Қазақ поэзиясының пайғамбары
Таң ерте атса да, қала көшелері күндегідей абыр-сабыр емес. Көңілдер күйбеңнің күйін шертуден шаршағандай ептеп тынышталып қалған. Ал, «Шалқыма» концерт залының алдындағы қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының еңселі ескерткішінің маңында кісі қарасы қалың. Бәрінің қолында құрмет нышанын аңғартатын гүл бар. Иә, Абай күні мерекесін қарағандылықтар осылайша ерекше көңіл күймен қарсы алды.
Хакім ескерткішіне арнайы келгендер қатарында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Нұржан Ілияш, «Ғасыр адамы», атақты ғалым Темірғали Көкетаев, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері жазушы Төрехан Майбас, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Сүйіндік Жанысбай, мемлекеттік қызмет ардагері Ниханбай Омарханов, қоғам белсендісі Майра Әбдірахманова және басқа да зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары, студент жастар бар.
Алдымен, қазақтың дәстүрді ән өнерінің Арқадағы белді өкілі, «Құрмет» орденінің иегері, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі Сержан Мұсайын әуелете ән шырқады. Кейін аға буын өкілдері бастап ақын рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
– Қазақтың керемет жазушысы Асқар Сүлейменовтің «Қазаққа ес кіргенде, Абай ескіреді» деген сөзі бар еді. Мұны «Асығыстықпен айтты» дейтіндер де кездеседі. Асқар ағамыз дұрыс айтқан екен. Өйткені, біз Абайды әлі күнге дейін игере алмай келе жатырмыз. Хакім шығармалары бізбен бірге жасап келеді, жасай береді де. Ал, біз Абайдың шекпенінен шыға алмай жүрміз. Абай деген, тек поэзия немесе өлеңнің болмысынан тұратын адам емес. Ол – философиядан, пәлсападан тұратын тау тұлға. Біз Абайды игере алмай отырғанымызбен қатар, өлеңдерін, қара сөздерін шет ел тілдеріне аудара алмай келеміз. Сондықтан да, «Абай аударуға келмейтін ақын» деп жүрміз. Себеп – біреу. Абайдың барлық шығармасы философия мен пәлсападан тұрады. Философия – өмірдің өзі алып келген пайым, пәлсапа – көктен түскен пайым. Бұл екі пайым қосылса, өмірде ғұламалар пайда болады. Абай сонысымен де хакім, ғұлама болып тұр. Асқар Сүлейменов дұрыс айтқан. Өйткені, біз Абайды мақтаймыз, бірақ, шығармасының ішіне, жан дүниесіне, болмысына әлі кіре алмай жүрміз. Оның туындылары әлемнің көптеген тілдеріне аударылуы тиіс. Осыдан бір жарым ғасыр бұрын айтқан сөздері әлі өзекті және алдағы уақытта маңызын жоймайды. Абайдың туындыларын Абай күнінде ғана емес, үнемі насихаттау керек, – дейді жазушы Төрехан Майбас.
Гүл шоқтары қойылып жатқанда ақынның еңселі ескерткішіне қарап тұрып, оның асқақтығына, биіктігіне іштей сүйсіндік. Ойының бірнеше ғасыр алға озып кеткеніне таң қалдық. Ақынның соңында қалған мұрасын толық тани алмай жатсақ, өз кінәміз ғой деген де ой келді. Ол өлең жазса да, ән жазса да жеріне жеткізіп жазған. Не деген талант! «Желсіз түнде жарық ай» әні баяу ғана ойнап тұрды. Құлағымызды жазушы, ардагер журналист Сүйіндік Жанысбай ағамыздың сөзіне түрдік.
– Абайды дәріптеп-ақ жатырмыз. Бірақ, бұл – өте аз. Өйткені, кейде Абайдың тізесіне де келмейтіндерді жер-көкке сыйғызбай мақтаймыз. Кейбіреуі өзін «Абайдан асып кеттім!» деп те жатады. Осы бізді қынжылтады. Бір айта кетерлігі, ғалымдарымыз, жазушыларымыз, жауапты адамдар Абайдың канондық шығармаларының толық жинағын шығарып біткен жоқ. «Мынау – нағыз Абайдікі, енді, бұл сөзді өзгертуге болмайды!» деп айтатын, көрсететін сондай өлеңдер жинағы қажет. Мысалы, Гетеден аударған «Желсіз түнде жарық ай» деген туындысын кейбір әнші, ақындар «Ауылдай жаны терең сай, тасыған өзен гүрілдеп» десе, енді бірі «Ауылдың маңы терең сай, тасыған өзен гүрілдеп» дейді. «Маңы» болса, көлемді болады да, ауылдың айналасы толған өзен болып кетеді. Негізі «Ауылдың жаны» болуы керек дұрысы. Яғни, өзен ауылдың жанынан ағып өтеді деген сөз. Міне, сондықтан да, канондық шығармаларының жинағына зәруміз. Сосын, Абайды айтқанда Әлиханды, Ахметті айтпай кете алмаймыз. Өйткені, Абайдың туындылары жөнінде алғаш пікір айтып, мақала жазып, насихаттауды бастаған осы Ахмет, Әлихандар. Абай күні – осы игі істің заңды жалғасы. Тоқтамаса екен, – деп атап өтті Сүйіндік Жанысбай.
Сонымен қатар, ақын рухына тағзым ете келген жастардың да өз айтары бар. Солардың бірі, жас мұғалім Ербол Жаңабаев хакім шығармаларын өмірлік ұстаным қылып жүрегінде сақтап, сонымен өмір сүретінін айтады.
– «Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген терең мағыналы сөзі жүрегіме сақталып қалды. Туыстарыма, достарыма, таныстарыма үнемі осы сөзді айта жүремін. Осы үш қасиет бойынан табылып, соған амал қылған жан адаспайды. Өмірден өз жолын тауып, «Дүниенің кетігіне кірпіш болып қаланып», жұрттың мақтағанына алданбай, өзінің адал еңбегіне сеніп, жан-жағына нұр шашып жүре алады. Абай күнін жылда тойлаймыз. Керемет бастама. Болашақта «Қасым күні» деген мереке белгіленсе де, қуана құптар едік… Тағы бір айтарым, алдағы уақытта Абай шығармашылығы бойынша Абай күні қарсаңында жастар арасында ғылыми-зерттеу бағытында байқаулар ұйымдастырылса, құба-құп. Абайтануға аз да болса жастар да үлес қосар еді, – дейді Ербол Маратұлы.
Байқасақ, Абай күні бос дабыра емес, келелі де тағылымды жұмыстарға, зерттеулерге ұласқалы тұр. Ендеше сан алуан пікір, түрлі көзқарас, тың идеялар баршылық. Қажеттісі болса, алдағы уақытта ескеріле жатар деп үміттенеміз…
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттер ұйымдастырушылардан