Ауыл шаруашылығының жаңа дәуірі
Кеншілер өлкесінің кең байтақ даласында ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Заманауи технологияларды енгізу, суармалы егіншілікті дамыту, өндірісті цифрландыру және агроөнеркәсіп кешенінің барлық буынын жаңғырту – өңірдің экономикалық дамуының маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Осындай ірі бастаманың бірі – америкалық Valley компаниясының заманауи жаңбырлатып суару машиналарын өндіруді Қарағанды облысында жергіліктендіру жобасы. Бұл бағытта «Имсталькон» зауыты мен Valley компаниясы арасында тиісті келісімге қол қойылды.

Жаңа жоба Осакаров ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа таныстырылды. Инвестициялық бастама өңірдегі ауыл шаруашылығы өндірісін технологиялық тұрғыдан жаңғыртып қана қоймай, отандық шаруаларға қолжетімді әрі сапалы суару техникасын ұсынуға мүмкіндік береді.
«Евразия Инвест LTD» компаниясының құрылтайшысы Иван Георгиадидің айтуынша, бұл келісім аграрлық саладағы маңызды қадамдардың бірі болмақ.
– Біз «Имсталькон» зауыты және Valley компаниясымен облыстың аумағында жаңбырлатып суару машиналарын өндіруді жергіліктендіру туралы келісімге қол қойдық. Бұл отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді заманауи техникамен, қосалқы бөлшектермен және сапалы сервистік қызмет көрсетумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Иван Георгиади.
Табиғи тұрғыдан құрғақшылыққа бейім аймақтар үшін су ресурстарын тиімді пайдалану – ауыл шаруашылығын дамытудың негізгі шартының бірі. Осы бағытта «Евразия Инвест LTD» компаниясы суармалы егіншілікті дамыту бағдарламасын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
Биыл суармалы жерлердің көлемін 10 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін арттыруға, жердің өнімділігін тиімді пайдалануға және өңірдің азықтүлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам.
Қазіргі таңда егіс алқаптарына Valley компаниясының заманауи жаңбырлатып суару машиналары орнатылып жатыр. Технологиялық құрылғы суды үнемді пайдалануға, егістік алқаптарының жағдайын бақылауға және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жобаны жүзеге асыру барысында қажетті негізгі материалдар Қарағанды облысынан сатып алынады. Ал, құрылыс-монтаж жұмыстарын жергілікті мердігер ұйымдар атқарады. Бұл өз кезегінде өңір кәсіпорындары үшін қосымша мүмкіндік ашып, жергілікті өндірістің дамуына ықпал етеді.
Бүгінде ауыл шаруашылығы тек еңбек пен тәжірибеге әрі озық технологиялар мен цифрлық шешімдерге сүйенетін салаға айналып келеді.
Жасанды интеллект, спутниктік мониторинг және егістік алқаптарындағы арнайы датчиктердің көмегімен жұмыс істейтін бұл жүйе суару процесін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
Платформа топырақ пен өсімдіктердің жағдайын талдайды, әр дақылдың ылғалға деген қажеттілігін есептейді және суару бойынша тиімді ұсынымдар қалыптастырады. Мұндай технологиялар ауыл шаруашылығы өндірісінде ресурстарды үнемдеп қана қоймай, әр гектар жерден алынатын өнім көлемін арттыруға жол ашады.
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту тек өнім өндірумен шектелмейді. Өнімді сақтау, өңдеу және уақытылы өткізу мәселесі де аса маңызды. Осыған байланысты өңірде астық қабылдау және сақтау шаруашылығын дамытуға бағытталған жобалар қолға алынуда.
Родниковское ауылындағы жұмыс істеп тұрған элеватордың сақтау қуатын 50 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған. Сонымен қатар, Молодёжный кентінде дәл осындай қуаттағы жаңа элеватор салынбақ.
Жаңа нысандар дәнді және майлы дақылдарды уақытылы қабылдауға, кептіруге, тазартуға және сақтауға мүмкіндік береді.
Компания ауыл шаруашылығының басқа бағыттарын дамытуға да ерекше назар аударып отыр. Атап айтқанда, картоп егісінің көлемін 900 гектарға дейін ұлғайту жоспарланған.
Одан бөлек, Родниковское ауылы мен Молодёжный кентінде заманауи көкөніс сақтау қоймаларының құрылысы жалғасуда. Биыл мұнда жалпы сыйымдылығы 46 мың тоннаны құрайтын алты кешен салу көзделген.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі заманауи тауарлы-сүт фермасының құрылыс барысымен де танысты.
Иван Георгиадидің айтуынша, құрылыстың бірінші кезеңі толық аяқталған. Қазіргі уақытта нысан алғашқы мал басын қабылдауға дайындалуда.
Фермада агроөнеркәсіптік кешенді басқарудың бірыңғай цифрлық орталығы құрылады. Бұл жүйе өндірістік процестердің барлық кезеңін – егіс жұмыстарынан бастап суару, мал шаруашылығы және сүт өндіру үдерістеріне дейін біріктіреді.
Цифрлық деректер негізінде жұмыс істейтін басқару жүйесі кәсіпорын қызметін жедел бақылауға, өндірістік шешімдерді тиімді қабылдауға және жалпы жұмыстың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев агроөнеркәсіп саласындағы мұндай жобалардың өңір үшін маңызы зор екенін атап өтті.
– Мұндай жобалар ауданға жаңа жұмыс орындарын ашуға, азықтүлік қауіпсіздігін нығайтуға және агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамытуға берік негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы, инвестор бір ғана бағытпен шектелмей, ауыл шаруашылығын кешенді түрде дамытып отыр, – деді облыс әкімі.
Шын мәнінде, облыстағы бұл бастамалар – ауыл шаруашылығын жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған кешенді қадам. Заманауи техника, цифрлық басқару жүйелері, суармалы егіншілік, сақтау инфрақұрылымы және жаңа өндіріс орындары өңірдің аграрлық әлеуетін арттырып, ауылдың дамуына тың серпін бермек.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



