АймақПриозерск

«Қазақстан Республикасына қызмет етемін!»

Қазақ елінің өз алдына егеменді ел екендігін анықтайтын тұңғыш ресми құжат – Тәуелсіздік декларациясын қабылдағаннан кейін дербес ел ретінде өз алдына шекарасын шегендеп, мемлекеттік құжаттарын рәсімдей бастады. 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы Конституциялық Заңы қабылданса, 1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлері «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты Қарағанды облысының Приозерск қаласында орналасқан 06708 әскери бөлімінің Қазақстан Республикасының еркіндікке қол жеткізген күнінен бастап, жылдар ағымымен жеткен жетістіктеріне тоқталғанды жөн көрдік.

Көп жылдық тарихы бар 06708 әскери бөлімі Кеңес армиясының Орта Азия әскери округі құрамында артиллериялық бригада болып, 1975 жылы Алматы облысының аумағында құрылған. Артиллериялық бригаданың бірінші командирі болып, майор Валентин Новиков тағайындалған. Әскери бөлімді әр жылдары түрлі әскери шендегі Ю.Сиджах, И. Пеньковский, А.Чучаев, Д.Скворцов, Г.Бобков, В.Ходалев, Е.Аманбаев, Д.Есхожин, Ғ.Жүнісов, А.Биназаров, Е.Аманғожаев, Ж.Жакупов және Е.Батырбеков есімді лауазымды тұлғалар басқарып келді. Бүгінгі күнде 06708 әскери бөлімінің жеке құрамына подполковник Жасұлан Абеков басшылық етіп келеді.

Құрамында он бес республикасы бар Кеңестер Одағы ыдырап, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін 1992 жылы аталған артиллериялық бригада жаңадан құрылған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамына зеңбіректік артиллерия бригадасы болып енеді. 06708 әскери бөлімі осы сапта 1993 жылы зымыранды-зеңбіректік артиллерия бригадасы деген атауға ие болады. 1999 жылы зымыранды-зеңбіректік артиллерия бригадасы қайтадан жасақталып, 2003 жылдың күзінде Қарағанды облысының Приозерск қаласына қоныс аударады. Артиллериялық құрамның Қарағанды облысының тарихында «Қоржынтүбек» деген атаумен қалған, Балқаш көлінің жағасында орналасқан Приозерск қаласына көшірілуі тегін емес еді. Өйткені, осы әскери қалашыққа жақын орналасқан «Сарышаған» полигонының алыс қашықтықтағы артиллериялық атыстарға қолайлы болуына және жауынгерлік оқу-жаттығуларда артиллерия мамандығын меңгеруді шыңдауда зор пайдасы бар екендігі аян.

Бүгінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің артиллерист-жауынгерлерінің қатарында сап түзеп жүрген 06708 әскери бөлімінің жеке құрамы Отан алдындағы мінсіз қызмет пен Ракета әскерлері және артиллерия шоқтығын биікке көтеруде аянбай тер төгіп келеді.

2019 жылдың мамыр айының басында бөлімнің жеке құрамы «Сарышаған» полигонында Беларусь Республикасы Қарулы Күштерінің зымырандық құрылымдарымен өткізілген арнайы дайындықтың қорытынды сабақтарын өткізуді қамтамасыз етуге атсалысты.

06708 әскери бөлімінің әскери қызметшілері 2019 жылдың тамызында «Сарышаған» полигонында өткен Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің Зымыран әскерлері және артиллерия бөлімшелері бірлескен оқу-жаттығуының маңызды бөлімінің тыңғылықты атқарылуына белсене қатысты. Аталған оқу-жаттығудың қорытындысы бойынша сол кездегі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Зымыран әскерлері мен артиллерияның қолбасшысы полковник А.Жоламанов 06708 әскери бөлімінің жеке құрамына өзінің шексіз ризашылығын білдірді.

Соңғы жылдары, жауынгерлік даярлықтағы оқу жылдарының қорытындысында 06708 әскери бөлімінің жеке құрамы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлері «Астана» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінің арасында үздік танылып, алдарына жан салмай келеді.

Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлері деңгейіндегі батарея командирлерінің арасындағы сайыста 06708 әскери бөлімінің намысын қорғаған батарея командирі, капитан Ұлан Әшемханов жүлделі үшінші орынды иеленіп, әскери ортадағы жеке құрамның жауынгерлік даярлығының жоғары деңгейде екенін көрсетті.

Жақында ғана қызметтік барысымен 06708 әскери бөліміне келген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал-майор А.Жүсіпов артиллерист-жауынгерлердің қызметіне көңілі толатынын жеткізіп, олардың жауынгерлік әзірлігіне оң баға берді.

Егеменді еліміздің айбынды армиясының артиллерист мамандары топтасқан ортадан қанат қаққан әскери шенді лауазымды тұлғалар арасынан бүгінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің сапындағы жоғары лауазымдық қызметтерге тағайындалып, өздерінің Отан алдындағы адал қызметтерімен биіктерден көрініп жүргендері де баршылық.

Жақында ғана «Жағалау» оқу-жаттығу полигонында өткен «Батыл тойтарыс – 2023» стратегия­лық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиынына қатысқан Қазақстан Республикасының Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөйлеген сөзінде: «Бүгінде әлемдік қорғаныс жүйесінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Қазіргі ұрыстардың әдіс-тәсілдері де басқа, әсіресе, гибридтік соғыс түрлері кең таралуда. Шабуылдар әскери ғана емес, ақпараттық, психололгиялық, саяси, экономикалық, және басқа да сипат алуы мүмкін. Сондықтан, Қазақстан армиясы кез келген сын-қатерге дайын болуы қажет. Бұл – заманауи әрі кәсіби әскерге қойылатын басты талап. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақстан. Елімізді, жерімізді, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды қорғау – баршамызға ортақ қасиетті парыз!» – деген еді. Бұл ретте айтарымыз, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлері «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты 06708 әскери бөлімінің жеке құрамы мұнымен тоқтап қалмасы анық. Алда биік асулардың белесін бағындыру керектігі белгілі. Сондықтан, Отан алдындағы қызмет пен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы тапсырмаларын бұлжытпай орындауда 06708 әскери бөлімінің жеке құрамы бойдағы бар күш-жігерлерін жұмсауға әрқашанда дайын.

Тілек КЕНЖЕБЕКОВ
Қазақстан Республикасы ­Қарулы Күштерінің ардагері,
Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы

Суреттерді түсірген, Думан Құрманғалиев

Приозерск

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button