Бас тақырып

Ауыл қаладан қалмайды

Билік кейінгі жылдары ауыл тағдырына алаң. Қалаға бет алған көштің қарасы қалың. Әрине, ағайын зеріккеннен жылы ұясын тастап кеткен жоқ. Даладан таппаған нәпақаны қаладан іздеуге мәжбүр.

Көшті іркуді ойлаған Үкімет санқилы салалық бағдарламаларды қолға алды. Диқандарға, фермерлерге, жастарға арналған түрлі жобалар бар. Тіпті, оңтүстіктің қалың халқын қоныстары селдіреген солтүстікке көшіруді де жолға қойды. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір тапсырма берді. Үкімет наурыздың соңына дейін ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеуі тиіс. Жаңа құжат ауылдың тамырына қан жүгіртіп, иесіз жұртқа ел қондырмақ.

Ал, «Ауыл – Ел бесігі» ауылдардың сәнін кіргізіп, мәртебесін көтерген бағдарламалардың қатарынан болды. Былтыр аймақта басы қайырылған шаруаның ауқымы қандай? Биылға жоспар ше?

Былтыр «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының игілігін көрген 21 ауылда 58 478 адам тұрады. Бұл – облыстағы ауыл халқының 28 пайызы. Яғни, 21 ауылда 42 жоба жүзеге асырылды. Жалпы қаржы сомасы – 3 441,6 млн. теңге.

Қолдағы мәліметке сүйенсек, бұл қаржыға 4 мектеп, 3 спорт нысаны және 1 мәдени-сауық орталығының ғимараты жөнделді. Ақтоғай ауылындағы аудандық орталық ауруханаға күрделі жөндеу жұмысы жасалды.

Ауылдық жердегі денсаулық сақтау мәселесін шешу мақсатында фельдшерлік-акушерлік пункттер құрылысы қолға алынды. Бұқар жырау, Абай, Осакаров және Нұра аудандарында 6 ФАП салынуда. Бұқар жырау ауданындағы Гагаринское орта мектебіне жапсарлас ғимарат тұрғызу басталды. Аталған аудан мен Абай ауданында денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүзеге асырылуда. Ақтоғайдағы стадион мен Абай ауданына қарасты Құрма ауылындағы клубты жаңғырту жұмыстары жалғасты.

Ауылдар ішіндегі 24,7 шақырым жолға асфальт төселді. Мәселен, қазір Шет ауданындағы Ақжал кентінің барлық көшелері тақтайдай тегіс. Сондай-ақ, Ақтоғай ауданындағы Сарышаған кентінің жолдары да жөнделді. Дегенмен, биылға жобадан тыс қалған өңірлер де жоқ емес.

Мәселен, былтыр Ақтоғай ауданындағы жобаларға 670 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалды. Ауданның экономика және қаржы бөлімінің басшысы Перизат Темірбектің айтуынша, жеті жоба жүзеге асты.

– Аудан бойынша тірек елді мекені ретінде – Ақтоғай, Сәуле ауылдары, Шашубай, Сарышаған кенттері және спутниктік елді мекен ретінде Үшарал, Шабанбай би ауылдары тізімге енді. Былтыр Ақтоғай, Шашубай және Сарышағандағы жеті жобаға 671 088 мың теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде, республикалық бюджеттен – 555 997 мың теңге, облыстық бюджеттен – 39 154 мың теңге және жергілікті бюджеттен 75 937 мың теңге бар. Жиырма адам жұмыспен қамтылды, – дейді Перизат Мейрамбекқызы.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл сомаға аурухана мен жолдар жөнделіп, стадион жаңғыртылған. Ал, биылға аудан тарапынан ұсынылған жобалар қолдау таппады.

Ақжалдықтар да жобаның шарапатын көріп отыр. Былтыр Шет ауданына қарасты кенттегі барлық көшеге асфальт төселді. Жергілікті жұрт дән риза.

– Көктемде көшеміз батпаққа батып, жаз шықса, шаңы көкке көтеріліп жатушы еді. Ауылымыздың сәні кірді. Қазынаға қомақты табыс кіргізіп отырған өндірістің іргесінде тұрған соң игіліктен де құр қалмауымыз керек деп ойлаймын. Елдің тұрмысын ойлаған облыс әкімдігіне, аудан басшылығына алғысымды айтамын, – дейді Игілік Жеңісұлы есімді Ақжал тұрғыны.

Он бес көшені жөндеуге 477 млн. теңгеден астам қаражат қарастырылды. Тіпті, қаражаттың шамалы бөлігі үнемделіп, қазынаға қайтарылды.

Шет ауданының экономика және қаржы бөлімінің басшысы Маркеш Жонкинаның сөзінше, биыл аудандағы мәдениет нысандарын жаңғыртуға жіті көңіл бөлініп отыр. Яғни, Мойынты мен Босағадағы мәдениет үйлерін күрделі жөндеуге республикалық бюджеттен – 83,1 млн. теңге, жергілікті қазынадан 8,3 млн. теңге қаралды.

Биыл жоба шеңберіне енген ауылдар қатары ұлғайып отыр. Облыс көлемінде 32 ауыл тізімге кірді. Бұл ауылдарда 44 мыңға жуық адам тұрады. 5,5 млрд. теңгеге бірнеше жоба іске асады.

Сонымен, биыл Бұқар жыраудағы Гагаринское ауылындағы мектепке жапсарлас оқу кабинеттерін, асхана мен спортзалын тұрғызу көзделген. Осы аудандағы Мұстафин кентінде – 320 орындық, Абай ауданындағы Топар кентінде 100 орындық денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарда тұр. Осакаров ауданындағы Ақбұлақ ауылының мектебі, Батпақ, Садовое, Озерное ауылдарындағы мәдениет үйлеріне жөндеу жүргізіледі. Нұра, Бұқар жырау аудандарында су өткізу желілері қайта жаңғыртылады. Бұдан бөлек, аймақтағы ауылдар ішіндегі 134 шақырым жөнделмек.

Ауылдағы тұрмыс қаладағыдан бір мысқал кем түспеуі тиіс. Дәуірдің игілігін даладағы жан да көруі қажет. Ауыл мен қаланың терезесі теңессін. Бұл – Президенттің тапсырмасы. Осы тапсырманы тап-тұйнақтай орындау – аталған бағдарламаның түпкі межесі…

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button