Жаңалықтар

Қазақ баспасөзінің қайқы қылышы

1991 жылдың 19 тамызы кеңестік жүйенің құлдырау шегіне жеткен кезі. Дәл осы күні Мәскеу радиосы таңғы хабарын КСРО Жоғары Кеңесі төрағасы Лукьяновтың мәлімдемесімен бастады. Онда КСРО-ның Президенті М.Горбачевтың денсаулығы сыр беруіне байланысты империяны билеушінің мансабын вице-президент Геннадий Янаевқа ойысатыны айтылды. Осыған орай, кеңес құрамындағы кейбір өңірлерде алты айға төтенше жағдай енгізілді.

Сурет: ortalyq.kz

Алып державаның саяси өміріндегі сызатты сезген әлем бақылаушылары бұл оқиғадан түрлі жорамал жасады. КСРО-ның күйреу алдындағы күйін «Бұл төңкеріс!» деп баспасөз бетінде ашық сипаттаған Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы, парасатты публицист Нұрмахан Оразбек еді. Ол тамыз бүлігі туралы туындысында: «Иә, көреген саясатшылар әлдеқашан айтқан диктатура қатері іс жүзіне айналды», – деп төңкерістің астарын тамыршыдай дөп басып, ашып жазды. Респуб­ликалық деңгейдегі қазақ, орыс тіліндегі қабырғалы басылымдар бұқпа мінез танытып отырғанда, Нұрмахан Оразбек бірегей мақаласымен ұлтының көкейкесті мұратын ашық айтты.

Тәуекел тұлға осы мақаласы үшін газет қызметкерлерін қудалауға салмауды, жауапкершілік жүгін бір өзі көтеретінін ескертіп, күн бұрын қолхат жазып қалдырған екен. Кісіліктің төрелігі осындай-ақ болсын! Кеңестік жүйе сойылын соққан заманның өзінде азат ойдың иесі аймақтық басылымға қазақтың «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деген кесек сөзін ұран етуі көзсіз ерлік емей немене? Қазақтың барын түгендеп, жоғын жоқтаған жампоз журналист hәм жазушы Нұрмахан Оразбектің есімі тәуелсіздіктің таңы атқалы елеусіз, ескерусіз қалып келді.

– Ел оны да ұмытып кетті. Баяғыдан егемен елде өмір сүріп жатқандай?

Ең әуелі Балтық жағалауы елдері бастап, ең соңында СССР­-дің ақи иесі Ресейдің өзі қоштап, темір құрсауды үзіп шыққанда, елдің көшкен жұртында қалған егемендігін ойланып-толғанып әзер алған, «Елбасының» есім-сойын Ата Заңына жазамыз деп жүрген елге не деуге болады?!

Сол кезде шыр-шыр еткен Қазақстанның жалғыз ұлын елемей отырған бұ жұртқа не деуге болады?! – деп толғанды халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Ақсұңқар.

Қарағандылық жазушы, этнограф Төрехан Майбас тарихи тұлғаны ұрпақ жадында қалдыру үшін кеншілер өлкесінде түрлі іс-шаралар атқарылуы тиіс деп меңзейді:

– Жайық Бектұровпен келмеске кеткен қазақ руханиятын қарағандылықтарға қайтарған Нұрмахан Оразбек еді. Олай болса, біртуар тұлғаның атын мәңгі есте қалдыру үшін қандай шара ұйымдастырса да, жарасады деп ойлаймын. Көше атауын, әлде мәдениет-өнер ғимаратына есімін бере ме, бәрі де жарасымды! – деді.

Біреу білсе, біреу білмес, Нұрмахан Оразбек тоталитарлық жүйенің тар құрсауына маталып, мұрағатта жарияны сарғайып күтіп жатқан Алаш қайраткерлерінің жақұт жырлары мен жалынды жазбаларын облыстық газетке басты. Әрбірден кейін ол тәуелсіздіктің таңы қылаң бермей тұрған дәуір болатын. Біле білсек, Мағжан Жұмабаевтың әйгілі «Батыр Баян» дастаны тұңғыш рет «Орталық Қазақстан» арқылы барша қазақ оқырманымен қауышты. Топшылай келгенде:

– Шындықты қасқайып тұрып айтқан қаламгердің ерлігі кімге болсын, үлгі деп нық сеніммен айтуға болады. Жас толқын мұны білуі тиіс, мұндай батыл қадам, нартәуекел істі насихаттап отыру – біздің қасиетті борышымыз.

Сол себепті де, Нұрмахан Оразбек сынды біртуар тұлғаның аты Арқа төсінде, кеншілер астанасында мәңгі қалуы тиіс. Қаламгердің есімі қаланың бір көшесіне ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір беріледі деген сенімдеміз. Өйт­кені, қазағын, ұлтын жанындай жақсы көріп, басын бәйгеге тіккен жайсаң жан мұндай құрметке әбден лайық! – деді «Saryarqa Aqparat» ЖШС директоры Қайрат Әбілда.

Өткенге салауат, ертеңге аманат!

Арқаның ардақты азаматтарының ұсынысы іске асар-аспасына уақыт төрелік етері анық. Дей тұрғанымен, Нұрмахан Оразбектей қажырлы қайраткердің есімін дәріптеу – келешек ұрпаққа Қазақстанның шынайы тарихын зерделеп, қайта жазуға сеп болмасына кім кепіл?

Рухани шырақшы Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетін үш жыл басқарды. Ілгеріде, «Лениншіл жас» қазіргі («Жас Алаш»), «Егемен Қазақстан» рес­публикалық газеттерінде қызмет еткен. Әр жылдары «ҚазТАГ-тың», «Ақиқат» журналында және ағылшын тілінде шыққан республикалық «Қазақстан» газетінің бас редакторы болды. Көрнекті тұлға зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін «Қазақстан» баспасының директоры лауазымын атқарды. Бірегей жазушы, білікті аудармашы Нұрмахан Оразбек бірнеше әдеби кітаптардың авторы. Ол өмірінің соңын Алматы қаласында өткізді.

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button