Басты тақырыпТарих

ҚАЗАҚ ОҚЫҒАНДАРЫ

Айқармамызды ата-бабасының толарсағынан қан кешіп жүріп қорғаған Елі мен Жерін, қаламсабына қан қатып отырып жау тырнағынан арашалаған қайран Әлиханның өз мақаласымен бастадық! Әрбір жазған саяси публицистикасы, әдеби сын мақалалары, аудармалары, жеке хаттары, ірі ғылыми монографиялық зерттеу еңбектері, бәрі-бәрі – озық үлгі!

Қалған ой-пікірлер – осы Темірқазықты айналған ақбозаттар мен көкбозаттар. Қошке КЕМЕҢГЕРҰЛЫ айтпақшы: «Үкiметтiң қара қуғын жасаған күндерiнде айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшiн басын құрбан қылған ат төбелiндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – ӘЛИХАН».

Редакциядан

Қай жұрттың болсын болашақ тұрмысына ерік беріп, жаңалық кіргізетіні, халықтың ұлғайып кеңеюіне кедергі болатын зиянды ғұрып-әдетін, қараңғылығын жоятын жолбасшы көсемі – сол халықтың өз арасынан шыққан оқығандары. Қараңғы халықтың тұрмысын гүлдендіріп, жарыққа шығаратын да, халықтың еңсесін құрытып, ұйқыға салатын да – оқығандар. Оқығансыз қара халық ешқайда бармақшы емес.

Сондықтан оқыған деген сөз түсініп бағалай білген кісіге зор, терең мағына иеленбекші.

Оқыған деген сөз не мағынада? Оқыған адам деп шын мағынасында қандай адамды айтуға керек?

Әрине, бұл сұрауларға әр халық өз ұғымының дәрежесіне қарай жауап береді. Мысал үшін біздің жалпы қазақ халқының оқыған туралы ұғымын алайық. Қазақша «оқыған» – ақтан қараны тани білсе, оңған сырылға (?) қағаз бетіне із сала білсе, сыртқы сипаты оқыған адамдар осылай болатын шығар-ау деген ұғымына тура келсе, болмаса біреу араларынан шығып, 4-5 жыл бөтен жақта жүріп сыртын бояп «оқыдым» деп қайтып келсе, не болмаса – біреулер үстел артында отырып мекемелерде қызмет істеп жүрген болса, осылардың бәрі де жалпы жабайы халықтың көзінде «оқыған» болып табыла бермекші. Халықтың «оқыған» дейтін адамдарының көбі осы жоғарғы айтылған адамдар. Қара халықтың оқығаннан күтетін жақсылығы да жоғарғы ұғымнан ұғымына түстес келеді. Басына іс түсіп, сорлы болып дауға ұрынса, я болмаса басқа да сол сияқты оқығанға тіленетін істерге кездессе, сол уақытта оқығанды қажет ескереді.

Оқығанды аса қажет, керек қылатын жері екі ел. Бірі бірімен даулы болса, я партия болса, сол уақытта оқығанды керек қылады. Болмаса жалпыға пайдалы болатын бір игілік істі істету үшін немесе жас буындарға басшылық қылу үшін керек қылмақшы емес.

Қара халық баласын оқытса да, түпкі ойы – баласы оқып әжетке жараса, жазу-сызу білсе, сол білгенін білек қару қылып өзіне беттескен дұшманын мұқатып кек алу, не болмаса төре болып ел билеп шенді болса екен деу ғана. Орысқа баласын оқытқан қазақтың түпкі пікірі осыған барып тиянақтайды. Жақсылап дауын даулап, партиясына қатысып, сойылын соқпаған оқығаннан жұрт еш жақсылық күтпейді. Ондай оқығандардан болған, дегеніңді істеп беретін ауызы түкті ағамыздың өзі анағұрым екі емес пе дейді (?).

Халықтың бұл пікірі бұдан бұрынғы жиырма жыл шамасындағы пікірі деп айтуға болады. Жалпы жабайы халықтың осы пікірі көп жерде әлі бұл күйден айнымастан келеді. Халықтың бұл пікірінің өзгермеуінің себебін тексерместен бұрын қазақтың біраз оқығандарының қандай түрде екенін тексеріп өту қажет.

Қазақтың оқығандарының көбінің өзінше оқығандармыз деп жүргендердің біразының мінез-құлқын, ой-қырын, тұтынған мақсатын тексерсек, жоғарғы айтқан жалпы ел адамының пікірінен онша ажырап ұзап кетеді деп айтуға болмайды.

Көбі тексеріп келгенде ел адамдарымен бір типтес болып шығады. Көбінің көксегені бақ, дәреже, күйттегені – сән-салтанат, мақтау, мақтану. Өзінің өзгеден үстемдігін сүю, дұшманын мұқату, жақынын жақтау, партия құмар, қара басының қамын ойлау. Міне, осы сипаттарды бойларына тегіс сіміріп жүрген оқығандардан бұрынғы уақыттарда болсын, әсіресе соңғы кездерде аяқ алып жүре алмастай болып кетті. Көбі отырған орнымен бағаланады. Мұнысы былай тұрсын, бойына өлшеп тон пішпейді. Ілгергі ірі орындарға басқыштап секіре бергісі келеді. Көбінің [аңсағаны] ауына алтын балық іліккен балықшы шалдың кемпірінің [аңсағанына] ұқсайды. Сырттың сұлулығын күйттеу адамшылықтың бір [нысанасы] деп біледі. Ел арасына шықса аты үстінен қарайды. Ауызымен орақ орады, сөйлемейтін жақта көпіреді. Дүниенің тұтқасы қолында болады, алдына жан салмайды. Мінін айтса – дұшман көреді, қатесін мойнына алмайды. Өзінше интеллигентпін (оқығанмын) деп дағуа қылса мас жүзінде демагог, өзін сүйгіш болып шығады. Жақынына болысып, олардың дауын даулайды. Көбіне қиянат істерге кіріседі, ақты қара қылады. Бейуаз [?] жазықсыз адамдарды нақақтан жаздырады. Осы ретпен ел арасына бишекеш законшіктерді көбейтеді (Ел арасында момындарға әкімшілік қылатын законшіктердің қайсысының болсын не ояздық, не губерниялық шаһарларда бір басқышы болмай қоймайды. Олар әкімшілікті жоғарғы арқа сүйер таянышына сеніп істейді, не оқыған жақыны болса, соны бәлек қылып сыртынан атын сатады немесе әлгідей жақынына сенеді: әйтеуір, не қылған күнде ел бұзықтарының жоғарыда бір басқышы болмай қойған емес). Елдің партиясын көбейтеді, бір сайланған халкомдардың бастықтары жылында неше рет сайланады.

Партия дауын даулап екі елді біріне-бірін шағыстырып, дауға ұрық шашып жүретін оқығандарды екінің бірінен табасың. Осы жоғарғы жаман мінездердің көбін тудыратын оқығандардың қара басын күйттейтіндігі. Шоқтай болып киініп, тамаққа тойып, шылымды, әне, неше түрлі тартып, екі қолын қалтасына салып, қарақан басына қаранып «черт возьми: везет мне!» деп оңды-солды жүріп, екі езуі құлағында. Дауысын көтере сөйлейтін, тойғанын көтере алмай, газеттің фельетонына қыстырылып жүретін оқығандар – о да екінің бірінен табылады.

Жоғарыдағы елдің адамдары мен оқығандардың көбі бір типтес деуіміздің себебі осы. Оқығандардың көбі осындай пікірде, оқыған осындай мінез-құлықта жүргенде, ел адамдарына жоғарғы айтылған ұғымдар жүктелмегенде қайтсін. «Оқыған» деген сөздің қысқаша мағынасын түсіндіргенде, бойдағы надандық сипаттары түлеп, адам өзіне меңсіз ақ болмағанмен де, білім тек адам баласының шын мағынасында мінез-құлқын түзеуге үлгі боларлық сипаттарды жүктеуі керек. Яғни, жоғарғы айтылған біздің оқығандарда болған сипаттар шын мағынасында оқыған адамдарға шектесетін сипат емес.

Оқыған адамдарда болатын сипаттар жоғарғылардан керісінше болмақшы, оларға қарсы болмақшы. Оқыған адамға адамшылыққа бейім сипаттар мына төмендегі түрде болып шығуы керек.

Оқыған адамдарда ең бірінші қасиетті сипат сол – алдымен оларда дүниеден қараған бір белгілі көзқарасы болады, нық бекіген бір мақсаты болады. Айнымайтын бір белгілі идея меншіктенеді.

Міне, бірінші оқығанның сипаты осы болса, төменгі айтылған сипаттар өздігінен туа бастайды. Яғни оқыған адамдар, жоғарғы айтқандағыдай өмірі аз, байлық, билік, дәрежені олар мақсат қылмайды һәм ондайларды олар бақ-дәреже деп танымайды, мақтану үшін іс қылмайды, сыртқы бояуға масаттанбайды. Анық әділдік, адамдығына жұрт сенеді. Мынау былай шығар-ау деп айтудан тіл күрмеледі. Жат-жақын, туған-туысқан демейді. Өзін адам баласы үшінмін деп, өзі үшін өзгені құрбан қылмайды. Өзін-өзі күзетеді, сырқ жалын айқайды қолданбайды, «ақырын жүріп анық-анық бас, еңбегің кетпес далаға» дейді. Шын досынан айнымайды, басқаға кек сақтап, дұшмандық ұрығын шашпайды. Болашаққа үлгі болуды мақсат қылады.

Міне, шын оқыған адамдарға, сырт қарағанда, болатын сипаттардың нешелері осылар. Мұндай сипатты елеген адамда, әрине, басқа да түрді қасиеттік сипаттар өздігінен туа бермекші. Сөздің қысқасы, біздің қазақ салты оқығанға кедейміз. Шын бар деген оқығанымыз арамызда санамалы ғана. Ол оқығандар ………… оқығандары әр жерден бір жарқырап жанған шырақтың жарығы қаншаға жетпекші. Біздің малданып жүрген оқығандарымыз, шынын айтқанда, оқыған емес. Біз өзімізді-өзіміз алдап жүрміз. Өзіміз былай тұрсын, оларымызбен халықты алдап жүрміз. Оқыған атын жүктеуге хақымыз жоқ. Сөз жоқ: наданбыз. Бұл жерде надандықтың өзін де өз түсінгенімше ашық айтып кеткім келеді.

Меніңше, надан екі түрлі ғой: өзінің надан екенін білмейтін, надандығын мойнына алмайтын, білмесе де білем дейтін, әлін білмеген үмітсіз надан бар.

Екіншісі, алғашқының керісінше[сі]: анық өзінің надан екендігін сезетін, өзін-өзі қарайтын, бойына лайық тон пішетін, надандығы өзінен өзгеге онша залалды емес надандық бар.

Біздің жоғарғы айтылған бояма оқығандарымыздың дені көбіне осы айтылған екі шын наданның алғашқысына [лайық] болып шығады. Асылы – оқыған жағынан біздің қазақтың халі нашар: «оқыған» деген оқығанымен осындай күйде тұрғанда, қазақ халқының болашақ тағдыры қай түрде шешілер – оны келешек көрсетер.

Ғ.Б.

«Бостандық туы» газеті, № 6 (62), 12 сәуір, 1922 жыл. Қызылжар (Петропавл) қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button