Қазақ келіні

Жүзін көрмей, сөзін естісеңіз, қазақ екеніне күмәніңіз болмайтын Балқаш қаласында орыс ұлтының өкілі Александра ДРАГУНОВА есімді көпбалалы ана тұрады. Қазақ тілінде бар ойын еркін жеткізіп қана қоймай, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да бір кісідей меңгеріп алған кейуана осындай қасиеттерінің арқасында бір шаңырақтың берекесін келтіріп, отбасының алтын қазығына айналып отыр.

Бүгінде 86 жастың төріне шыққан Александра әжейдің айтуынша, 1954 жылы Ресейден мұғалімдік жолдамамен Ақтоғай ауданының Шұбартау кеңшарына келеді. Шұбартаудың «Таң» мектебіне орыс тілі пәнінің ұстазы болып жұмысқа орналасады. Негізі туып өскен жері бір кездегі Мордовия Республикасының Ичалков ауданындағы Ташкино елді мекені екен. Өзінен кейін Нина, Валя деген сіңілілері болған көрінеді. 8 жасынан еңбекке араласқан тыл еңбеккері ерте есейіп, бауырларына қамқор болыпты.

– Мен Шұбартау ауылына мұғалім болып келгенде небары 19 жаста едім. Әрине, басында қиын болды. Себебі, басқа қалаға емес, басқа мемлекетке көшіп келдім ғой. Бірақ та, уақыт өте келе елге де, адамдарға да үйреніп, өмір сүріп кеттік. Расы керек, танымайтын жерге қазақша бір ауыз сөз білмей келдім. Бір қызығы, шәкірттеріме орысша үйретем, олар маған қазақша үйретіп осылайша тіл табысып кеттім. 1956 жылдың жаз айында асыл жарым Қуанышбек Смағұлов екеуіміз шаңырақ көтердік. Марқұм жолдасым ол уақытта Қаратал мектебінде тарих пәнінен сабақ берді. Аталмыш мектепте мен де 17 жыл орыс тілі пәнінен ұстаздық еттім. Кейіннен Айыртас совхозының мектебіне жолдасым Қуанышбек мектеп директоры қызметіне тағайындалып, ұстаздығымды сол ауылда жалғастырдым. Ол уақытта бала күтімімен отыруға уақыт жоқ. Босанғаннан кейін жұмысқа шығып кететін едік. Сонда марқұм жолдасымының анасы Қадиша шешеміз балаларды қарап, бағатын. Жеті баланың анасы атандым. Қазақ топырағына табаным тиіп, қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, қазақ отбасына келін болуды жазған тағдырыма ризамын, – дейді Александра Драгунова әжей.

Ұзақ жылғы ұстаздық қызметі үші КСРО Жоғарғы Кеңесінің бұйрығымен «Ленин» орденімен марапатталған. Ақтоғай өңірінде мұғалімдік жолы қалыптасып, ауыл балаларының білім алуына өзіндік үлес қосқан еңбегі бағаланып, бірнеше мәрте марапатқа иелік еткен. Одан бөлек, т ы л д а ғ ы еңбегі үшін түрлі мерекелік м е д а л ь д а р м е н марапатталған. Білікті ұстаздың алдын көрген шәкірттері бүгінде мықты мамандарға айналған.

Қарт ұстаз Александра Драгунова 7 баладан 17 немере, 25 шөбере сүйіп отырған ардақты жан. Күміс алқа иегері әлдеқашан ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Анасының жолын қуған балалары да бар екен.

– Менің қазақ ұлтымен жаным бір. Қазақтың дархандығына, кеңдігіне, бауырмалдығына жер бетінде ешбір ел жетпейді. Ешқашан жатсынбастан өз отбасына құшақ жая қарсы алған ата-енеме, жалпы, қазақ халқының кең пейіліне, көңіліне алғысым шексіз. Осынау 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен барша қыз-келіншектерді шын жүректен құттықтаймын. Бір-бірімізге деген ықылас-ниетіміз ортаймасын, – деп әңгімесін аяқтады Александра әжей. Ананың шаңырағында болған сәтінде байқағанымыз өнегелі отбасынан тәрбие алған балалары шеттерінен өте ақылды да инабатты болып ержетіпті. Бір-біріне деген бауырмалдығы да басым. Ендеше, берекесі мен бірлігі жарасқан отбасының шаңырағынан шаттық кетпесін деп тілейміз!

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.