Қаза тапқан кеншілердің балаларына қажетті қолдау көрсетіледі
Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Костенко шахтасындағы өрттен қаза тапқан кеншілердің балаларына барлық қажетті қолдау шаралары көрсететінін мәлімдеді.
Қарағанды облысында Костенко атындағы шахтада болған қайғылы оқиғаға байланысты Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтады. Оқу-ағарту министрінің тапсырмасы бойынша «қаза тапқан кеншілердің балаларына барлық қажетті қолдау шаралары көрсетілетін болады», – делінген комитеттің Instagram парақшасында жарияланған ақпаратта.
Ведомство мәліметінше, Қарағанды облыстық білім басқармасының жанынан қаза тапқан және зардап шеккендердің балаларына көмек көрсету үшін Оқу-ағарту министрлігінің, білім басқармасының, Қарағанды облысының Бала құқығы жөніндегі өңірлік уәкілінің, мектептердің, әлеуметтік педагогтардың, педагог-психологтардың өкілдерінен тұратын мобильдік топ құрылды.
Мобильді топ жұмысының аясында балалардың тізімдері қалыптастырылуда. Қаза тапқан және зардап шеккендердің отбасыларынан шыққан балаларға жан-жақты психологиялық көмек көрсетіледі.