АймақПриозерск

Приозерскіде биыл мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке бөлінген қаржы – 46 297 мың теңге

Бүгінде әлеуметтің әлеуетін көтеру, бұқараны жұмыспен қамту мақсатында елімізде көптеген бағдарламалар жүзеге асырылуда. Жергілікті халық жүгінетін Приозерск қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүктелген міндет аз емес. Ал, сол бағдарламаларда көрсетілген жоспарларды орындап, өз деңгейінде жүргізу – маңызды міндеттің бірі.

Әлеуметтік көмек

Статистиканы сөйлетсек, Приозерскіде 2023 жылы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке бөлінген қаржы – 46 297 мың теңгені құрайды. Биылғы 1 тоқсанда 83 отбасынан өтініш түскен. Оның ішінде, 48 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 5982,9 мың теңге төленген. 35 отбасыға табыс көзінің асуына байланысты көмек көрсетілмеген.

Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі 46 балаға төлемдер түрінде кепілдендірілген әлеуметтік пакет 5175 теңгеден 657,2 мың теңге көлемінде тағайындалған. Ал, осы жылдың 2 тоқсанында АӘК-ке 75 отбасы өтініш білдірген. Өтініш талабына сәйкес 42 отбасыға көмек тағайындалып, 5823,1 мың теңге төленгенін айтады бөлімдегі мамандар. 33 отбасыға табыс көзінің асуына байланысты атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмаған.

Биыл 1 шілде мен 14 шілде аралығында АӘК-ке үкіметтік электрондық порталы арқылы 42 отбасы өтініш тапсырған. Оның 33-і қарастырылуда. Қалған 9 отбасында табыс көзі асып кеткен.

– Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек негізінде отбасының табысы жан басына шаққандағы күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан аспаған жағдайда беріледі. Биылғы жылдың 6 айында 62 отбасыға жалпы соммасы 11 556,1 мың теңге көлемінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Осы жылдың 3 тоқсанына кедейлік шегі – 32 144 теңгені құрады. Тұрмысы төмен, көпбалалы және мүгедектігі бар бала асыраушы аналарға демеушілер тарапынан қайырымдылық көмектер көрсетілді. Дегенмен, көпбалалы аналарымыздың шешімін таппай жүрген мәселесінің бірі – балаларының денсаулығына байланысты кезектен тыс пәтер алу және уақытша пәтерге орналастыру. Әрине, оның бәрі де қолданыстағы заңдылықтар аясында шешілетіндігі кездесу барысында түсіндірілуде, – дейді Приозерск қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ұлан Алмас.

Сонымен қатар, бөлім басшысының айтуынша, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін қайтарымсыз грант беру шарттарына өзгерістер енгізілген. Ең қуанарлығы, мемлекеттік грант мөлшері артқан. Бұрын мемлекеттік гранттарға барлық санаттағы азаматтар үміткер болса, биылдан бастап, тек әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар ғана грант алады. Мұндай санатқа атаулы көмек алушы отбасы мүшелері, көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы алушылар, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақы алушылар, қоныс аударушылар және қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар азаматтар, сондай-ақ, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеуші адамдар жатады.

Нұрдос КӘРІМ,
ПРИОЗЕРСК
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button