Қазақтың қайсар қызы

Өмірбаян деректері

Сағат Сыдыққызы Батырханова – 1956 жылдың 10 қазанында туған. Білім жоғары – 1978 жылы әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 1978-1997 жж. редактор, Қарағанды облыстық радиосының бас редакторы, Қазақ радиосының Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі, 1997-2000 жж. республикалық «Хабар» агенттігінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі, Қарағанды облыстық телерадиокомпания төрағасының орынбасары – бағдарламалар директоры, 2000-2001 жж. Азаттық радиосының Астанадағы бюросының бас редакторы – бюро жетекшісі, 2001-2012 жж. «Азаттық» радиосының Прагадағы редакциясында редактор, онлайн продюсер қызметін атқарған. 2013 жылдың наурыз айынан «Қазақстан» РТРК» АҚ Қарағанды облыстық филиалының бас редакторы.

Замандастары, сыйлас достары Сағат Батырханды еркелетіп, өзімсініп «Қазақтың сары қызы» дейді. Біз сары қызды қазақтың шын мәніндегі қайсар қызы деп атадық. Ол туралы жазу жеңіл сияқты көрінген. Қателесіппіз. Қиын екен. Өзіміз ғана емес, қалың жұртшылық аса қадірлейтін осынау қайсар қыздың шығармашылық жолындағы жетістігі мен азабын, адами ғұмырындағы азаматтық ажары мен кісілік келбетін жүрекжарды, шынайы талғамымызбен жаза алмаспыз деп ойладық. Кез келген жазбада автордың өз «мені» атойлап, еңбектің аздаған субъективизмге ұрынары анық. Бірақ, ондайлар біздің дүниемізде аз шығар деп ойлаймыз. Біз асыра сілтеп жіберсек те, өзіміз пікірлескен оқырман, көрермен қауым өкілдері де, журналист жігіттер мен қыздар да (Астана, Алматы, Қарағанды, тіпті, Еуропада тұрып, қазақтың мүддесінің шырақшысы болып жүрген журналист әріптестері де) осынау қайсар қызға, қаһарман қызға жоғары баға бергенін («қайсар қыз» деуші біз, «қаһарман қыз» деуші солар) жоққа шығармаймыз.

Сонымен… Бірге қызметтес болып, «төртінші билік» атанған, көтерген жүгі зіл батпан, жегені – жантақ, жазғаны достан гөрі, дүрдараз жандарды көбейтіп жүретін журналистік салада жүрмесек те, Сағат Батырхан портретін өз толғанысымызбен және жоғарыда пікір айтушылардың ұсынысын ескере отырып, жасауға тырыстық.

БІРІНШІ КЕЗДЕСУ. Туған, өскен ортасына әр адам (әсіресе, қазақ) құрметпен қарайды. Ал, Сағаттың құрметі, тіпті, ерекше шығар, арғы-бергі тарихта ізі қалған, анау-мынау өз алдына, рухы биіктігінен кейбір хан-сұлтан, төренің қаһарынан айылын да жимаған киелі Қарқаралы, қайсар қыздың текті ата жұрты, жақындары кейіпкерімізді сол өлкеден бастау алған рухани шүйгіндіктен сусындатып, үлкен кеңістікке құлаш ұрғызған. Шындық үшін шырылдап, отқа түсетін қасиеттерді (көбімізде бола бермейтін) болмысына молынан сіңірген. Мектеп қабырғасы, ол кезеңде екінің бірі қол жеткізе алмайтын, таза бір жетесіз болмасаң бірден-ақ қанаттандырып жіберетін Қазақ мемлекеттік университеті, еңбекке араласу, журналистикадағы аға буын өкілдері өрнектеген өмір құбылыстары мен жеке адамдарды бейнелеуде дәстүр мен жаңашылдық сияқты тарихи-философиялық ұғымдардың аясында шыңдалуы – бәрі де батыр қыздың ең бір ізденіске, күрделі қайшылыққа толы кәсібінің қияға құлаш ұруына алғышарттар жасағаны даусыз.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы аға буын өкілдерінің дәрменсіз екеніне көз жеткізді. Ал, Сағаттай жүрек жұтқан қыздар мен жігіттер тоталитарлық тәртіпке қарсы бұлқынысын қайсарлықпен дәлелдеді де, кімнің кім екенін айғақтап берді. Дәл осы тұста Сағаттың да іште қордаланған ызасы мен наласы сыртқа шыққан. Желтоқсаншыларды жаппай қаралау мен қудалау орын алғанда, батыр қыз ақтау мен құптау жағында болды. Қайсарлығы мен өжеттілігін, шыншылдығы мен ұлтшылдығын азаматтық арының туы етіп көтеріп еді. Бір жайт еске түседі. Сол аласапыраннан соң ондай оқиғаны желеу етіп, қайраткер болып көрінуге тырысқан бір алаяқты (ол кісіңіз әлі де алаяқтығынан тыйылмай, ортамызда тайраңдап жүр) әшкерелегені Сағаттың өзін зор, әлгіндейлерді қор санағандығынан емес еді.

ЕКІНШІ КЕЗДЕСУ. Қайсар қыздың өзін-өзі тануы, өзін өзгеге танытуы «Азаттық» радиосымен тығыз байланысты. Тауды да, тасты да, көлді де, шөлді де басып, жүрегіне «қазағым», «тәуелсіздік», «ұлттық рух» деген киелі ұғымдарды ұялатқан Хасен Оралтайлардың «Елім-ай» деп егілуі, жабық жатқан, қараңғы қапаста тұншыққан Алаш арыстарын насихаттауы т.б. игілікті істері жүзеге асқан «Азаттық» еді бұл. Біздің пайымдауымызша, Сағаттай батыр қыздың ересен жетіліп, кемелденген, биікке құлаш ұрған сәттері сол кезеңнің аясында жүзеге асқан секілді. «Бізде бәрі жаман, тек Еуропада, басқа да шетелдерде бәрі жақсы» деген ұранға бергісіз пікірлердің шылауында кетіп қалмай, адамзат қоғамында біресе жеңіп, біресе жеңіліп, алайда, текетіресін еш уақытта тоқтатпайтын жақсылық пен зұлымдық арасындағы ымырасыз жайттарға, мінсіз құбылыстың еш уақытта болмайтынына, ең әділ, демократиялық деген елдің өзінде де саясатқа негізделген қитұрқылардың бола беретініне сарабдал журналистің сын көзімен қарап, зерделегені де сол кезеңнің үлесі еді. Бір ғажабы, салқынқандылық пен сабыр, талғам мен толғам, парасат пен пайымының арқасында өзіміз төбеге көтеретін, кейде дақпыртқа елігіп, дарынын шексіз деп бағалайтын кейбір танымал тұлғалардың кәдімгі екі аяқты, жұмыр басты пенденің бірі екендігі өз алдына, кісілік келбеті мен азаматтық ажарының мүлде төмен, пәс екеніне де назар аударған Сағат еді. Бұл – жалпақ жұртқа жаймаса да, журналист қыздың біреуді асқақтатып, біреуді тұқыртпақ ниетінен емес, Адамтану іліміне бой ұрып, сол ғаламат күшті, құдіретті әрі аса күрделі Жаратылыстың адами болмысына үңілу еді. Сол арқылы даңқ пен дақпырттың шекарасын белгілеуі еді, дүние жүзін жаулап алған ақпараттар ағынында өзгеге ұқсамас даралығы еді, өмір шындығы мен өнер шындығындағы тепе-теңдіктің сақталуына ұмтылу ниеті еді.

ҮШІНШІ КЕЗДЕСУ. Қайсар қыздың өмірлік ұстанымы, шындықты тайсалмай айтар өжеттілігі ол қызмет еткен барлық өңірде де өз ізін қалдырды. Ұмытпасақ, сірә, Чехияда, Прагада жүргенінде болса керек, жүрекжарды бір өткір мақаласы өзіміздің «Орталық Қазақстанда» жарияланды. Еліміздің Тәуелсіздікке қол жеткізген аз ғана жылдары ішінде демократиялық, құқықтық институттар бірден қалыптасып, өзгеге үлгі боларлықтай дәрежеге жетуі, әрине, мүмкін емес-ті. Талай азаматтардың сол мақала төңірегінде ой толғағаны, біразының құптап, біразының кірпідей жиырылғаны да есімізде. Алайда, дәл сол шағын еңбектің талайдың кеудесінде сілкініс пен серпіліс тудырғаны ақиқат болатын. Бір шындықтың бары рас: ол – көз майын тауысып, микроскопқа немесе ақ қағазға, обсерватория айнасына немесе физика мен химияның күрделі қатпарларына үңілген, атағы жер жарған академиктен гөрі, экранға шығатын диктор немесе сахнада өнер көрсететін жас әнші әлдеқайда танымал болады. Көрермен де бірдей емес. Әлгі тележүргізушінің ойлы толғамын, көтеріп отырған проблемасының аса өзекті екенін мойындайтындар бар, сонымен қатар, кезекті бір науқанға орай апыл-ғұпыл өткізе салатын жедел хабарды бағалайтындар бар. Ал, өз өңіріне қызметке оралған батыр қыздың ізденісі мен шығармашылық саласындағы берік ұстанымы облыстық теледидар басшылығынан қолдау тапқанын айту керек. Тәжірибелі журналист талай тың жобалар мен өзекті бастамаларға жетекші болып жүр. Сағат Батырхан осы мекемеде қызмет істемесе де, сол тың жоба, көкейкесті хабарлар талантты журналистердің арқасында дүниеге келер-ау, алайда ізденгіш азаматтардың батыр қыздан бағыт-бағдар алғанын, мықты қолдау көргенін ешқайсысы да жоққа шығара қоймайтынына сенімдіміз. Жасырмайықшы, көптеген журналистердің хабар жүргізгенде белгілі бір қалыптан шыға алмай, өз көзқарасын хабарға қатысушыға таңа отырып айтқызатыны, кей реттерде хабарға мекеме, ұйым басшысының өзі келмей, бағынышты қызметкерін жіберуі, ал, ол артық бірдеңе айтып қойдым ба, бастығым не дейді деп жаутаңдайтыны өтірік емес қой. Көңіл жықпастық, тың көзқарас, соны идеяның аздығы ізденгіштік сипаттан айырады. Біраздан бері «Сағатпен сұхбат» хабары эфирге шықты. Көрермен ретінде бұл хабардан күтеріміз көп.

Бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет істеу абырой ғана емес, қайралған алдаспанды қолыңда ұстағаныңмен бірдей. Не өзіңді, не өзгені жаралауың оп-оңай. Қиындықтан алып шығар жол – парасат пен пайым, шеберлік пен шыншылдық, білім мен біліктілік.

Осыларды алға тарта келіп, өзіміз «Қайсар қыз» деп ат қойған Сағат Батырханға қандай қасиеттер тән деп толғандық. Ақыры, таптық. Ол – ұлттық мүддеге адалдық екен. Сырттан келіп, біздің төлтума мәдениетімізді ешкім де зерттемейді, тарихымызды ешкім де жазып бермейді, ешкім де бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттамайды. Өзіміз ғана танып қоймай, өзгеге де танытатын – ақпарат айдынында жүргендер. Сол жолда жүргендер көп. Олар үшін ең мықты марапат – көрермен мен оқырманның бағасы. Себебі, олар – ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ жолындағы жандар. Солардың бірі – біздің қайсар қыз – Сағат Батырхан.

Мәуен ХАМЗИН,

филология

ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстан

Республикасының

мәдениет қайраткері.

Жомарт ОСПАН,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.