Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы және драматург Әкім Тарази өмірден өтті
Қазақ әдебиетінің классигі, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Тарази дүниеден озды.

Заңғар жазушының дүние салғаны туралы қаралы хабарды Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ұжымы хабарлады.
– Қазақ әдебиеті мен өнері орны толмас ауыр қайғыға ұшырады. Бүгін көрнекті жазушы, драматург, киносценарист, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және Франц Кафка медалінің иегері, профессор Әкім Үртайұлы Таразидің дүниеден өткенін күйзеле отырып хабарлаймыз.
Әкім Тарази — қазақ әдебиеті, киносы мен драматургиясының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Оның қаламынан туған туындылар қазақ әдебиетінің алтын қорынан орын алды. Тарихи, философиялық, әлеуметтік тақырыптарды терең қозғаған шығармалары бірнеше буын оқырманның рухани жан азығына айналды.
Қазақ әдебиеті, мәдениеті мен өнері жолындағы еңбегі мәңгі есте сақталады. К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті ұжымының атынан, Отбасы мен туған-туыстарына, шәкірттері мен оқырмандарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз, – делінген қаралы хабарламада.
Жазушы 2023 жылы 90 жас мерейтойын атап өткен болатын.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА