«Қазақмыс»: еңбеккер мүддесі ескеріледі

Жуырда «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарушы кеңесінің Бас директоры Бақтияр ҚЫРЫҚПЫШЕВ кәсіпорын жұмыскерлерінің еңбек етуіне қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау мақсатында қолға алынған іс-шаралардың қорытындысына байланысты кең ауқымды жиын өткізді.

Салмақты сөз қозғалған байсалды басқосуда Бақтияр Абдрахманұлы компанияның алғашқы жартыжылдықтағы жұмыс қорытындысы оң сипатты иеленетінін айрықша атап өтті. Ал, жекелеген кемшіліктер жыл соңына дейін ретке келтірілмек.

Қолға алынған әлеуетті әрекеттердің нәтижесінде кәсіптік сырқаттардың көлемі біршама азайғаны аңғарылады. Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстар да белсенді түрде жүргізілу үстінде. Соған орай, түрлі тәсілдер нұсқалары қарастырылып, өндіріске тың тәжірибелер батыл енгізілуде. Мәселен, Сәтбаев қаласында алғашқы рет жеке қорғану құралдарының корпоративтік көрмесі ұйымдастырылды. Оның қорытындысы бойынша іріктеліп алынған құрылғыларды сынақтан өткізу жоспарланып отыр.

Жиын барысында Бақтияр Қырықпышев бригадирлердің қызметіне де тыңғылықты талдау жасады. Жоспарды орындау, әрине, оңайға соғар шаруа емес, десек те, өнім өндіру ісінде өсу бағыты белең алып келеді. Биылғы жылдың 10 айында 14 млрд. теңге көлемінде инвестиция игерілген. Құрал-жабдықтарды жаңартуға қатысты айтарлықтай ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Негізгі міндет – барлық кәсіпорындардағы еңбек жағдайын жақсарту.

 Ел көңіліне мейлінше қонымды жайттың бірі – Елбасы Жолдауы аясында 2019 жылдың қаңтар айынан бастап төменгі жалақыны 1,5 есеге ұлғайту, сондай-ақ ең төменгі деңгейде жалақы алатын азаматтар санатының жалпы еңбекақы көлемін көтеру бойынша нақты міндеттер қойылуы. Бүгінде «Қазақмыстағы» төменгі жалақы көлемі 72 мың теңгені құрайды. Бұл көрсеткіш соңғы жылдары тұрақты түрде өсіп келеді. Сондай-ақ, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне дейін қалыптасқан дәстүрге сай жылдық сыйақы төленбекші.

Бұл Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауындағы «Төмен жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге қатысты бұл бастаманы ірі компаниялар қолдайды деп сенемін» деп айтқанына орай, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жұмыскерлерінің жалақы деңгейін көтерудегі игі қадам екені сөзсіз.

Корпорация үшін, әсіресе Жезқазған өңірінің маңызы өте зор. Мұнда жаңадан ашылып жатқан кен орындары болашаққа нық сеніммен қарауға мүмкіндік беріп отыр. 2020 жылға дейін Ұлытау ауданында екі кеніш іске қосылмақ. Солтүстік-Жезқазған кеніші де өз жұмысын жүйелі түрде жалғастыратын болады.

Қысқасы, корпорация қызметінің басты құндылығы – қарапайым еңбеккерлер, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігі, ал бағыты – кәсіпорынның үздіксіз жұмыс атқаруы мен техникалық қауіпсіздіктің мүлтіксіз сақталуы.

Жұмыскерлерінің қауіпсіздігі үшін тікелей жауапкершілікті сезінген корпорация басшылығының бастамасы – өндірістегі нақты жағдайды көруге және өндірістік қауіп-қатерлерді жоюдың тиімді шараларын жасауға мүмкіндік береді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.