Жаңалықтар

Қауырт мәселелер қаралды

Бұдан бұрын хабарлағандай, 18-наурызда Қадиша ОСПАНОВАНЫҢ төрағалығымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс ІIІ сессиясы өтті. ZOOM-байланыс жүйесінде жұмысын жалғастырған депутаттар күн тәртібінде облыс өмірінің қоғамдық тыныстіршілігіне қатысты қауырт жеті мәселе қарап, тиісті шешім қабылдады.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық қаржы басқармасының басшысы Л.Башарина облыстық мәслихаттың былтырғы 10-желтоқсандағы ХLIV сессиясының «2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» №588 шешіміне енгізу көзделген өзгерістерді депутаттар назарына ұсынды. «2021 жылға арналған облыстық бюджетті нақтылауға қатысты бұл өзгерістер облыстық бюджеттік комиссия мен әкімдіктің, сондай-ақ, облыстық мәслихат тұрақты комиссияларының бірлескен отырыстарында қаралды», – деді баяндамашы.

Енгізілген өзгеріске орай, облыстық бюджетті нақтылауға қайта бөлу қарастырылған қаражат көлемі: «Жұмыспен қамтудың жол картасы» (16,3 млрд. теңге) және «Нұрлы жер» (2,9 млрд. теңге) мемлекеттік бағдарламалары есебінен, бюджеттік қаржының биылғы қаңтарға дейін бөлінбеген қалдығы (3,6 млрд. теңге), 2020 жылы облыстық бюджеттен аймақтарға бөлінген, алайда, игерілмеген трансферттер (2,4 млрд. теңге), биыл 18-наурызға дейін түскен әкімшілік айыппұл (309 млн. теңге), облыстық және аудан-қала бюджеті арасында ақша аудару мөлшерлемесіндегі өзгеріс (685 млн. теңге). Сондай-ақ, жекелеген бюджеттік бағдарламаға қаржы бөлудегі өзгеріс, мемлекеттік сатып алу қорытындысы мен республикалық бюджетті нақтылау кезінде бөлінетін мақсатты трансферт (2,2 млрд. теңге) ескерілді.

Қалыптасқан қосымша қаражат көзінің жартысына жуығы (42%) немесе 3,4 млрд. теңге әлеуметтік сала мен қоғамдық қауіпсіздікке бағытталды:

– білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет нысандарына жөндеу жұмысын жүргізу мен материалдық-техникалық базасын нығайтуға (750,7 млн. теңге);

– амбулаториялық ем қабылдайтын науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге (321,9 млн. теңге);

– жастар кәсіпкерлігін қолдауға (110 млн. теңге);

– ақпараттық технология саласында қосымша шараларды жүзеге асыруға (429,9 млн. теңге);

– облыс аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларына (903,2 млн. теңге);

– ведомствоаралық комиссияның хаттамасына сәйкес спортқа жұмсалатын қаражат шығынын лимитке жеткізуге (800 млн. теңге).

Экономиканың нақты секторын дамытуға 1,1 млрд. теңге (13,6%):

– тыңайтқыш бағасын субсидиялауға (300 млн. теңге);

– табиғат қорғау шараларын өткізуге (43,2 млн. теңге);

– жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға (186,4 млн. теңге);

– аумақты абаттандыруға (499,6 млн. теңге).

Бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға 3,4 млрд. теңге (44%):

– әлеуметтік саланың 4 жобасына (1,1 млрд. теңге);

– тұрғын үй құрылысындағы 2 жобаға (144,7 млн. теңге);

– ауыл шаруашылығындағы 5 жобаға (70 млн. теңге);

– су-газ-электрмен жабдықтау жүйесін дамытуға, су тарту мен абаттандыруға арналған 7 жобаға (782,6 млн. теңге);

– көлік инфрақұрылымы саласының 7 жобасына (1,3 млрд. теңге).

Сонымен қатар, нақтыланған бюджет жобасында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Нұрлы жер» бағдарламалары аясында мемлекеттік құнды қағаз шығару арқылы тиісінше 16,3 және 2,9 млрд. теңге қаражат қарастырылған.

2021 жылға арналған бюджеттің нақтыланған жобасын депутаттар бекітті.

Сессияда облыстық тексеру комиссиясының төрағасы А.Әбдікәрімов «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» ҚР Заңына сәйкес өкілеттік мерзімі аяқталған Айгүл Құтжанованың осы комиссияның мүшелігіне қайта ұсынған кандидатурасын депутаттар бір ауыздан мақұлдады. Ол екі жоғары оқу орнын бітірген: экономикалық және заңгерлік. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарында әртүрлі лауазымда болған, мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі – 25 жылдан асады. Мемлекеттік аудитор сертификаты, аудит және қаржы саласында халықаралық біліктілігі бар.

Сосын облыстық мәслихаттың аппарат басшысы Қ.Нүркенов мемлекеттік аудит жүргізуге келісім беру туралы, облыс әкімі аппаратының басшысы Д.Ешкеев облыстық дағдарысқа қарсы штабтың, сондай-ақ, кәмелетке толмағандар істері мен олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның құрамын бекіту туралы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғ.Тоқсамбаев қосымша дәрі-дәрмек бөлу туралы хабарлама жасады.

Саран қаласы Бас жоспарының жобасына түзету енгізу туралы шаһар басшысы Е.Темірханов баяндады. Облыс басшылығының пәрменді қолдауы арқасында бұрынғы резеңке-техникалық бұйымдар зауытының өндірістік алаңын оңалту бағытында белсенді жұмыстар жүргізілуде, бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда, индустриалдық аумақ құрылды. Осыған орай, қаланы одан әрі өркендету бағытында оның Бас жоспарына өзгеріс енгізу көзделіп отыр. Өндірістік-өнеркәсіптік нысандардан басқа «Кенші» және «1А» мөлтек ауданы мен Макаренко және Огородная көшелерінің бойында жекеменшік тұрғын үйлер салу қарастырылған.

Облыстық мәслихат депутаттарының алқалы басқосуына өңір басшысы Жеңіс Қасымбек қатысып, сөз сөйледі. Ол халық қалаулыларын келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтап, облыстың нақтыланған бюджетін қолдағандары үшін рахмет айтты. «Бүгін өте маңызды шешімдер қабылданды. Өткен жылы қуатты ресурстар денсаулық сақтау саласын нығайтуға жұмсалды. Моноқалалар мен аудандарда медициналық инфрақұрылымды жаңғырту және оған кадрлар даярлау жөніндегі маңызды жобалар биыл да жалғасады.

Келесі маңызды мәселе – тұрғын үй құрылысы. Биыл Қарқаралыда баспана салу басталады, Жаңаарқа ауданында несиелік тұрғын үйлер пайдалануға беріледі. Сапалы жылумен-сумен және газбен жабдықтау бағытында Саранда қазандық құрылысы жалғасады, Приозерскіде тазарту құрылғысы қайта құрылады. Биыл Қарағанды, Жезқазған және Теміртауға газ енгізіледі, Қаражал қаласы, Шет пен Бұқар жырау аудандары үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалады. Алға қойылған жауапты міндеттер ауқымды. Біз бірлесе отырып, белгіленген мақсаттарға жететінімізге сенемін» деді облыс әкімі.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Басқа материалдар

Back to top button