Қазақстанның Халық әртісі, актер Асанәлі Әшімов өмірден өтті
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстанның Халық әртісі, қазақ және әлемдік театр мен кино өнерінің көрнекті өкілі Асанәлі Әшімов өмірден өтті.

Асанәлі Әшімұлы ұлттық руханияттың дамуына өлшеусіз үлес қосқан, қазақ театр және кино өнерінің биік кәсіби мектебін қалыптастырған дара тұлға болды. Оның сахна мен экранда жасаған көркем бейнелері, режиссерлік және педагогикалық қызметі отандық өнер тарихында айрықша орын алады.
Асанәлі Әшімұлы Әшімов 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жайылма ауылында дүниеге келген.
«Қазақфильм» киностудиясының және М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, режиссер, Қазақстанның халық әртісі (1976), КСРО халық әртісі (1980).
А.Әшімов — қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген актерлердің бірі. Оның кинодағы Бекежан («Қыз Жібек», 1971), Шадияров («Атаманның ақыры», 1971, Қазақстан мемлекеттік сыйлығы, 1972), Мәмбет («Сарқырама», 1973), Қасымханов («Транссібір экспресі», 1977, бүкілодақтық 11-кинофестивальдің жүлдесі, 1978), Шыңғыс хан («Бұлғар даласынан ескен жылы жел», 1998) рөлдері нағыз актерлік шеберліктің үлгісі іспетті.
«Майраның әні», «Жан бөлек», «Менің жанрым – күнделік», «Ғұмыр-дария» кітаптарының авторы.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



