Қазақ тілі – қазақтың жаны
Қазіргі күні орыс тілінің емес, мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғау өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Әлеуметтік желілерде бұл жөнінде алып-қашпа әңгімелер көп. ХХІ ғасырдың құндылықтар парадигмасында біз үшін қазақ тілі басты орын алуы қажет. Өйткені, тіліміз ұлттық мәдениет пен руханиятты үнемі, ұдайы жаңғыртып отырудың бірден-бір көзі.

Ал, бұл, біріншіден, қазақ тілін еліміздегі тілдік саясаттың басты бөлігі ретінде қарастыруға кепілдік береді. Екіншіден, егемен еліміздің тіл саясатында мемлекеттік тілге берілген басымдық мемлекеттің тұтастығын айқындайтын мемлекеттік ұлт саясатының маңызды бөлігі. Зиялылардың бұған немқұрайды қарай алмай, БАҚ-та, әлеуметтік желілерде ой бөлісіп, пікір таластырып жататыны соның айғағы. Үшіншіден, әрбір елдің қуатты күші, байлық-бақыты экономикалық даму деңгейімен ғана емес, сонымен бірге, мәдени, рухани өрісімен де айқындалады. Мәдени өре, рухани талғам халықтың ақыл-ойының көрінісі – тілге тікелей тәуелді. Мемлекеттік мекемелерде, сот жүйесінде, әкімшілікте, тіпті, білім беру саласында ана тіліміз әлі күнге екінші орынға ысырылады.
Тәуелсіз болғанымызға он бес жыл өткеннен кейін «Халықаралық қазақ тілі қоғамының» қызметі тұралап жатқан кезде, оған балама ретінде 2016 жылы қаламызда ғасыр адамы марқұм Темірғали Көкетай біз қазір қызмет етіп жүрген облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті қоғамын» құрған еді. Жақсылықтан емес, әрине. Кейінгі үш-төрт жылдың жүзінде бұл ұйым қаламыз ғана емес, өңір-өңірлердегі тіл мәселесіне, руханиятқа, тұрмыстық ахуалға қатысты көптеген іс-шараларға араласып, өз ұстанымын айғақтап келеді. Қоғам мүшелерінің қатары күнбе-күн толысу үстінде. Жүрек әмірімен тіл тағдырына алаңдайтын азаматтар кілең. Әлеуметтік желілерде парақшамызды ашып, уақыт қажеттілігіне сай сайтымызды іске қосып отырмыз. Оның тізгіні Гүлдана ханым Жәркееваның қолында. Осы уақытқа дейін бізге демеушілік көрсеткен тірі жан болған емес. Әкімдікке, аудан басшыларына қолдау сұрап хат жазсақ та, ауызды құр шөппен сүрткізетін жауаптарын жолдаудан олар да талған емес.
«Қазақ тілі және мәдениеті қоғамының» мүшелері жергілікті атқарушы биліктің тіл басқармасының қызметшілеріне арналған тіл заңнамасын бұзушылыққа қатысты заңнамаға негізделген әдістемелік нұсқаулық дайындады. «Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық» деп аталады. Бірақ, қаншама уақыт өтсе де, сол әдістемелік нұсқаулығымыз құжат түрінде шығарылмай келеді. Көп нәрседен, әсіресе, қаражаттан қағажу көріп келе жатқанымыз рас. Мемлекеттік мекемелерде, көшелерде қазақ тілінің қолданысын қадағалауды қоғам белсенділері Сәкен Келдібаев, Аңғар Смағұлов ағаларымыз, басқа да тіл жанашырлары өздерінің басты міндеттерінің бірі санайды. Қоғамдық бірлестіктің мүшелері түрлі іс-шаралардың басы-қасында мұрындық болып жүргендігін де баса айту керек. Қазақ тілінің ғылыми-технологиялық, инженерлік-инновациялық әлеуетін дамытуға арналған «Сөзжасам» жобасына қоғамдық бірлестіктің мүшелері Жаңабек Нар, Жанболат Баймұрынов, Бектұрсын Қалиев мырзалар да өз үлесін қосып, қоғамға пайдалы жұмыстар атқарып жүр.
Әсілінде, мемлекеттік органдар мемлекеттік тілге мойын бұрмай-ақ келетінін айтуды өзімізге парыз санаймыз. Мәселен, Бас Прокурордың 2020 жылғы 10-шiлдеде «Әкімшілік іс жүргізулердің бірыңғай тізілімін жүргізу қағидаларын бекіту туралы» № 85 бұйрығы шыққан. Онда «Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі» (ӘІБТ) деген тіркес кездеседі. Бұйрық мәтіні қазақша болса да, бұйрықтың электрондық тасымалдағышында, яғни, мобильді қосымшасынның хаттама бөлігінде, яғни, «көйлегінде» ЕРАП («Единый реестр административных правонарушений») деп, орыс тілінде беріліпті. Біле білгенге бұл арға сын, намысқа сызат түсіретіндей хәл. Осыған орай неге «ЕРАП», неге қазақша «ӘІБТ» емес деп, құзырлы органға Қоғам атынан шағым түсірдік. Сол шағым баянды болды. Шағымымыздан соң Бас прокуратура орысшасын әзірлеушілерге (разработчиктерге) қайта тапсырма беріп, қазақшаға түзетті. Бұл да біз үшін туған тіліміздің түтіні түзу ұшуын күйттейтін тіл майданындағы үлкен жеңіс. Қазақтілді қоғам үшін. Тіл қолданыста ұсақ-түйек болмауы керек.
Осы сияқты Шет ауданында патрульдік полиция қызметкері көлік жүргізуші бір азаматқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтыру барысында адамның қандай да бір өтініші не арызы болмағанына қарамастан, іс жүргізу тілін өз бетінше таңдап, орыс тілінде толтырған. Қарап отырсақ, заңды біледі деген адамның өзі заңды белден басып, қазақ тіліне шекесінен қарап тұр. Бұны да қоғам мүшелері өз назарына алды. Қазір сол полицей сот арқылы жазасын тартты да.
Айта кетер жайт, жергілікті жазушы Өмір Кәріптің 85 жас мерейтойына орай, өңірлік «Арқа ақшамы» газетінде мақалалар ұйымдастырып, айқарма бет арнадық. Қазақ әдебиетінде жазушылардың дені ауылдан шыққандар десек те, олар туған жерінен алған әсерін ұлт мұрасына айналдыра алды ма, гәп сонымен өлшенбек. Ондай жазушылар қазақ әдебиетінде некен-саяқ, солардың бірегейі Өмір ағамыз екенін айттық.
«Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» құру жолында ұлт мүддесін биік қойып, қазақ тіліне қырын қарайтын, сорақы аудармамен айналысатын мамандарды жауапкершілікке тартатын уақыт жетті. Ұлттық заңдарымыз орыс тілінің аудармасы сипатында ғана қалып отыр. Оны жазып та, айтып та жүрміз. Тіл басқармасының Ресурстық тіл орталығымен бірлесіп, Бұқар жырау ауданында «Ұлттық диктант» өткізуге Гүлдана Жаркеева атсалысып, қоғамдық бірлестіктің атынан Алғыс хаттар табыстап қайтты.
Қоғамымыздың белді мүшесі Темірғали Аршабеков осы жылы «Қарағанды қаласының годонимдері: ескі және жаңа атаулар» атты кітап шығарды. Бұл ретте кітапты шығаруға селбес болған тіл басқармасына көптен-көп рақметімізді айтамыз.
Келе жатқан жаңа жылда тіл заңнамасының сақталуына тың серпінмен кіретініміз анық, осы қарқынды жоғалтқымыз жоқ.
Қазір тіл төңірегінде даулы істер көп. Анайы сөз айтып, ар-ұжданымды қорлады деп сотқа жүгінетіндер баршылық. Осы «анайылықты» анықтайтын тәуелсіз лингвистикалық сараптама орталығы құрылған абзал екендігін көп жылдан бері айтып-ақ келеміз. Тілдік сараптама орталығының бағыт-бағдары мен міндеті соттық-медицина орталығындай жұмыс істеп, сот үдерісінде тілдік қолдану бойынша ешкімге тәуелсіз сараптама жасауы керек. Әйтпесе, жекеленген сөздер ар-намысқа тиетін сөз бе, жоқ па дегенді анықтауды қажет ететін сот үдерістері көптеп өтуде. Бұл да болашақта тындырар бір қомақты ісіміз болмақ.
Тіл қоғамдық құбылыс болғандықтан, оның түйткілді мәселелері қоғаммен бірге талқылаумен, біте қайнасып жатса ғана шешіледі. Қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап ететін бақылау органдарының жұмысы күшейтілуі тиіс. Қоғамдық насихат бір сәтке де үзілмеуі керек. Егер әрбіріміз қазақша сөйлеп, балаларымызды қазақ мектебіне беріп, күнделікті өмірде ана тілімізді қолдансақ, қазақ тілі өз тұғырына көтерілері анық. Ұлттың ұяты – тілінде, намысы – дәстүрінде емес пе?!
Атаулы жазбамызды облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жылдық есебі деп те қабылдауға әбден болады.
Елеужан СЕРІМОВ,
Қарағанды облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті қоғамы»
қоғамдық бірлестігінің төрағасы



