Қазақтың соғымы қай соғым?

Қазақтың соғымы туралы сөз қозғаған соң әңгіме жылқы жарықтық туралы, оның бал татыған еті туралы болмақ. «Жылқы етін кімдер жеген?» – деген сауалдың туындауы да заңды. Бірден айтайық – бәрі жеген. Мұсылмандар ғана жеген деген қате түсінік. Орыс та, неміс те, француз да сүйсініп жеген. Кейінде діни нанымдары бойынша ажыраған. «Кімдер ажырамаған?» – деген сауалға келер болсақ, оның әу басында қазақтар тұрмақ. Одан қалды қырғыз бен ноғай тұр. Одан қалды башқұрт, татар, сақа тұр. Киіз туырлықты, алдарына ырғын жылқы қостарын салған көшпелі елдер қатарындағы қалмақтар, буряттар, тұңғыстар бұл күнде жылқы етін татып алмайды.

Қазірде жылқы еті ең таза экологиялық өнім ретінде жарнамалануда. Соған орай, жылқы етін кез келген супермаркеттерден кездестіруге болады. Еуропа елдерінің бәрі жылқы етін таңсық ас ретінде пайдаланады. Англосакс елдері болмаса (Канададан басқасы), сондай-ақ жөйіттер болмаса, жылқы еті барлық құрлықтарда сатылады. Ал жылқы етін тұтынуда қытайлықтар алдына жан салмай тұр. Одан кейінгі орында қазақтар тұр. Одан кейінгі орында моңғол ағайын тұр.

Жылқы етін жейтін жұрт жылқы малын жосықсыз тұтына бермеген. Оның ішінде белгімалдарының амандығын есте ұстаған. Соғымымыз осы белгімалға жатады. Белгімалдың қолды болуы, арам қатуы, болмаса аяқтан қалуы сынды тосын оқиғалардың алдын алуға ұмтылған. Ондай малды ата болып, ауыл болып, аймақ болып қарауылда ұстаған. Әрі-беріден кейін «белгімалды алғанның белі» кетеді деген алушыны жасқаншақ етер қарғыс сөзі де бар. Сондықтан әккі барымташылар мал алғанның өзінде де әлгіндей белгімалдарды жазбай танып, міндетті түрде оқшаулап тұсаулап тастап кеткен.

Белгімалдың біз танып біле бермейтін эзотерикалық сипаты бар. Айталық, қайтқан адамның мінген атының тұлымы кесіліп, тұлданады. Мұндай аттарды тұлымат, кей жерлерде тұлат дейді. Ондай адамның жылына жаратылатын тұлыматты алғанның өзі, болмаса, ет жақыны шетінейді деген түсінік қалыптасқан. Төрехан МАЙБАС, жазушы-этнограф Бұл санатқа солақ таңбалы аттарды да қосар едік. Солақ таңба болғанда ай таңбалылар. Ай таңба адамының (иесінің) нашарлағанын білдіреді. Мұндай таңбаны иесі тезірек сауығып кетсе екен деп салады. Сауыққан жағдайда әлгі белгімалдарын шалады. Мұндай белгімалды кешегі шалдарымыз құрбандық деп отыратын. Өйткені, солақ ат сырқат адам айықса да, көз жұмса да жаратылады. Сол солақ атты алушылар болмаған. Оларда әлгі ат иесінің сырқаты алған адамға көшеді деген ұғым болған.

Белгімал тобындағы бәйгемалдарын да әсіре әспеттеген. Ұранға шығарылғандықтан оларды ұранат деген. Ұранаттарын қазақ баласы ешқашанда пышаққа жықпаған. Содан барып, оларын кәдімгідей адам сынды жер қойнына тапсырған. Оларға арнап арнайы ән-жырлар шығарған, ескерткіш қойған. Сондай-ақ жегін мал (жылқы) етін де тұтынбаған. Ал, оларды союға ниеттенгенде құр жіберген.

Жылқы етінің қастерлісі – соғымы, соғым малы. Ата-бабаларымыз соғымдарын қазіргідей сатып, болмаса базар барып қыртысына қарап саудалап алмаған. Соғымдарын айтып жүргеніміздей үш-төрт ай бұрын емес, жарты жыл бұрын белгілеген. Соғым малы да белгімалға жатады. Белгімалдың басына ноқта, арқасына тоқым, аяғына тұсау түспеген. Қазақ баласы белгімалын қазіргідей еш уақытта жемдеп бордақыламаған.

Соған қарамастан соғымдарын кондициясына жеткізген. Ешқандай да екпе жасамай, дәрі бермей, қолда бордақыламай.

Осы жерде сәл шегініс жасайық. Бүгінде соғымға түйе, сиыр союшылар көбейіп тұр. Одан қалды қой союшылар шықты. Олардың есебінше үш қой сойсаң бір қараның есебіне жүрмек.

Ал, кешегі күнде бабаларымыз соғымға тек жылқы малын сойған. Басқадай сойылған мал күздік мал есебінде қаралған.

 Қазақ баласы «шүйгін болсын» деп тек жылқы баласына қаратып айтқан. Шүйгін деген сөз жұқ деген сөз. Қалған жайда семіз болсын деген. Қарамал сойғанда «сүйкімді болсын» деп те айтушылық бар.

Бүгінде жаз соғым дегенді шығарып алғандар бар. Бұлайша жазда сойған жылқы малын айтып отыр. Бұл жерде айтарымыз бабаларымыз еш уақытта жылқы малын орынсыз жұмсамаған. Мәжбүрлік болғанда ғана (өлім-жітім, той-томалақ) жылқы малын пышаққа жыққан. Тіпті, қадірлі қонақтың өзіне қой жыққаннан әрі аспаған. Соған орай ешкім де өкпереніш білдірмеген.

Бүгінде соғым сойып алушылардың жаңа бір тобы пайда бола бастады. Олар ерте бастан жылқы малын жаз (күз) айында сойып алып, етін тоңазытқыштарда сақтайды. Олардың майлары қабырғаға жұғып үлгермегендіктен шылқып тұрады. Мұны да соғым деп айта алмаймыз.

Жаз, күз айларында сойылған жылқы малын бабаларымыз сойыс малы деген. Адам баласына алардың белгісі үш ай бұрын көрінеді. «Алар» деп бабаларымыз аяққа кірген ісікті айтады. Ондай ісік ешқайда қашпайды. Аяқтан белге, белден алқымға көтеріледі. Соңында алып тынады. Мұндай жағдайда айналасы қонағасына (қырқы, жылы) деп сойыс малын белгілейді.

Бабаларымыз той-томалаққа белгілеген малдарын тоймал дейді. Мұндай белгімалдарын ебелекке жіберген, ебелекті жерде ұстауға тырысқан. Өйткені, ебелек жеген мал майын қабырғаға жинаған.

Сонымен, қандай жағдай болсын, қазақ баласы қар түспейінше соғым соймайды. Өйткені, қар түскенде ғана жылқы баласы іш майын қабырғасына жинай бастайды.

Сонда соғымды қай мұғдарда сойған жөн? Оны да айталық. Қыс тоқсан түскенде!

Бұл шамамен бүгінгі жыл қайыруымыз бойынша желтоқсан айының он үші.

Неге?

Жылқы малының шүйгіндігі қабырғасындағы қыртысымен белгіленеді. Оны қазы дейді. Оның өзі саусақ өлшемімен өлшенеді. Пышақ сырты, бармақ, елі, екі елі, үш елі, төрт елі, табан, сере деп кете барады. Бұл жерде байқағыш адам сырт тұрған екі өлшемді анық көреді. Пышақ сырты, табан деген қандай өлшемдер?

Соғым малы ешқашанда тырық болмайды. Болатын кезі бар. Отбасында сусамыры, қан кемі, қан асыры бар ағайындар ондай жандарға малды арнайы баптаған. Қабырғасына пышақ сырты май тұрғызған.

Демек, бұл тырық мал деген сөз емес. Тырық мал өсіру үшін біраз тер төгуге тура келеді.

Сонан кейін саусақ өлшеміне жатпайтыны табан шығарған малдар. Табан шығар малды азған адамды торалту үшін баптаған. Азған адамдарға епетейсіз семіз адамдар да жатқан. «Қардың басын қар алады» демекші өртке қарсы өрт салған бабаларымыз май басқанға май жегізген ғой. Осыдан кейін оларды данышпан демей көріңіз? Қайран, қазақтың қара шалдары!?..

Тоқсан түскенде олар қараңғы қорада ұсталған.

 Сөйтіп, оларды қабырғаға май жинау мүмкіндігінен айырған. Сонымен, қазақтың соғымы қай соғым?

Іші-сырты бірдей соғым!

Ондай соғым тек қыс тоқсан түскенде білінеді. Бұл, қайталап айтамыз, желтоқсан айының 13-і.

Әдетте, соғымға жылқы малының ұрғашысы жаратылған. Оның өзінің кәделісі бар. Олар – жабағы (тай), байтал, ту бие. Еркек мал союдан қашқақтаған. Алдайды деп. Құнанға атымен жоламаған. Екі жасында тістейді деп. Дөненді жақтырмаған. Айғыр шығар деп.

Осы жазбамды жазу барысында «Ел не дейді?» дегендейін ғаламторды қосқам. Мұндайда көмекшіміз «Уикипедия» болса керек еді. Алайда, айтып отырған тақырыбымызда да сусаниншілдігінен танбапты. Басқасы басқа, мынауы қай сөз? «Қазақ қасиетті мал есебіне жатқызатын түйе мен жылқының басын бөлмей асып, пісірген. Сиырдың басын ғана бөліп, жеке-жеке тартқан». Ал, керек болса… Сиырдың басының үшке бөлінетінін білмеген, жылқы басының сойылып, екіге бөлінетінін және оның шеке аталатынын білмеген «білгіш» парақшамыздан не қайыр? «Қазақ тарихы» сайтына салған «Соғымыңыз шүйгін болсын» деген танымдық жазбасында тағы бір Сусаниніміз – Алтынбек Құмырзақұлы деген бауырымыз «Қазақ тарихында ірі байлар соғымға деп 20-ға тарта жылқы, 100-ге жуық қой, 30-ға тарта ірі қара, 1-2 түйе малын сойған» деп жазады. Сонда әлгі байымыз ай сайын он жылқы, болмаса сиыр, жиырма қой жеп отырған ба? Олай болғанда бай ауылы мешкейлер ауылы болды ғой. Қош, сонымен соғым сойдық дейік. Бірінші болып кім сояды? Әрине, баршылықтағы жандар сояды. Ауылдың үлкені, елағасы, абыз ақсақалы сояды. Оны соғымбасы дейді. Соғымбасы қазанға тұтас асылады. Келмей қалған жандар болса олардың сыбағасы жеткізіледі. Жалпы, соғымбасыдан ауыз тимейтіндер болмайды. Жаппай соғым сою содан кейін басталады. Соғымбасын беретін адам кемі екі мал сояды. Оның біреуі – соғымбасы.

Сонда соғымды кім сояды? Кім сойғаны қалай, қасапшы сояды да. Ең алдымен, айтарымыз – қасапшы сояды ма, шабады ма? Әрине, шабады. Олай болса…

Малды соятын адамды қасапшы емес, союшы дейді. «Союшысы келіссе, сорпасынан кім қалар» деген мәтел бар. Демек, союдың да жөн-жосығы бар деген сөз. Союдың басы бауыздаудан басталады. Бауыздағанда орады. Екі орғаны бауыздаушыға сын. Содан да олар «менің қолым емес» деп өздерін орынсыз жазғырудан арашалап жатады. Ал, соғым союшыны сойымшы дейді. Осы соғым мен сойым сөздерінің түбірі бір ме деп ойлаймын. Оны тіл мамандарымыз түптей жатар. Союшы мен сойымшының айырмасы қандай дегенге келейік.

Сойымшы тек соғым ғана сояды. Соғым сойған пышағымен басқа мал баласын соймайды. Мұндай пышақты мүкі дейді. Жай уақыттың өзінде мүкімен жылқы соймайды. Қазақтың тағы бір пышағы – бәкі осы мүкімен түбірлес сөз бе деп ойлаймын. Мүкамал сөзін де осы саптағы сөз деп білемін. Қазақтың мүк қалтасы осы мүкі сақтайтын қалтасы ма деп ойлаймын.

Қасапшы – қазақ ұғымында күндіз-түні мал қасаптайтын адам, қасаптан басқа кәсібі жоқ адам. Оның басты талабы – мал терісінің бүлінбеуі. Сонымен бірге ол – ет шабушы. Ет шапқанда сүйектің өзін ет қылып жібереді. Қасапшыны өсіре мақтағанда «сүйек таппадық» деп отырады. «Құс (шымшық) сойса да, қасапшы сойсын» деп жатсақ, оның осындай мәні бар.

Тілімізде тәрбие деген сөз бар. Кейінге дейін арабтардан енбеді ме екен деп келген едім. Бүгінде өзіміздің төл сөзіміз екендігіне ден қойдым.

Адамның тәрбиесі түсінікті. Осы тәрбие сөзінің соғымға тура қатысы бар.

Күнделікті сойыста малды мүшелейді. Жылқыны да.

Ал, соғымды мүшелемек тұрсын, тәрбиелейді. Ең бастысы етке жел тигізбейді. Ондай ет піскенде сағызданып тұрады. Етті жас күйінде сақтаймын десе, суға шылап, мұздатады. Жер қазып, мұзқаптап сақтайды. Мұндай ет бұзылмайды. Сөлін ұстап қалады. Нағыз сүр керек болса, онда етті ұнда сақтау керек болады. Мұндай ет еш уақытта бұзылмайды және оны суға қайнатпай-ақ жей беруге болады. Оны қазақтар мейізсүр деген. Шынымен дәмі мейіз татып тұрады. Бұрынғы қазақтар етті етқапта сақтаған.

Ет табаққа ешқандай бөтен қоспасыз түсуі керек. Тәрбиесі келіскен етке ешқандай сарымсақ, жуа, басқа да дәмдеуіштердің қажеті шамалы. Кемеліне келген мұндай дәмді қазақтар соғым еті деп әспеттеген.

Жіліктерді буындарынан шығаруды жіліктеу деген. Етті мүшелеріне қарай бөлшектеуді мүшелеу деген.

Жылқының қазысы он екі қос қазыдан тұрған. Қабырғалары мен жіліктерін екіге бөліп, табақтық шығарған. Мүшелеп салғанда, бір малдың еті он алты табақ шығарған. Турап салғанда жиырма бес табақ шығарған.

Қазақтың еті тек еттен ғана тұрады. Сөз соңында айтарымыз… Айтпасақ та болатын еді… Дегенмен… Ертеде кандидаттық, әлде докторлық қорғамақшы болып жылқылы ауылға әлде адам дәрігері, әлде мал дәрігері келіп, түрлі сауал шығарыпты. Соның бастысы жылқы етінің пайдасы жөнінде болса керек. Бәрін айтып келіп, жылқышы сөзінің соңына келгенде тосылып қалыпты. Өйткені бала-шағасы төрт көзі түгел отырса керек.

Содан әлгі адам қайтып кетеді Алматысына. Арада екі-үш жыл түскенде жылқышының үйін қайтып жазбай тауыпты. Алайда, отағасы бақилыққа озған екен. Содан жөн сұраспай ма?

Сонда әжеміз теріс бұрылып:

– Кетер-кеткенше қасымда жатты, – деген екен.

Соғымдарыңыз шүйгін болсын!

Төрехан МАЙБАС,
жазушы-этнограф