Жаңалықтар

Қазақтың қайсар ұлы

Кешегі Кеңес дәуірінде үкімет басқарған қазақтың талай даңқты ұлдары болды. Бір ғана Жұмабек Тәшеновтің өзі неге тұрады?! Отыз жыл Қазақстанның бірінші басшысы болған Д.Қонаев есімі де ілтипатпен аталады. Ал, осылардың ішінде онша көп атала бермейтін бір адам бар. Ол – 1938 жылдан 1951 жылға дейін соғыстың нағыз ауыр жылдарында Қазақ ССР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы, яғни, үкімет басшысы болған Нұртас Оңдасынов еді. Оны ұмытудың түрлі себептері бар екенін қалың оқырман біле бермейді. Қазақстанға бір кісідей еңбек сіңірген Нұртас Дәндібайұлын бәріміз де жөнді білмейтін едік. Анда-санда атын естігеніміз болмаса. Бірақ, бұл олқылықтың орнын бір қаламдасымыз толтырды. Ол былай болған еді…

СУРЕТТЕ: Н.Оңдасынов Қарағандыдағы туыстарының ортасында. Сол жақта бірінші қатарда (сол жақтан) екінші отырған Зүбәйра Оңдасынова-Бөкетова. Сурет 1984 жылы түсірілген

1970-1980 жылдары облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде тілші болып Гүлсім Оразалиева деген журналист қызмет істеді. Негізінен мәдениет, өнер тақырыбын жазатын. Өзі Түркістан облысынан болатын. Күнделікті әңгіме барысында «Нұртас Оңдасынов деген ағамыз болған еді» деп жиі-жиі айта беретін. Жалпы, қалам ұстаған адамдар бір нәрсе естісе, елең ете қалатын әдеттері бар. Сол әдетпен «Ол кім еді, саған қандай қатысы бар?» деп сұрай бастадық. Сөйтсек, Гүлсім және оның ерінің Қарағандыға келуінің өзіндік себебі бар екен. Дәл сол 70-ші жылдары Евней Бөкетовтің дүрілдеп тұрған, жаңа ашылған ҚарМУ-дің ректоры болған кез. Оның жұбайы Зүбәйра Оңдасынова-Бөкетова сол Нұртас ағаның қарындасы екен. Алматыдан екі жылдық театр студиясын бітіріп, қайда барарын білмей тұрғанда Гүлсімнің немере туысы Зүбәйра апасы оларды Қарағандыға шақырады. Сөйтіп, екі жас жұбай С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрына артист болып қызметке тұрады. Уақыт өтіп жатады. Содан Зүбәйра апасы: «Қашанғы артист болып жүре бересіңдер. Одан да оқу оқып, жоғары білім алыңдар», – деп ақыл қосады. Сөйтіп, Гүлсім ҚарМУ-дің филология факультетіне, отағасы заң факультетіне оқуға түседі. Оны бітірген соң Гүлсім «Орталық Қазақстан» газетіне, ері прокуратураға қызметке тұрады. Осылайша, Оңдасыновтардың жақсылығын жас отбасы көреді. Гүлсім болса, Евней Арыстанұлы тәрізді ағаның отбасымен араласып, сол кездегі Қарағандының зиялы қауымымен жақын таныс болады. Өзі де солардың қасына қосылды. Бір кездері қамқорлық жасаған Зүбәйра апасының еңбегін ақтап, Гүлсім 2004 жылы Нұртас Оңдасыновтың 100 жылдығына орай оның ғұмырбаянын зерттеп, тырнақтап мәлімет жинап, мемуарлық кітап жазып шығады. Олқылықтың орны толып, Нұртас ағаны көпшілік білетін болды. Биыл туғанына 120 жыл толып отырған Нұртас Дәндібайұлы кім еді? Оны тағы бір еске түсіріп көрелік.

2005 жылы шыққан «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының 7-ші томында Н.Оңдасыновтың мемлекет және қоғам қайраткері ретінде өмірбаяны толық берілген. Ол Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан ауданы, бұрынғы Амангелді атындағы колхоздың аймағында 1904 жылы 26 қазанда дүниеге келген. 1989 жылы 4 қарашада Мәскеуде қайтыс болған, бірақ туған жеріне әкеп жерлеген.

Нұртас бала кезінде жетім қалып, ағаларының қолында тәрбиеленеді. Ол уақыт Қазан төңкерісінен кейінгі азамат соғысының ашаршылық жайлаған аумалы-төкпелі кезеңі еді. Күнкөріс қиын, тамақ табудың өзі зор заман болатын. Жетім балалар ерте еңбекке араласып, Ташкенттің түбіндегі Келес кірпіш заводында қара жұмысқа араласады. Буыны қатпаған бозбала қара табан болып, ауыр жұмысқа жегіледі, нан тауып жеудің қиындығын ерте түсінеді. Әрі бұлай жүре беруге болмайтынын біліп, қалай да оқу керек деп ойлайды. Ақыры, ағаларының қарсылығына қарамастан Ташкент қаласына аттанады. Осындағы жетім балаларға арналған №14 қазақ мектеп-интернатына қабылданып, оқуға барынша ынтасымен кіріседі. Үстіне дұрыс киім киіп, тамағы тоқ болады. Оқуда үздік болып, зеректігімен көзге түседі. Оның және сол кездегі осы интернатта оқыған қазақ балаларының бақытына орай бұлар Ғани Мұратбаевтан тәрбие мен білім алған еді. Комсомол жастардың жетекшісі ретінде тарихта есімі қалған Ғани 1920 жылы Ташкентте қызмет жасап жүрген кезі екен. Ол осы №14 қазақ мектеп-интернатына шефтік етеді. Осында комсомол ұйымын ашып, оған Нұртасты хатшы етіп сайлайды. Әрі интернат балаларына орыс тілінен сабақ береді. Аз уақыттың ішінде орыс әліппесін үйретіп шығады. Ол сабақты қызықты етіп өткізіп, әлемде не болып жатқанынан мағлұмат беріп, оларға саяси сабақ та берген екен. Кейіннен Ғани туралы жазған естелігінде Нұртас Дәндібайұлы былай дейді: «Интернатта да, кейін Қазақ орман шаруашылығы техникумында да маған комсомол ұйымын басқаруға үнемі сенім білдірілді. Бұл Ғанимен аудандық комсомол комитетінде, конференцияларда жиі кездесіп тұруға мүмкіндік берді». Сөйтіп, оның алғашқы ұстазы Ғани Мұратбаев болса, орман шаруашылығы техникумында оқығанда Мұхтар Әуезовтен дәріс алады. Ұлы Мұқаңның дәрістерін тыңдап, қазақта Абай деген ақын болғанын бірінші рет естиді. Сөйтіп, ұлы Абайдың шығармаларына ден қояды. Ой-өрісі кеңіп, білімі молаяды, өзі қатарлас жастардан едәуір озық болады. Бір айта кететін жай, Ташкенттегі интернатта сол заманда оқыған қазақ балаларының ішінен кейін оқымысты, айтулы азаматтар көп шыққан. Мысалы, жазушы Өтебай Тұрманжанов, әдебиетші-ғалым, профессор Бейсенбай Кенжебаев және көптеген мемлекет қайраткерлері білім алған екен. Солардың бірі – осы Нұртас Оңдасынов еді.

Ол 1922-1927 жылдары Ташкенттегі қазақ орман шаруашылығы техникумында оқиды. Оны бітірісімен бірден Қызылорда, одан соң Әулие Ата, Шымкент қалаларына су шаруашылығы мекемелеріне техник маман ретінде қызметке жіберіледі. Үш жыл өндірісте жұмыс істеп, Шымкенттің су шаруашылығы округтік басқармасының технигіне дейін көтеріледі. 1930 жылы Ташкенттегі Орта Азиялық ирригация инженерлері мен техниктерін даярлайтын институтқа түседі. Бұл осы аймақтағы ең ірі жоғары оқу орны болатын. Сол жылдары қазақтың көптеген қайраткерлері, ақын-жазушылар, ғалымдар осы Ташкент қаласында болып, қызмет істеген ғой. Мұхтар Әуезов бастаған сол зиялы қауым өкілдері жастармен жиі кездесіп, дәріс беріп, өздерінің білгендерін үйретеді. Сол ғалым ағаларының лекцияларын тыңдаған студенттер жан-жақты білімді болып шыққаны анық. Осындай зерек жастардың ішінде Нұртас та болды. Ол институтты бітіргеннен кейін 6 айдай рабфакта сабақ береді. Бірақ Қазақстанда жоғары білімді мамандар жетпей жатқандықтан Нұртас Оңдасынов жас маман ретінде Алматыға шақырылады. «Казлесхозстрой» тресіне директордың орынбасары, одан кейін директоры болып тағайындалады.

Ташкенттен отбасы мүшелерін, жұбайы Валентина Астапованы, ұлы Ескендір және ағасы Дүйсеннің қызы Зүбәйраны алдырады. Қарындасы Зүбәйраны Ташкентке күнкөріс іздеп келген жерінен өз қолына алған еді. Алматыда оқытып, өз қамқорлығына алады. Осы мақаланың басында Зүбәйра Оңдасынованың Евней Бөкетовтің жұбайы екенін жазған едік.

Содан 1936 жылы Халық комиссарлары кеңесінің ауыл шаруашылық бөлімі меңгерушісі болып ауысады. Мұнда ол іскерлігімен көзге түседі. 1938 жылдың басында орталығы Семей қаласында орналасқан Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалады. Оның бұлайша қызмет баспалдағымен тез өсуінің өзі оның жаңашылдыққа жаны құмар іскерлігін аңғартады. Нұртас аға өзінің естелігінде: «Семейге баруға қарсылық білдіріп, ондай үлкен қызметке тәжірибем жетіспейді деп едім. Ол кездегі Орталық комитеттің бірінші хатшысы Л.Мирзоян менің сылтауымды қабылдамады. Жоғары Кеңестің сессиясында бекітіп, 1938 жылдың басында Семейге кеттім», – деп жазады. Содан жылдың ортасында енді ғана атқару комитетінің жұмысын меңгере бастағанда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Николай Скворцов (Мирзояннан кейінгі хатшы) шақыртады. Бұдан бұрын да ол екі рет шақыртып, лауазымды қызмет ұсынған екен. Бірақ Нұртас Дәндібайұлы бас тартыпты. Бұл жолы бірінші хатшы мәселені төтесінен қояды да: «Халық комиссарлары Кеңесінің төрағалығына сізді ұсынамын. Ертең Жоғарғы кеңестің мәжілісінде қаралады, отказ беріп жүрмеңіз», – деп ескертеді. Нұртас болса, «мұндай үлкен қызметке даяр емеспін, әрі Шаяхметовпен тіл табыса алмаймын» деп сылтауратып көреді. Себебі, Шаяхметов бір нәрсенің байыбына бармай, айғайлай жөнелетін мінезі болған екен. Бірақ Скворцов қысқа қайырып: «Біз партияның солдатымыз, қайда жұмсаса, сонда баруға тиіспіз», – дейді.

Содан, 1938 жылы 17 шілдеде Нұртас Оңдасынов Қазақстан КП ОК Бюро мүшелігіне өтіп, Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің бірінші сессиясында Қазақ ССР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болып тағайындалады. Сол 30-шы жылдары болған аштықтан кейін 1933 жылы 21 қаңтарында Ф.Голощекин орнынан алынып, оның асыра сілтеуі айыпталған еді. Оның орнына Л.Мирзоян тағайындалып, елге тыныштық орнады. Елімізде ірі өндіріс орындары ашылды. Олардың қатарында Шымкент қорғасын заводы, Балқаш мыс, Риддердің мырыш заводы, Ащысайдағы полиметалл, Ақтөбедегі химия комбинаты, Қарағандының жаңа шахталары, 1500 шақырымдық Түрксіб теміржолы салынып бітті. Қарағанды-Балқаш, Шымкент-Леңгір, Рубцовка-Риддер, Орал-Илек теміржолдары салынды. Қарағандыда ТЭЦ, Балқаш пен Алматыда электростанция, Үлбеде су электр станциясы салынып, Гурьев-Орск мұнай құбыры іске қосылды. Семейдің ет-консерві комбинаты, Гурьев пен Аралдан балық өндіретін кәсіпорындар да ел игілігіне берілді. 1937 жылы Қазақстанда 28 қала мен 28 жұмысшы поселкесі пайда болды. Міне, осылайша жаңаша даму кезеңінде үкімет тізгіні Нұртас Дәндібайұлының қолына тиді. Бірақ та, қыруар жұмыс күтіп тұрды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы құлдырап, мал басы кеміп кеткен еді. Нұртас аға билікті қолға алысымен, яғни, төрт күннен соң оның төрағалығымен Совнаркомның алғашқы мәжілісі өтті. Күн тәртібінде көп мәселе қаралып, қажетті шешімдер қабылданды. Сол мәжілістің хаттамасы республикалық Орталық мемлекеттік мұрағатта жатыр. Онда 15 мәселе қаралған. Осылайша қауырт жұмыс басталып кетті. Бар-жоғы 34 жасында Үкімет басшысы қызметіне кіріскен Нұртасқа оңай болмады. Алайда, сол 1938 жылдан 1945 жылға дейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған Н.Скворцов оған тәжірибе жинауға көп көмек берді. Николай Александрович: «Кісі аяғы басылған кезде, түн болса да келіп, ақылдасып отыр», – деп қамқорлық жасайды. Біріншінің осындай қолдауынан күш алған ол тез ширап, өзіне-өзі келіп, көп алдында қобалжымай сөйлеуді үйренді. Қандай іске болмасын сенімді кірісіп кетуге әдеттенді.

Осы қобалжуға қатысты Нұртас ағаның басынан мынандай оқиға өтіпті. Төраға болып тағайындалған соң көп ұзамай Мәскеуде «Қазақстанда мал шаруашылығын өркендету шаралары туралы» мәселе қаралатын болды. Осы мәселе бойынша Үкімет басшысы баяндама жасамақ. Одақтық мұндай жиында топ алдында бірінші рет шығуы. Президиумда ығай мен сығайлар. Көбісін сырттай естігенімен жыға танымайды. Мәжілісті КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.Молотов басқарып отырады. Кезегі келгенде Оңдасынов мінберге көтеріліп, сөзін бастай бергені сол еді, аты жер жарған «ұлы Сталин» ақырын басып келіп, Молотовтың қасына отырады. Залдағылар демдерін ішіне тартып, тып-тыныш болады. Онсыз да мұндай алқалы жиында бірінші рет сөз алып, қобалжып тұрған Нұртас Сталинді көргенде тілі байланғандай үндемей қалады. Осыны байқаған Молотов үзіліс жариялап жібереді. Сосын Нұртасты Сталинге қарсы отырғызып: «Қазақстан Үкіметінің жаңа басшысы. Өзі жас болғанымен, мал шаруашылығын жақсы біледі», – деп таныстырады. Стекең оған өткір көзімен тесіле қарап «Шын ба?» дегендей болады да: «Тыңдайын деп келіп едім, Вячеслав артынан өзің айтарсың», – деп аяңдап басып шығып кетеді. Мәскеудегі тікелей басшысы Молотов осылайша оны бір сынақтан құтқарып қалады. Сөйтсе, ол Сталинмен жақын дос және оған «Коба» деп айта алатын үш-төрт адамның бірі екен.

Оңдасыновқа қатысты Молотовтың айтқан сөзі шындыққа айналып, Қазақстанның үшінші бесжылдықта ауыл шаруашылығы едәуір алға басады. Үкімет мал шаруашылығына тың жүйе енгізді. Әрбір колхозға жер жағдайына орай мал фермаларын ашуды міндеттеді. Оларды екі жыл салықтан, мемлекетке ет пен сүт тапсырудан босатты. Халықтың күнкөрісі жақсарды. Жаңа техника мен мал сатып алуға қаражат бөлінді. Егістік көлемі күрт ұлғайтылды. Қазақстанның осындай жетістігі үшін Н.Оңдасынов 1939 жылы 1 наурызда Ленин орденімен наградталды.

Нұртас Дәндібайұлының басшы ретінде сыналған тұсы Ұлы Отан соғысы жылдары болды. Елде төтенше жағдай жарияланып, Халық Комиссарлар Кеңесі жанынан жедел қимыл бюросы құрылады. Оны Оңдасынов төраға ретінде өзі басқарды. Елде атқарылатын шұғыл шаралар көбеюіне орай оның бес орынбасары, 11 көмекшісі болған. Жұмыс өте көп еді. Үкімет мүшелері күніне бір-екі сағат ұйықтап алуға ғана уақыт табатын. Әскери бригадалар мен полктерді жасақтап, майданға аттандырудан бастап, жау басып алған жерлердің өндіріс орындарын, адамдарын қабылдау тәрізді мың сан жұмыс болды. «Совнарком, Ундасынову» деген жеделхаттар топтамасы осы күнге дейін мемлекеттік мұрағатта үйіліп жатыр. Соларға қатысты «Совнарком Оңдасынов» деп қол қойған жауаптары қаншама.

Көшіп келген кәсіпорындар Қазақстанның завод пен фабрикаларына қосылып, өнім беруді жалғастырды. Әскери заводтар Алматы, Петропавл, Орал, Ақмола, Балқаш қалаларына орналастырылып, өнімдерін майданға жөнелтіп жатты. Бірақ, соларға қажет мыс, қорғасын, вольфрам, молибден шығаруды молайту туралы Мәскеуден Қорғаныс комитетінен нұсқау түседі. Бұл іспен Оңдасыновтың он жыл орынбасары болған Д.Қонаев шұғылданды. Димаш Ахметұлы өз естеліктерінде Ақшатау комбинатынан вольфрамды, Шығыс-Қоңырат кен орнынан молибденді қалай өндіргендерін жан-жақты жазады.

Сол Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан қиын кезеңнің өзінде елімізде ауыр өнеркәсіптің негізі қаланғаны белгілі. Ол Қарағанды-Теміртау өндірісі. Ал, соғыс уақытында металға деген сұраныс күрт өседі. Бұл жөнінде Нұртас Оңдасынов кезінде былай деп жазған екен: «Соғысқа дейін Қазақстанда қара металлургия өнеркәсібі жоқтың қасы болды. Елімізге қажет металды алыстан тасу қиынға түсті. Сондықтан, республика үкіметі Қарағандыда темір сынақтарын қайта қорытып, болат шығаратын завод салуды ұсынып, Одақ алдына қойды. Ол қолдау тапты. Себебі, мұнда он миллион киловаттық жылу-электр станциясы бар еді. Нұра өзені су мәселесін шешуге себеп. Самарқан су қоймасы салынып біткен. Содан 1942 жылы завод салына бастады. Осындағы ең ірі жылу-электр станциясының директоры болып менің бұрынғы орынбасарым Ибрагим Тәжиев жұмыс істейтін. Құрылысқа басшылық жасау оған қосымша міндет болып жүктелді». Н.Оңдасынов бұдан әрі соғыс­тың ауыр жылдары завод салудың қиын болғанын айтады. Екі мың жігітті майданнан алып қалып, Магнитогорск пен Новокузнецкіге оқуға жібереді. Олар оқу бітірген соң ұстаздарымен бірге алып келіп, металл балқытуды қолға алады. Ақыры 1944 жылы 31 желтоқсанда завод салынып бітеді.

Осы жерде Теміртау атауының қайдан пайда болғаны жөнінде Нұртас ағаның естеліктерін тыңдап көрелік. Теміртау заводы салынып біткен соң ол КСРО Ауыр өнеркәсіп министрлігіне беріледі. Оның проблемаларына қатысты Нұртас аға ауыр өнеркәсіп министрі Иван Тевосянның алдына бірнеше рет барады. Сондай бір кездесуде ол Тевосянға Самарқан поселкесі ұлғайды, енді оны қала дәрежесіне көшіреміз дейді. Министр ол қаланың аты қалай болады, Самарқан деген Өзбекстанда қала бар ғой дейді. Оны кейін шешеміз десе, «жоқ, болмайды, шартты түрде болса да, мына құжаттарға атын жазу керек» дейді. Сосын сәл ойланып, металдың қазақшасы қалай деп сұрайды. «Темір» деген сөзді естіп, министр ендеше қаланың аты «Темір» болсын деп қуанады. Нұртас аға да ойланып, «Темір» деген шағын қала Ақтөбе облысында бар екенін, әрі бұл қысқа болып құлаққа біртүрлі естілетінін айтады. Содан заводтан шыққан тау-тау металды елестетіп, қаланың аты «Теміртау» болсын дейді. Оған министр келіседі. Солайша, «Темірі» Тевосяндікі, «тауы» Оңдасыновтікі болып шығады.

Н.Оңдасынов ел үкіметін басқарып отырғанда халық игілігі үшін тындырған тағы бір еңбегі Мойынты-Шу теміржолының салынуы еді. Жоғарыдағы біздің әріптесіміз Гүлсім Оразалиеваға берген сұхбатында осы еліміз үшін аса маңызды теміржолдың қалай салынғанын айтып берген екен. Бұл күрежолмен әлі күнге дейін пойыздар жүйткіп, жолаушы мен жүк тасуда маңызы зор болып отыр. Соғыстан бұрын қазіргі Қазақстандағы теміржолдың біразы салынып, тек 450 шақырым Мойынты-Шу жолы қолға алынбапты. Мысалы, Қарағандыдан шыққан пойыздар Алматыға бару үшін Ресейге шығып барып, 7-8 тәулік жүреді екен. Сонда Оңтүстікке баратын жүктерде Ресей арқылы жететін болған. Бұл экономикалық жағынан да, уақыт жағынан да аса қолайсыз болған. Міне, осы жайды 1939 жылы Үкімет басшысы Н.Оңдасынов Одақтың үкімет жетекшісі В.Молотовқа айтып хат жолдайды. Бұл 1939 жылдың 29 мамыры еді. Хаттың көшірмесі Орталық мұрағатта бар. Бірақ мәскеудегілер «бұл жолдың жергілікті ғана маңызы бар» деп жауап жазып, құрылысты үшінші бесжылдықтың жоспарына енгізбейді. Сонда бұл жол тағы бес жылға дейін салынбайды деген сөз.

Содан Нұртас Дәндібайұлы «қой, мұны өз қолыма алмасам болмас» деп жолды картаға түсіртіп, сол кездегі КСРО Теміржол министрі Ковалевке Қазақстан Үкіметі атынан хат жазып, соған өзі барады. Ол бірден ойбай салып, мемлекеттік жоспар қабылданып кетті. Менде артық техника да, жұмыс күші де жоқ деп безектейді. Нұртас: «Маған оның бірі де керек емес. Мынаған қол қойып беріңіз», – деп өтінеді. «Госплан көнбейді ғой», – дейді министр. «Көндіруді өз мойныма алайын. Мынаған қол қойсақ болды», – дейді Нұрекең. Ақыры министр қол қойып береді. Қағазды қалтаға салып алып, енді Мәскеудегі достарымен ақылдасады. Олар: «Бесжылдық жоспар әлі бекіген жоқ, Сталин әлі қол қойған жоқ, Берияның қолында. Сонымен сөйлес», – дейді. Содан Берияға телефон шалса. Ол: «Ертең сағат 6-да кел», – дейді. Бір тәулік шыдамсыздана күтеді. Ертеңіне Берияның көмекшісі тағы ертеңге қалдырады. Тағы бір тәуліктен кейін барайын деп жатса, жаңағы көмекші: «Бүгін де қолы тимей жатыр. Ертең өзі хабарласады», – дейді. Мәселе қиындап бара жатқан соң Берияның өзіне телефон соғады. Ол бірден:
– Мәскеуде қанша боласың? – деп сұрайды.
– Мұнда көп бола алмаймын. Сізге жолығатын шаруам қалды. Самолет күтіп тұр.
– Какой вопрос у тебя? – дейді арғы жақтан.
Содан жанталасып, Мойынты-Шу мәселесін саулата жөнеледі. Осы екі ортаны қоссақ, жүк тасымалдауда қаншама қаржы үнемделеді. Экономикаға да, халыққа да қолайлы екенін түсіндіреді. Телефонды үнсіз тыңдап тұрған Берия:
– Ты сейчас же пришли этот документ моему помощнику. Можешь считать, Мойынты-Шу у тебя в кармане, – дейді. Мәселені пысықтап алайын деп ойлап, «бұл мәселе шешілді, Мойынты-Шу осы бесжылдық жоспарына енді» деп Алматыға айтып баруыма бола ма?» деп сұрайды.
– Сколько угодно! – дейді Берекең.
Осыдан 14 күннен кейін жоспар бекітіліп, 10 миллион сом қаржы бөлінгені жөнінде хабар жетеді. Әрине, бұл аз ақша. Сондықтан құрылысты «халықтық» деп жариялап, ішкі резервті пайдалануға тура келеді. Республикалық комиссия құрылып, оған орынбасары Д.Қонаев басшылық жасайды. Сөйтіп, үш жылда бүкіл Қазақстан болып жабылып, Мойынты-Шу теміржолын іске қосады. Бұл жолдың, тіпті соғыс кезінде пайдасы зор болды. Оңдасынов қолға алмағанда бұл жолдың салынуы тағы бес жылдан соң қолға алынуы мүмкін еді.

Н.Оңдасынов үкімет басшысы болған сол соғыстың ауыр жылдарының өзінде өндіріс орындарынан басқа мәдениет, оқу орындары салынды. Нақ сол жылдары Алматыда консерватория, шет тілдер институты, басқа республикаларда болмаған қыздар педагогика институты, дене тәрбие институты, Шымкент технология институты, Қарағанды мен Семей медицина институттары және барлық облыс орталықтарында пединституттар ашылды. 1946 жылы Қазақстанда Ғылым академиясының ашылуы да осы Оңдасыновтың қолдауымен болған. Нұртас аға Жезқазғанда геологиялық экспедициямен жұмыс жасап жатқан жерінен Қ.Сәтбаевты шақырып алып, Мәскеуге КСРО Ғылым академиясының президенті Комаровқа алып барады. Соның нәтижесінде кейін Қазақстанда жеке Ғылым академиясы құрылды. Алматыда соғыс кезінде «Қазақфильм» киностудиясының салынуы да осы Нұрекеңнің атымен байланысты.

Әрине, бір мақалада 13 жыл Қазақстан Үкіметін басқарған Н.Оңдасыновтың сіңірген барлық еңбегін айтып шығу мүмкін емес. Біз соның кейбірін ғана айттық. Оның өмір жолында «әттең» дейтін өкінішті жайлар да болған. Оның үш рет Ленин орденімен наградталуы көңілге медеу. Дегенмен, оның 10 жыл орынбасары болған Д.Қонаев үш рет Социалистік Еңбек ері атағын алғанда, бір алтын жұлдыз Оңдасыновқа бұйырмағаны өкінішті. Қазақстанның оңтүстіктегі мақта себетін үш ауданын Өзбекстанға бермеймін деп қасарысқаны үшін Хрущевтің қырына ілініп, 1982 жылы Нұртас аға 58 жасында зейнеткерлікке шығарылды. Ол Қазақстанға сыймай Мәскеуге барып, өз ақшасына кооперативтен үш бөлме үй сатып алып, өле-өлгенше сонда тұрды. Елден жырақта жүрсе де қарап жатпай бірнеше томдық «Арабша-қазақша», «Парысша-қазақша» түсінік сөздерін жазып кетті. Қайран ер кейінгі ғұмыры басқа жақта өткеніне және басқа ұлттан әйел алып, балаларының өз ұлтынан алшақтап қалғанына қатты өкініп өткен екен.

Қорыта айтқанда, Қазақстанға бір кісідей еңбек сіңірген Нұртас Оңдасынов жайлы қысқа дерек осындай. Биыл туғанына 120 жыл болған Нұртас Дәндібайұлының еңбегі бағаланып, ескеріліп жатса, әлі де кеш емес деп ойлаймыз.

Серік СЕКСЕНҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button