастрольдік сапары әдеттегідей болды. «Мен совхозға келгенде кішкентай едім. Фрунзе совхозына (қазіргі Қасым Аманжолов ауылы) Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының труппасы келіп, М.Әуезовтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» трагедиясын қойғаны есімде. Адамдар көп жиналып, сыймағандықтан, спектакль автогаражда қойылды», – деп еске алады Балжан Зейнелқызы.

Көрмеге Мұхтар Өтебаевтың домбырада сүйемелдеуімен және Фарида Шәріпованың оқуымен винилді пластинка, «Қыз Жібек» эпосының түрлі басылымдары, фильм сценариі авторы Ғабит Мүсіреповтің еңбектері, фильм суретшісі және маңызды рольдердің бірін сомдаушы Гүлфайрус Ысмайылованың суреттері қойылды.

Сонымен қатар, «Жұлдыздар отбасы» журналының 2009 жылғы №22 санында шыққан мақаладан фильмді түсіру тарихы мен басты рөлді сомдаушы жас актрисаның қалай табылғаны жөнінде сұхбатты оқи алады. Түсірілім тобы үшін бұл басты міндет болған. 1968 жылдың 1 қаңтарында «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») және «Ленинская смена» (қазіргі «Экспресс-К») газеттерінің беттерінде «Жібек бейнесін сомдайтын көрікті бойжеткен керек» деген хабарландыру жарияланып, жұрт бұл өтінішке айрықша ықыласпен атсалысады. Бірақ, алыстан іздеген ару Алматының өзінен табылады. Ол киностудияға режиссердің ассистентімен бірге келген №66 мектептің 10-сынып оқушысы Меруерт Өтекешова еді. Кешегі мектеп оқушысы кастингтен сәтті өтіп, мыңдаған үміткерді артта қалдырды. Ол үшін бұл қадам – тек жұлдызын жандырып қана қоймай, тағдырын кездестіруге де себеп болды.

Қазіргі таңда өнерде ғана емес, өмірде де бір-біріне мәңгілік серік болған Меруерт Өтекешова мен марқұм Құман Тастанбековке деген халықтың көзқарасы ерекше, ықыласы ыстық.

Бұл фильм махаббаттың символы бола тұра, ұлттық құндылықтарға айрықша екпін беретін қазақ халқының мәдени мұрасына айналды. Осынша уақыт өтсе де, көрермен қауымның барлық буынына танымал туынды өз тартымдылығын және өміршеңдігін сақтап келеді. Яғни, оның уақыт сынына төтеп беріп, классика деңгейіне жетуі де – сол тартымдылығы, шынайылығы болса керек.

Жәлел ШАЛҚАР

Басқа материалдар

Back to top button