Ауырғандардың дені – Қарағандыда

Коронавирусқа қарсы комиссияаралық ведомствоның таратқан мәліметі бойынша 30 мамырда 1405 адамның ауырғаны анықталды. Мұның алдында ғана Денсаулық сақтау министрі Алексей ЦОЙ елдегі эпидемиологиялық ахуал оптимистік сценарий бойынша келе жатқанын айтқан еді.

Ведомство вакциналау нәтижесін есепке алып, алдағы төрт айдағы эпидемиологиялық ахуалды болжаған болатын. Министр айтқан оптимистік сценарий бойынша маусым-шілде айларында ауырғандар 61 мыңға жетеді. Реалистік жағдайда ауырғандар саны 69 мың адам болады делінген болжамда. Пессимистік болжам бойынша 95 мың адам індет жұқтыруы мүмкін. Қазірдің өзінде ауырғандар қатары – 386 549 мың адам.

– Болжам әр екі апта сайын жасалады. Жаңа мәліметтер келген сайын болжам да өзгеріп отырады. Сондықтан да, әртүрлі болжамдар айтылады. Мұның алдында коронавирустың таралуы сәуірдің соңы мен мамырдың басында бәсеңдейді деп айтқан едік. Күзде де осы көрсеткішті ұстап тұру керек, – деген болатын А.Цой.

«Қызыл аймақтағылардың» біртіндеп азайып жатқанына қарап, елдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақтанғандай деуге болады. Дегенмен, Қарағанды облысы әлі де қауіпті аймақта. Біздің облыспен қатар, онда Ақмола облысы, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары бар. Облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ұсынған мәліметтерге сүйенсек, өткен аптада Қарағанды, Теміртау, Саран қалалары мен Нұра, Абай және Осакаров аудандарында індеттің таралуы артқан. Дегенмен, ауырғандардың дені облыс орталығында тіркелген, пайызбен берсек, 46%.

30 мамырдағы жағдай бойынша осы уақытқа дейін облыс тұрғындарының 32 428-і ауырған. 100 мың тұрғынға шаққанда сырқаттанушылық көрсеткіші 2275,8-ді құрады. Оның ішінде, ауру белгілері бар науқастар – 65,4%, ауру белгілері байқалмайтын вирус тасымалдаушылар – 34,6%. Жүргізілген эпидемиологиялық мониторингке сәйкес өткен аптаны оның алдындағысымен салыстырғанда ауырғандар 5%-ға төмендегені байқалады.

Мамандар COVID-19 инфекциясы ауру белгілерінсіз басталғанымен клиникалық айқын түріне дейін жалғасады. Инкубациялық кезеңі орташа есеппен 14 күнге дейін созылады. Жалпы әлсіздік, бұлшық ет ауруы, дененің ауруы, бас ауруы, мұрынның бітелуі немесе мұрынның ағуы, жөтел, иіс сезу болмайды. Сонымен қатар, тыныс алудың нашарлауы байқалуы мүмкін. Кейбір науқастарда аурудың басында диарея да байқалады. Мұндайда мамандар дәрігерге бару керектігін ескертеді. Немқұрайлылық таныту өзіңізге де, айналаңыздағы адамдарға да қауіп төндіруі ғажап емес. Сондықтан, жас ерекшелігіне қарамастан, дене қызуы көтерілсе, жөтел, кеуде қуысының ауыруы немесе қысылу, сөйлеудің немесе қимыл-қозғалыстың бұзылуы жағдайларында «жедел жәрдемге» хабарласу керек. Вакцина алуы үшін адам толықтай жазылуы шарт. Бүгінде облыстың 150 мыңнан астам тұрғыны коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін алса, 100 мыңнан астамы екіншісін алған. Вакцина алу мүмкіндігін арттыру үшін вакцина орталығы тағы бір сауда үйінде – «Алтын арбада» ашылды. Облыстың денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, аталған сауда үйінде Қарағанды қаласының №1 көпсалалы ауруханасының мамандары күн сайын сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін екпе салады. Сауда үйі әкімшілігі вакцинаны сақтау, жеткізу, екпе бөлмесі және күту аймағын тиісті талаптарға сәйкес жабдықтаған.

Қазірде вакцина орталықтары қаладағы «Глобал сити», «Таир», «Грандстор» сияқты сауда үйлерінде ашылған. Вакцина орталықтары бар сауда орындары демалыс күндері де жұмыс істей береді.

Жансая ОМАРБЕК.