Қарағанды облысы ауылдарындағы медициналық нысандардың тозуы – 40 пайыз
«Мен келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырдым. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған. Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық жəне фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды». Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі. «Əділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Беркелі қоғам» атты былтырғы Жолдауында айтқан тапсырмасы бүгінгі күні іске асып жатыр. Президент сөз еткен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жоба аясында екі жылда аймақта 92 медициналық нысан бой көтереді. Облыстың денсаулық сақтау басқармасында мəлімдегендей, биыл 92-нің 42-сі салынады.
Басқарманың баспасөз қызметінің дерегінше, қазір «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 14 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оған республикалық жəне жергілікті бюджеттен – 2,2 млрд. теңге бөлінген. Биылға жоспарланған 42 жобаның қалғаны «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша салынады. Аталған бағдарлама бойынша Абай ауданының Юбилейное ауылында, Бұқар жырау ауданының Қызылжар мен Қызылқайың ауылдарында, Нұра ауданының Байтуған, Заречное ауылдары мен Осакаров ауданының Озерное ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салынады. Бұл 28 жобаға 212 млн. теңге қарастырылып отыр. Қазақ құрылыс жəне сəулет ғылыми-зерттеу жəне жобалау институтымен шарт жасалды. Қалған 50 нысанның құрылысы келесі жылға қалды.
Биыл салынып жатқан медициналық нысандардың барлығы фельдшерлік-акушерлік пункттер екенін айтады Қарағанды облысының құрылыс, сəулет жəне қала құрылысы басқармасының бас маманы Айсұлу Амантай.
– Медициналық нысандар бірнеше ауданда салынуда. Атап айтсам, Ақтоғай ауданының Ақжарық ауылы, Бұқар жырау ауданының Қарақұдық, Новоузенка, Ақтөбе ауылдары, Қарқаралы ауданына қарасты Томар, Ақжол, Татан ауылдары, сонымен бірге, Шет ауданының Ақшатау, Төменгі Қайрақты, Жұмыскер, Босаға, Көктіңкөлі, Киікті, Бұрма ауылдары биылғы жоспарға кірді. Мұнда салынып жатқандардың барлығы фельдшерлік-акушерлік пункттер. Конкурс жүргізіліп, мердігерлері анықталған, – дейді Айсұлу Амантай.
Оның айтуынша, негізгі мердігерлер үшеу – «Корпорация МСКСтрой» ЖШС, «Балқаш жібек жолы» ЖШС жəне «Өркен» ЖШС.
«Корпорация МСК-Строй» ЖШС директоры Жақсыгелді Иманбековтің айтуынша, құрылыс жұмыстары биыл аяқталады.
– Құрылыс жұмыстары бір ай бұрын басталған. Қазіргі күні 30 пайызы орындалды. Жылдың соңына дейін бітеді деп отырмыз. Біз сегіз нысанды салып жатырмыз. Барлық фельдшерлікакушерлік пункт жобасы бірдей. Жалпы аумағы 229 шаршы метрді құрайды. Шарт бойынша құрылыс жұмыстарымен қатар, жиһазбен қамтамасыз етеміз. Əр нысанда орта есеппен он адамнан жұмыс істеп жатыр. Қажетті техника бар, – дейді Жақсыгелді Иманбеков.
Жақсыгелді Тұрсынұлы басқаратын «Корпорация МСК-Строй» ЖШС Бұқар жырау, Қарқаралы аудандарындағы нысандардың, сонымен қатар, Шет ауданының Төменгі Қайрақты жəне Бұрма ауылдарындағы құрылысқа жауапты. «Балқаш жібек жолы» ЖШС мойнында Ақтоғай ауданының Ақжарық ауылының, Шеттің Босаға жəне Киікті ауылдарындағы ФАП құрылысы бар. Қалған екі ауылдағы құрылыс жұмыстары «Өркен» ЖШС-де.
Ауылдардағы медициналық нысандардың жағдайы көңіл көншітпейтіні рас. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, республикада алғашқы-медициналық санитарлық көмек көрсететін нысандарының тозу деңгейі 51,6 пайызға жеткен. Тіпті, апаттық нысандар да бар. Қарағанды облысы ауылдарындағы медициналық нысандардың тозуы 40 пайызға жуықтайды. Салынып жатқан жаңа нысандар есебінен тозу деңгейін 24,3 пайызға азайту жоспары тұр.
Расымен де, облыстың бірқатар елді мекендеріндегі медициналық көмек көрсететін орынның жайы «қорқынышты». Көбісі жалдамалы.
– Бүгінгі заманда адам үшін жайлы жағдай жасау аса маңызды, – дейді облыстың денсаулық сақтау басқармасы басшысы Бибігүл Төлегенова. – Жаңадан салынатын фельдшерлік-акушерлік пункттерде жоба бойынша күндізгі стационар, физиотерапевтік кабинет, емдік дене шынықтырумен айналысатын зал болады. Амбулаториялық реабилитацияға көңіл бөлінуде. Яғни, тұрғындар оны қалаға бармай-ақ, осы жергілікті жерде ала алады. Көктемнен бері ауылдық жерлердегі мамандарды амбулаториялық реабилитация, дəрігерге дейінгі бірінші көмек көрсетуге оқыту қолға алынған. Олар Балқаш пен Қарағанды қалаларының медициналық колледждерінде, Қарағанды медицина университетінде біліктілігін арттырды.
Басқарма басшысының айтуынша, салынатын жаңа нысандарға жұмыс істеуге 69 маман барады. Оларды ынталандыру үшін аймақта алғаш рет 5 млн. теңгеге дейінгі қолдау шаралары қолға алынған. Мəселен, аса қажетті жалпы тəжірибе дəрігері, терапевт, анестезиолог-реаниматолог, педиатрлар ауылға барса 5 млн. теңге, кардиолог, невропатолог пен хирургтар 3,5 млн. теңгеден алады. Одан бөлек, орта қызметкерлер, акушерлер мен фармацевтердің əрқайсына 1,5 млн. теңге қарастырылған.
Бибігүл Райханқызының айтуынша, ауылдық елді мекендердің барлығын қамту үшін əлі де 30 нысан қажет.
– Біз 92 нысанмен қатар, тағы 30 нысанды жоспарлаған едік. Жобалау барысында елді мекендердегі халық санына қарауымыз керек. Келген, көшіп кеткен, туған бала саны ескеріледі. Негізі есебіміз бойынша тағы 30 нысан қажет, – дейді Б.Төлегенова.
Қазір медициналық пункттер 50-500 адамы бар елді мекендерде болуы тиіс. Фельдшерлік-акушерлік пункт – 500-ден 1500 адамға дейін, дəрігерлік амбулатория – 1500-ден 5 000 адамға дейін, алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталықтары үшін 5 000-нан 30 000 адамға дейін болуы шарт. Қалай десек те, облыстың ауылдарында тұрып жатқан 200 мыңдай адам өз ауылында судай жаңа медициналық нысандарда көмек алатын болады.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz