Ауылда спорт кешені ашылды

Кейінгі жылдары халық игілігіне қажетті нысандар бой көтеруде. Әсіресе, бұқаралық спортты дамытудың маңызы артып келеді. Жуырда ғана Шет ауданы Тағылы ауылдық округінің Жұмыскер ауылындағы ескі ғимарат ел азаматтарының демеушілігімен күрделі жөндеуден өтіп, шағын спорт кешені болып ашылды.

Аталмыш кешеннің ашылуына Шет ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Құралұлы бастаған әкімдік өкілдері, спорт саласының ардагері Сәбиғолла Әлкенұлы, белгілі спорт жаттықтырушылары мен ауыл тұрғындары қатысып, салтанатты түрде алқызыл лентасын қиды. Ауыл балаларын спортқа баулитын кешен қажетті спорттық жабдықтармен қамтылған. Мұнда спортшылар бокс, қазақша күрес сияқты спорттың әр түрінен үйірмеге қатысады. Кешен жұмыскерліктерді салауатты өмір салтына баулып қана қоймай, уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік бермек.

– Жұмыскер ауылында жастардың спортпен шұғылдануына арналған ғимарат сұраныс туғызып, оны биылғы жылы ел ертеңіне бейжай қарамайтын ауыл халқының қолдауымен іске асыру мүмкін болды. Сонымен қатар, жақсы істің жаршысына айналған ел азаматтарын қолдау мақсатында ғимараттың құрылысын толықтай аяқтауға былтырғы жылы аудандық бюджеттен 2 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген болатын. Ал, жуырда ғана аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі тарапынан қажетті құрал-жабдықтар сатып әперіліп, қосымша 1 бірлік штат жұмысы беріліп отыр. Сондай-ақ, облыстық спорт басқармасы тарапынан күрес үйірмесіне 1 штат бөлінді. Алдағы уақытта 6 ауыл азаматы аталмыш нысанда тұрақты жұмыс атқаратын болады. Осы орайда, осынау спорт ғимаратының салынуына жан-жақты қолдау көрсеткен ауыл жастары мен кәсіпкерлеріне және барша ел азаматтарына аса зор алғысымды білдіремін. Ауылымыздан ел намысын байрақты бәсекелерде қорғайтын олимпиада, әлем чемпиондары шығады деп сенемін, – деді Шет ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Құралұлы.

Сонымен қатар, ауыл азаматтарына аудан әкімінің Алғыс хаттары мен естелік сыйлықтарын табыстап, жаңадан ашылған спорттық нысанға аудан әкімінің атынан қажетті құрал-жабдықтарды тарту етті. Өз кезегінде жергілікті ауыл әкімі Н.Аринов та спорт нысанының салынуына қомақты көмек көрсеткен бір топ ауыл азаматтарына Алғыс хатын табыстап, ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, ауыл ақсақалдар алқасының төрағасы Балтабай Боқайтегі жүрекжарды жылы лебізін жеткізіп, «Матан» ЖШС фирмасының жетекшісі М.Жадаев бокс үйірмесіне керек-жарақтарын сыйға тартты.

Айта кетейік, жөндеуден өтіп, спорт кешеніне айналған нысан бұған дейін ескі мешіттің ғимараты болған. Ауыл азаматтарының ұсынысымен жүзеге асқан нысан халық игілігіне жарап, талай спорт майталмандарының ошағы болмақ.

Нұрдос КӘРІМ,

Шет ауданы.

Оrtalyq.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.