Бас тақырып

Ауыл медицинасының әлеуеті артады

Аймақта алдағы екі жылда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 92 медициналық мекеме салынады. Олардың құжаттары дайын, бой көтеретін орны да белгілі. Соның бірі Бұқар жырау ауданының Новоузенка ауылында ашылмақ. Денсаулық сақтау басқармасында айтылғандай, құрылыс жұмыстары биыл басталады. Қазір ондағы ФАП – фельдшерлік-акушерлік пункт жалдамалы үйде орналасқан. Дәрігер Жанна Бекмағамбетова мен үш медбике аядай бөлмеде елді мекендегі мыңнан астам адамды қабылдап отыр.

Учаскелік дәрігер Жанна Боранбайқызы осында 2016 жылдан істейді. Ол жұмыс орнының өздері үшін де, келушілер үшін де жайлы болғанын қалайды.

– Бір кабинетте бірнеше адам отырамыз. Санитарлық нормалар бойынша пеш болмауы керек. Дәліз тар, адам айналып жүре алмайды. Бала да, үлкен де бірге осында отырады. Мәселен, тұмау маусымында күніне 40 шақты, айына 600-700 адам келеді. Ауыл кішкентай болғанымен, келушілер көп. Одан бөлек, үйге шақыртқандарға барамыз. Жаңа орында барлық қажеттіліктер ескеріліп, жайлы болса екен деймін, – дейді Жанна Бекмағамбетова.

– ФАП осындай жағдайда жұмыс істеп келе жатқанына 40 жылдан асты, – деді дәрігердің сөзін жалғаған ауыл тұрғыны Светлана Кистанова. – Мен осы жерде туып, осында өстім. Мұнда пациенттер үшін ғана емес, дәрігерлердің өзіне жағдай жоқ. Олардың жұмысына тағар мін жоқ, қай кезде барсаң да көмектесуге әзір. Алайда, олардың да мүмкіндіктері шектеулі. Жаңа мекеме салынсын деп сұрап келе жатқанымызға көп жыл болды. Енді, міне, салынатын болды.

Бұл жаңалыққа ауыл ақсақалы Мереке Сыздықов та қуанғанын жеткізді.

– Мен осында 1974 жылдан бері тұрамын. Ауылда шешілмей келе жатқан екі мәселе – ауылішілік жол мен емдеу орны болатын. Жалға алған үй болғандықтан, иесі «сатып жіберемін» деп жыл сайын қорқытады. Ауыл бойынша бос тұрғаны осы ғана. Сондықтан, осы мәселеге қатты алаңдап отыр едік. Шешімін табатынына қуаныштымыз, – дейді ақсақал.

Жаңа емдеу мекемесінің орны анықталыпты. Ол 300 шаршы метр болмақ. Құжаттары дайын, конкурстық шаралар да өтіп, жеңімпазы белгілі екен.

– Құрылыс барысы құрылыс басқармасының қарауында. Біз құжаттардың барлығын реттеп бердік. Жыл соңына дейін аяқталады деп сенеміз. Жаңа ФАП құрылысы Новоузенкадан басқа үш елді мекенде қатар басталады. Қалғандары келесі жылға қалады, – дейді Бұқар жырау ауданының орталық аудандық ауруханасының директоры Арман Байсұлтан.

– Аудан бойынша нысандардың барлығы жаңадан салынады. Қайта жөндеп бере салды дейтін емес. Оларда заманауи физиокабинет, күндізгі стационар, əлеуметтік дəріхана болады деп жоспарлануда. Жылыту мəселесіне келсек, бөлек қазандық болатын шығар немесе электрге қосылады. 2024-2025 жылдары газ келсе, газға да қосылу мүмкіндігі бар, – дейді Арман Байсұлтан.

Оның айтуынша, жаңа мекемелерге келгісі келетін мамандар бар

– Келеміз дейтін мамандар бар. Олармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Алдында бос жұмыс орындарының жəрмеңкесіне барып, ауданға қажетті мамандармен сөйлесіп қайтқан болатынбыз. Бізге жалпы практика дəрігері мен акушерлер қажет, – дейді ол.

Биыл ауылдық жерлерде салынатын медициналық нысандарға 69 маман жіберіледі. Оның 50-і дəрігер. Алдағы уақытта олардың қатары арта бермек.

– Биыл алғаш рет облыс əкімдігі мəслихат арқылы дəрігерлерді қолдау шараларына жағдай жасап отыр. Ауылдық елді мекендерге баратын жалпы практика дəрігері, терапевт, педиатр, анастезиолог-ревматолог сынды аса қажетті мамандар үшін 5 млн. теңге, кардиолог, невропатолог, хирургтарға 3,5 млн. теңгеге дейін беріледі. Орта медицина қызметкерлері, оның ішінде акушерлер сонымен бірге, фармацевттер 1,5 млн. теңгеден алады. Олар үздіксіз оқыту мүмкіндігіне ие болады. Алысжақын шетелдерге барып, тəжірибе жинап келе алады. Бұл – «Дипломмен – ауылға» бағдарламасынан тыс жасалатын қолдау. Аталған бағдарламада 100 АЕК көлемінде ақшалай көмек, үй алуға пайызсыз несие беріледі. Бағдарлама аясында əкімдіктер ұсынатын үйлердің жайлы болғанын сұраймыз. Ауылда пеш жағатындықтан, жас мамандардың көбі барғысы келмейді. Сондықтан, жылыту электр арқылы болғаны жақсы, – дейді Бибігүл Төлегенова.

Бибігүл Райханқызының айтуынша, ауылдарға баратын мамандар Қарағанды мен Балқаш қалаларының медицина колледждерінде, Қарағанды медицина университетінде амбулаториялық реабилитация, дəрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету бойынша кəсібилігін арттыруда. Себебі, жаңа нысандарда күндізгі стационар, физиотерапиялық кабинет, емдік шынықтыру жаттығу залдары болады. Бұл қалаға бармай-ақ сол жерде амбулаториялық реабилитация алуға мүмкіндік береді.

– Медициналық нысандардың құрылысы 2023-2024 жылдарға арналған. Биыл Бұқар жырау, Қарқаралы, Ақтоғай, Шет аудандарында 14 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы басталды. Қалғандарын жүзеге асыру үшін біз Денсаулық сақтау министрлігі дайындайтын жобаны күтіп отырмыз. Оны «Turar Health» іске асырады. Екі жылда барлығы 11 отбасылық амбулатория, 34 фельдшерлік-акушерлік пункт, 47 медициналық пункт салынады. Облыс халқының 9 пайызы ауылда тұрады. Бұл олардың жағдайын жақсартуға сеп болады деп ойлаймын, – дейді Бибігүл Төлегенова. 

Жансая ОМАРБЕК,
Суреттерді түсірген Жанкелді ƏБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button