Бас тақырып

Автослесарьдің әлемі

Ел мен елді жалғайтын көлік қызметкерлерінің тізімі тек жүргізушілермен ғана шектелмейді. Кез келген көлік құралын жөндеп, техникалық қызмет көрсететін автомеханик секілді мамандық иелерінің де мерейлі мерекесі. Қарағандыдағы №3 автопаркте слесарь болып еңбек ететін Тәттімбет Жанат сегіз қырлы. Өзі әнші, өзі сазгер жігіттің өнер жолында жүріпте бала-шағасын асырай алады. Бірақ өзінің екінші үйіндей болып кеткен автопарктегі қызметінен әсте бас тартпақ емес.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Тәттімбет қара еңбекпен өскен, маңдай тердің қадірін білетін азамат. Автопаркке жұмысқа орналасқанша бірнеше жерде еңбек етті. Жеті қат жер астына да түсті. Костенко атындағы шахтада да біраз жыл еңбек сіңірді. Кейіннен өзінің қолынан келетін қазіргі слесарлық қызметке ауысты. Осы жерде жүріп өсіп-өнген Тәттімбетке бірнеше ұсыныс түссе де автопарктен кеткісі жоқ. Өйткені, «Жұлдызымды жаққан да, бағымды ашқан да осы жұмыс» дейді.

Мұнда күніне төрт-бес автобусты техникалық тексерістен өткізеді. Май-суын ауыстырады. Сүзгілерін жаңалайды. Бұзылып тұрған бөлшектерін айырбастайды. Қала ішіндегі көк автобустар еш кедергісіз жүріп тұрса, онда Тәттімбет секілді жұмысына жауапты механиктердің еңбегі деп біліңіз.

– Таңнан кешке дейін тоқтаусыз жолда жүретін автобустарда техникалық кінәрат болмауы керек. Себебі олар жолаушы тасымалдайды. Бізде сонда жауапкершілік мол деген сөз. Дегенмен, қазір бұрынғыдай емес, автобустар жаңарды, – дейді слесарь Тәттімбет.

Бес жасынан бастап, қой кезекте домбыра шертіп жүрген қара домалақ бала өнерін осында жүріп шындап қолға алады. Оны танымал еткен «Меңді қыз» әніне автопарктегі көлік жөндейтін цехта әріптестерімен бірге бейнебаян түсіреді. Содан әлеуметтік желіде кеңінен таралып, жұлдызы осы сәттен жарқырайды.

– Қолыма су жаңа «Меңді қыз» әні түсті. Өзіме өте қатты ұнағандықтан жарыққа шығарамын деп шештім. Сосын ұят түгі жоқ, адал маңдай теріммен қызмет етіп жүрген автопаркте шығарғанды жөн көрдім. Әріптестерім бір ауыздан қолдап, бейнебаянды жұмысымызда түсірдік. Ел жылы қабылдады. Бұған дейін өзім жазған бес әнім бар еді. Бірақ, дәл бұл әндей кең тарамады. Содан кейін автопарк басшылығы өнерімді қолдады. Ямаха, гитара, домбыра, музыкалық аппаратура сатып әперді. Автопарктің ішінен жеке кабинетті студия қып берді. Атап айтсам Артур Романовичке, Артур Михаловичке, Серік Байназарұлына алғысым шексіз, – дейді сазгер слесарь.

Жоғарыда слесарьдің өзі ән жазатынын айтып қалды. Әндері де елдің аузында. Бір әнін белгілі «Қарқаралы» тобы, бір әнін танымал әнші Салтанат Сүлейменова орындайды.

Тәттімбеттің тағы бір ерекшелігі кез келген музыкалық аспаптың құлағында ойнайды. Автопарк басшылығы шығармашылығына қолдау танытып отырғандықтан, желідегі парақшаларына сондағы ән шырқағанын жүктеп отырады.

Аяулы жары Сәния екеуі алты бала тәрбиелеп отыр. Жақында ғана шаңырағында бесіктойын дүбірлетті. Әлихан мен Әлижан есімді егіз ұлдары келді өмірге. «Балаларым – бақытым, өнерім ол – жақұтым», дейді.

– Жұмыс уақытында тек жұмысты қана ойлаймын. О баста айттым ғой жауапкершілік керек деп. Қолым қалт еткенде ғана студияма барамын. Ән шырқаймын. Әсіресе, түскі ас кезінде, жұмыс аяқталған сәтте ән айтсам, күні бойғы шаршағаным басылады. Өнер адамы ол халықтың ішінде жүруі керек қой. Сенбі, жексенбі күндері тойға шақырту түседі. Елдің қуанышына барып, ән шырқаймын. Ал, жұмыс күні кәдімгі арнайы киімімді киіп, қара жұмысымды істеймін. Техниканың тілін білсек, қолымыздан келсе, неге маңдай терімізді төкпеске?! – дейді автопарктегі адал слесарь.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,

Ortalyq.kz

 

 

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button