Бас тақырыпРесми

Қазақстан: саясат аренасында не күтеді?

Өткен жыл Қазақстанның саяси өміріне елеулі өзгеріс әкелген жыл десек, оның басты жаңалығы – Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ саяси шешім қабылдап, жоғары лауазымды қызметін тапсыруы мен Мемлекет басшылығына Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ келуі болды. Жаңа Президенттің сабақтастық үрдісімен Елбасы бастамаларын одан әрі жалғастыруды меже тұтумен қатар, тың реформалар енгізуді қолға алуы қазақстандықтардың көңіліне аса қонымды болды. Осы тұрғыдан қарастырғанда, олар ел мүддесі жолындағы игі шаралар биылғы жылы да жарасымды жалғасын тауып, Қазақстанның саяси өмірінде елеулі ілгері басу қадамдары орын аларына сенімді.

 

Тәуелсіздік тізгіні қолға тигеннен бері кездескен түрлі кедергі-қиындықтар мен пікірлер қайшылығына қарамастан, Қазақстан халқы біртұтастығынан айныған емес. Елімізді жаңғырту мен демократияландыруға бағытталған шаралар – маңызды реформалар, айтулы даталар, сыртқы елдермен тиімді қарым-қатынас елдігімізді нығайтып, ішкі және сырты саясатымызды тұрақты ете түскені анық.

Жалпы жер-жаһан үшін 2019 жыл түрлі оқиғаларға толы жыл болды. Әлемнің әр түкпіріндегі «тосын оқиғалар», мәселен, АҚШ Президенті Дональд Трампқа Конгресс өкілдері палатасының сенімсіздік білдіруі, Украинада Владимир Зеленскийдің жеңіске жетуі жұртшылықты елең еткізсе, тағы бірқатар елдердегі шеті мен шегі жоқ саяси сын-қатерлер халықаралық жағдайдың тұрақсыздығы мен құбылмалы қалпын айғақтады. Бұл жағдай өзге елдер алдында олардың сенімді серіктес ретіндегі беделіне нұқсан келтіреді десек, өзінің сыртқы және ішкі саясатына бекемдігін танытқан Қазақстан әлемдік қоғамдастық алдында айқын басымдығын көрсетті.

2020 жыл да еліміздің саяси өмірінде елеулі оқиғаларға толы жыл болмақ. Қазақстан Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шаукенова баспасөз өкілдеріне берген сұхбатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бай тәжірибесі елдегі әлеуметтік, экономикалық және саяси мәселелерге қатысты пәрменді шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретінін айтты. Сондай-ақ, Президенттің қоғамдық пікірге құлақ түру қабілеті және халықтың түрлі топтарының сұранысына жедел жауап қатуы оның халық алдындағы беделінің артуына оң әсерін тигізді. Тіпті, шетелдік танымал сарапшылардың өзі Қазақстан Президентін «үлкен масштабтағы» саясаткер ретінде бағалап, мықты дипломат екендігін жарыса жария етуден жалыққан емес. Айталық, ресейлік саясаттанушы, МГИМО саяси теория кафедрасының доценті Кирилл Коктыш «…мұндай фигуралар өте сирек. Бұл – өте талантты, ақылды саясаткер, керемет тәжірибесі бар» деп жазды.

Тәжірибелі басшының 2020 жылғы саяси трендтерінің бірі – жүйенің дамуын айқындайтын партиялық құрылыс процесін белсенді ете түсу мен еліміздің саяси өмірінде Парламенттің рөлін арттыру болмақ. Оның түпкі нәтижесі ақпан айында өтетін «Nur Otan» партиясының съезінде шығарылып, алдағы парламенттік сайлау науқанының міндеттері талқыланатын болады. Бұл, әлбетте, еліміздің саяси өмірі үшін де, жалпы бұқара қауым үшін де маңызды. Ел тұрғындары қоғамдағы түрлі топтардың мүдделері ескерілетін жаңа партиялық жобалардан күткен үміт ақталады деген сенімде. Партия тізіміндегі әйелдер мен жастарға берілетін басымдық та еліміздегі саяси жүйені одан әрі дамытып, депутаттық корпусты жаңғыртуға да мүмкіндік беруі тиіс.

Әлбетте, 2020 жылдың еншісіне тиетін алғашқы кезектегі мәселе – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген бағдарлар. Демек, мемлекеттік құрылымдар аппаратының қызмет тиімділігі артып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы ілгерілей түседі.

Биыл Қазақстанда халықаралық деңгейдегі алуан сипатты іс-шаралар өтеді деп жоспарланған. Мәселен, биыл Дүниежүзілік сауда ұйымының 12-ші министрлер конференциясы өткізілмекші. Әлемдік тауар айналымының 95%-ын құрайтын, іркіліссіз халықаралық сауда-саттыққа мүмкіндік жасайтын ұйымның министрлер конференциясы Нұр-Сұлтанда өтуі сыртқы сауданың дамуына жағымды ықпал етері сөзсіз.

Бұдан бөлек, биыл Дубайда өтетін EXPO көрмесіне Қазақстан 9 миллиард теңге жұмсауды көздеп отыр. Оның да сан қырлы қайтарымы мол себептері бар. Қазақстан павильонына 3 420 шаршы метр аумақ бөлінгені белгілі. Бұл – ең үлкен орындардың бірі.

 Қазақстан мен Ресей арасындағы XVIІ өңіраралық ынтымақтастық форумы да біздің елімізде, атап айтқанда, Көкшетау қаласында өтпек. Форум өткізілетін орынды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынып, Ресей басшысы Владимир Путин қолдады. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласында дәстүрлі Астана экономикалық форумы ұйымдастырылып, әлемдік және халықаралық деңгейдегі сарапшылардың ғаламдағы өзекті мәселелерді жан-жақты талқылауы күтілуде. Форум аясында түрлі тақырыптағы панельдік сессиялар, дөңгелек үстелдер, конференциялар, бизнес-диалогтар өтеді. Аталған шаралардың ел аумағында өтуі Қазақстанның өзге мемлекеттердің алдындағы беделін одан әрі көтеріп, саяси серіктес ретіндегі рөлін жоғарылата түсері күмәнсіз.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button