Қазақстан құрамасы – ІІ орында

  Қысқы Универсиада ойындарының екінші күнін Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте ІІ орында қорытындылады. Бұл жетістікте қарағандылық конькиші қыз Екатерина АЙДОВАНЫҢ да үлесі бар.

31 қаңтар күні ел құрамасы қоржыны бірнеше медальмен толықты. Оның ішінде алғашқы алтын медальдар еншімізге жазылды.

Алдымен биатлоншы Алина Райкова 15 шақырымдық жекелей жарыс­та қарсыластарын қапы қалдырып, ел мерейін асырды. Күміс жүлдені де қазақ­стандық бойжеткен олжалады. Галина Вишневская мәре сызығын екінші болып кесті. Ал, осы сындағы қола медаль украиналық Надя Белкинаға бұйырды.

Алина Райковадан кейін фристаилшылар дуэті Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек екінші алтынға қол жеткізді. Олар аралас командалық акробатика сайысында қытайлық қыздарды артта қалдырды.

Жерлесіміз Екатерина Айдова қола жүлдені қанжығаға байлады. 1,5 шақы­рымға конькимен сырғанауда Катя ре­сейлік Александра Качуркина мен жа­пондық Нане Такахашиге есе жіберді. 2:06:58 уақытты көрсеткен Айдова Качуркинадан небары 0.38 секундқа қалып қойды.

Жарыстан кейінгі баспасөз мәс­ли­хатында қарағандылық қыз өзіне қолай­ыз ауа райы кері әсер еткенін айтты. Естеріңізге сала кетейік, сол күні Алматыда қалың қар түсіп, сайыскерлердің еркін өнер көрсетуіне кедергі жасаған еді.

Сондай-ақ, 5 шақырымға созылған жаңғышылар жарысында Анна Шевченко қола медальді қанағат тұтты.

Осы күні Қазақстанның ерлер құрамасы Швеция командасын ойсырата жеңді. 5:0 есебімен аяқталған ойында Кирилл Савицкий, Ярослав Евдокимов, Константин Савенков, Антон Сағадеев және Гренц мергендіктерімен көзге түсті.

Енді, біздің хоккейшілер 3 ақпанда чехтармен ойнайды.

Сөйтіп, қазақстандық жастар екінші күні медальдар жаңбырын жаудырып, командалық бәсекеде ІІ орыннан көрінді. Қоржында – 2 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль.

Көш басында – теріскейдегі қоң­сымыз. Ресейліктердің еншісінде 8 алтын, 7 күміс және 2 қола медаль. Барлығы – 17. Үздік үштікті 5 медальмен Қытай және Польша құрамалары түйіндеуде. Әрқайсында 2 алтын, 1 күміс, 2 қола медальдан бар. Италияда – 2 алтын.

Универсиаданың үшінші күнінің көрсеткіштері туралы газетіміздің келесі санында әңгіме қозғайтын боламыз.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.