Бас тақырып

«Аватар: Су жолы» – қазақ тілінде. Ал, сіз бардыңыз ба?

2009 жылы жарыққа шыққан америкалық Джеймс Кэмеронның «Аватар» ғылыми-фантастикалық фильмі қаралымы жағынан әлемдік рекорд жаңартты. Араға жылдар салып, фильмнің жалғасы саналатын «Аватар: Су жолы» атты екінші бөлімі көрерменге жол тартты. 15 желтоқсаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілуде. Бір артықшылығы – әлемдік деңгейдегі фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен қазақ тіліне аударылып, дыбысталды. Қазір кинотеатрларда «Аватар: Су жолының» қазақшасы да, орысшасы да бар. Алайда, қазақша нұсқасынан көрі орысшасына баратын көрермендер басым болып тұр. Себеп бір емес, бірнешеу – қазақша фильмнің ыңғайлы уақытқа қойылмауы, бәлки, мүлде көрсетілмеуі, қазақшасына қарағанда орысша сеанстардың көптігі. Мемлекеттік тілдің мәртебесі үшін шырылдап жүрген қоғам белсенділері осыны айтып, бастама көтерді. Сонымен, көрермен қазақ тіліндегі фильмді көруге неге бармайды?

Мақсатымыз – «Аватар: Су жолы» атты ғылыми-фантастикалық фильмнің мазмұнын талдау емес. Бізді қазақшаға аударылған киноның көрермені аз болғандығы толғантады. Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыруды көздейтін Instagram-дағы Qazaq grammar жобасы қазақша сеанстарды көбейтуге көрермен сұранысы ықпал ете алатынын айтып, көпшілікті фильмді қазақша көруге шақырды. Сол арқылы қазақ сеанстарына баратындар саны көбейеді деген ой айтылды. Мұны Kazak bubble, Qazaqshajaz контенттері де қостады.

– Қазақ көрермені осы премьераны пайдаланып, дубляж нарығына ықпал ете алады. Яғни, мәселе мынадай: қазақша дубляжға көп жағдайда адам аз барады екен. Кинотеатр – жекеменшік кәсіп болғандықтан, сеанстарының уақытын сұранысқа қарай қояды. Сондықтан, көрсетілімнің қазақша нұсқасына барынша көбіміз баруымыз керек. Қазақшаға сұраныс көп болса, «сыйласқанның суын іш» деп, кинотеатр да бәрін көрерменге қарай ыңғайластырады. Кинопрокатта бірінші апта аса маңызды, оның нәтижесіне қарап, екінші аптаның кестесін жасайды. Бірінші аптада бәріміз: отбасы, бала-шаға, көрші-қолаң, ауыл-аймақ болып «Аватар: Су жолы» фильмінің қазақша сеанстарына тойға барғандай жаппай ағылып барайық», – деп жазылды Qazaq grammar парақшасындағы үндеуде.

Осыны үндеуге құлақ асқан көрерменнің талап етуімен Алматы кинотеатрларында сең қозғалды. Фильмнің қазақша сеансы кешкі уақытқа қойыла бастады. Facebookте «Qazaq grammar, Kazak bubble, Qazaqshajaz және басқа да белсенді азаматтардың әрекеті текке кеткен жоқ. «Аватарға» кешкі жетіде қазақша сеансқа кірдік. Әйтпесе, алдында кіл ыңғайсыз уақытта еді» деп пікір жазғандар да болды.

Qazaq grammar Instagram-паблигінің мәліметінше, фильм көрсетіле бастағандағы алғашқы аптаның нәтижесі бойынша «Аватар: Су жолы» фильмінің қазақшасына – 18 121 адам, ал орысша дубляжына 500 654 адам барған. Қазақша дубляждалған фильмге қатысты Мәдениет және спорт вице­-министрі Нұрғиса Дәуешов:

– «Меломан» компаниясының мәліметі бойынша «Аватар: Су жолы» фильмі ТМД елдерінде алғашқы аптада 1 миллиард теңге жинаған. Ең бастысы – алғашқы уик-энд бойынша табыстың 850 миллион теңгесі қазақстандық аудиторияның еншісінде болғаны. Кинокартинаны 400 мың көрермен тамашалаған. Мәдениет және спорт министрлігі дубляждалған қазақ тіліндегі нұсқасы рекордтық нәтиже көрсетіп отыр.

Қарқынды күшейтіп, «Аватар: Су жолы» фильмін қазақ тілінде көруге шақырамын. Әрбір жұмыстың жалғасын табуына осындай көрсеткіштер тікелей әсер ететінін ескерсек, әрбір көрермен қазақ тіліндегі контенттің дамуына үлес қоса алады.

P.S. Фильмнің қазақша нұсқасы көрермен сұранысына сәйкес еліміздің барлық өңірлеріндегі кинотеатрларда қолайлы уақытқа – кешкі сеанстарға қойылған, – деп жазды. Сала мамандары қазақ тіліндегі фильмнің көрермені аз болса да, бұрынғымен салыстырғанда рекордтық көрсеткішке жеткенін айтады.

Біз Қарағанды кинотеатрларына үңіліп көрдік. Жасыратыны жоқ, алдыңғы аптада кенді өңірдің кинотеатрларында «Аватар: Су жолы» фильмінің қазақша сеансы өте аз болды. Мәселен, 21 желтоқсандағы афиша бойынша «Kinoplexx 3D» кинотеатрында «Аватар: Су жолы» киносы төрт сеансқа қойылған. Оның үшеуі орысша, біреуі ғана қазақша. Майқұдықтағы «Sary Arka cinema» кинотеатрында қазақша сеанс мүлдем болған жоқ. Бұл дерек «Sary Arka cinema Таир» кинотеатрына да тән. «Сары-Арқа 3D» кинотеатрында төрт сеанс болса, оның біреуі ғана қазақша. Қазақшасының өзі түскі 15:20 шамасына қойылған. «Сарыжайлау» кинотеатрында фильмнің қазақша сеансы демалыс күндері 17:35-те көрсетілді.

– «Сарыжайлау» кинотеатрында «Аватар: Су жолы» фильмінің қазақша нұсқасы 22 желтоқсаннан бастап көрсетіліп жатыр. Уақыты 17:35-ке қойылған. Бейсенбі және жұма күндері 70% толық болды, ал демалыс күндері аншлаг. Демек сұраныс өте үлкен. Репертуарлық жоспарға сәйкес осы аптадан бастап, аталған фильм 2 сеанспен көрсетіледі. Бірі қазақ тілінде болса, екіншісі орыс тілінде. Нақты аталған фильмнің уақытына келсек, біз алдымен көрермен аудиториясына мән бердік. Фильмнің жас санаты 12+ болғандықтан және ұзақтығы 3 сағ 15 мин екенін ескеріп, көрермендердің кешкі уақытта тым кеш қайтпауын назарға алдық. Біздің кинотеатрда «Аватар» фильмі бір сеанспен, яғни қазақша нұсқасы жүріп жатыр. Ал орыс тіліндегі нұсқасы тек 29 желтоқсаннан басталады. – деді «Сарыжайлау» кинотеатры басшысының орынбасары Ноян Жүнісов.

Ноян Үдербайұлы фильмді өзі де тамашалағанын жеткізді. Қазақша дубляж сапасы өте жоғары дейді. «Алайда, жеке кинотеатрлардың жұмысына мемлекет араласа алмайды. Ол Кәсіпкерлік кодекске қарама-қайшы. Менің ойымша, еліміздің барлық өңірлерінде кемінде бір мемлекеттік кинотеатр болуы тиіс. Себебі қазақ контентті қолдау және насихаттау жүйелі түрде жүру керек. Мысалға «Дос-Мұқасан» фильмі жеке кинотеатрларда 2 апта ғана көрсетілсе, біздің репертуарда аталған кинотуынды бір жарым ай көрсетілді», – деді кинотеатр басшысының орынбасары. – «Sary Arka cinema Таир» кинотеатрында жақында ғана отбасыммен Джеймс Кэмеронның «Аватар: Су жолы» атты тағы да бір туындысын тамашаладым.

Бұл фильмнің қазақша дыбысталуы – мен үшін таңғаларлық жағдай болды. Өз тілімде көріп, керемет әсер алдым, себебі фильм сапалы аударылған және кейіпкерлердің мінез-құлқын, көңіл-күйін толықтай аша алды. Сондықтан да, біз оны қолдап, қуануымыз керек, – дейді Қарағанды қаласындағы Шәкәрім атындағы гимназия оқушысы Аяла Әбішева.

Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың Аружан есімді 4-курс студенті «Аватар: Су жолы» фильмін тамашалағанын айтты. Бірақ, орыс тілінде. «Қазақ тіліндегі киноны көруге бару-бармау өз еркімде» дегені де бар.

P.S. «Аватар: Су жолы» фильмінің қазақша нұсқасын көру – тілді жаңа үйреніп жүргендер үшін пайдалы болар еді, мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге де ықпалы зор. Алайда, фильмді қазақ тілінде көруге талпыныс аз. Өз тілімізді өзіміз өгейсініп жүрміз… Әлемдік фильмнің қазақ тілінде сөйлеуі қазақстандық дубляждың дамып келе жатқанын аңғартады. Осы жолда еңбек етушілер де аз емес. Абайдың «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деген сөзін бетке алып, аяңдап қана кинотеатрларға жеткен қазақ тіліндегі фильмді көруге асығалық!..

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button