Жаңалықтар

Қазақстанға қашан қар жауады?

Желтоқсан айының алғашқы онкүндігінде еліміздің басым бөлігін қар басады. Мұндай болжамды «Қазгидромет» РМК ұсынды, деп хабарлайды ortalyq.kz Kazinform сайтына сілтеме жасап.

Сурет: Уикипедиа

– Қазақстанның басым бөлігінде қар жамылғысы желтоқсанның бірінші онкүндігінің соңында, ал республиканың оңтүстік-батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында айдың екінші жартысында түседі деп болжануда. Желтоқсан айының басында Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауады. Сондай-ақ тұман, көктайғақ құбылыстары байқалады деп күтіледі. Ал солтүстік өңірлерде ұйытқыған жел мен жаяу бұрқасын соғуы ықтимал, – деп атап өтеді Қазгидрометтен.

Мекеме мәліметінше, желтоқсанның 5-нен кейін оңтүстік аймақтарды қоспағанда елдің басым бөлігінде аязды ауа райы күтіледі. Қар жауып, бұрқасынды жел күшейеді. Термометр бағаны түнгі уақытта -10-20°С-қа, күндіз-3-10°С-қа дейін төмендейді деп болжанады.

Күз неге жылы болды?

Қазақстан аумағына тән емес жылы күз бен қыстың кеш келуі батыс және оңтүстік циклондардың жиі болуымен, сондай-ақ Иран мен Жерорта теңізі аудандарынан жылы ауа массаларының келуімен байланысты. Осыған орай Қазақстан аумағындағы температуралық фон климаттық нормадан 3-10° С-қа жоғары тіркелді. Метеобақылау тарихында осы жылдың қараша айы өте жылы болды. Жылы ауа-райының жоғарғы шегі 17-18 қараша аралығында байқалды. Соңғы рет ауа райы жылы қараша айы 2010 жылы тіркелген еді. Сол кезде ауа температурасы нормадан 2-7° С-қа ауытқыды.

Мұндай құбылыс ел тарихында қашан байқалды?

Көпжылдық бақылауларға сәйкес, Астана қаласында қар жамылғысының ең кеш түсуі 1967 жылғы 15 желтоқсанда (56 жыл бұрын) және 2008 жылғы 14 желтоқсанда (15 жыл бұрын) тіркелді.

Тарихи деректерге сүйенсек, елордада қар жамылғысының ерте түсуі – 10 қазан, орташа түсуі – 10 қараша, ал кеш түсуі 15 желтоқсанда болды. Соңғы үш жылда – 2020, 2021, 2022 жылдары қарашаның бірінші онкүндігінің соңында, екінші онкүндігінің басында тұрақты қар жамылғысы тіркеліп, орташа қалыңдығы 8-13 см болды.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button