Агросаланың тынысы ашылып келеді. Бұл дегеніміз, ауылға бетбұрыс бар деген сөз. Өңірімізде қомақты қаржы құйылып жатқан ірі кешендер көп. Әсіресе, қойнауына құт дарыған Нұра ауданында. Мәселен, Көбетей ауылынан салынып жатқан «ақылды» сүт фермасының құрылысын ерекше атап айту ләзім. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысындағы ірі сүт фермаларын басқа өңірлерге үлгі еткен еді. «Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі. Шаруалардың тәжірибесі мол, жемшөп қоры да жеткілікті. Оған қоса байыпты қолдау шаралары қолға алынған. Осының бәрі тұтаса келе тәп-тәуір нәтиже беріп отыр. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде осы тәжірибені басшылыққа алу керек», деген еді Президент.
«Ақылды» ферманың алғашқы қадамы
Мұны неге бірден айтып отырмыз. Президенттің бұл пәрменінен соң Нұра ауданының ауыл шаруашылық саласына жетекшілік ететін мамандар бірден солтүстік өңірге жолға шығады да, ондағы ірі сүт фермаларын аралайды. Күніне тонналап сүт өндіріп жатқан агрокәсіпорынның барлық мүмкіндігін көзбен көріп, қағазға түртіп алады. Мұндай ірі фермаларды мемлекет есебінен қаржыландыру жолдарын, ферманың толығымен автоматтандырылған цифрлық базасын алдыру мүмкіндіктерін, асыл тұқымды сүтті сиырларды шетелден тасымалдау тетіктерін әбден меңгереді.
Аудандағы ауыл шаруашылығы саласының өкілдері елге бірден келе сала, ірі деген шаруа қожалықтарының басын қосып, әлгі әлеуетті жобаның нұсқасын ұсыныс етіп тастайды.
Сөйтіп, бұған дейін тек дәнді дақыл өсірумен айналысып, ырысын еселеп келген «Черниговское и К» ЖШС және «Рамадан МФ» ЖШС серіктестігі тауарлы ірі сүт фермасын салып, табысын, тіпті, ұлғайтуға ұмтылады.
– Сүт-тауар фермасын салу арқылы біз өнім алуды әртараптандырайық деп шештік. Біз – өсімдік өсірушілерміз. Жасыратыны жоқ, жыл сайын моно дән егумен айналысу қиындап барады. Сондықтан, «Рамадан МФ» ЖШС-мен бірігіп, Қарағанды облысы мен Астана шаһарының сүт өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ететін заманауи тауарлы-сүт фермасын салу туралы шешім қабылдадық, – дейді «Черниговское и К» ЖШС директоры Айдос Қанапин.
Ауылды «асырайды»
Мердігер өзіне жүктелген жұмысты абыроймен атқарып шығып, жаңа кәсіпорын іске қосылса, 60-тан аса жұмыс орны ашылады. Демек, ауылдағы ағайынға «екі қолға – бір күрек» табылады. Салынып жатқан кешеннің басшылары барынша ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға тырысамыз деп отыр. Және де бәсекеге қабілетті еңбекақы төлеуге ниетті. Бұл дегеніңіз, дипломы бар көп жас ауылға қайта оралады.
– Бәсекеге қабілетті еңбекақы төленетін 60 жаңа жұмыс орнын құрамыз. Егер, реті келіп жатса, одан да көп жұмыс орны ашылады. Бірінші кезекте ауыл тұрғындарын жұмысқа аламыз. Қазір олардың көпшілігі амалдың жоқтығынан елордада жүр. Кейбірі күнделікті қатынап істейді. Енді, біздің ферма ашылғаннан кейін жастар қаладан жұмыс іздемейді. Туған ауылында тұрып, заманауи сүт фермасында жұмыс істеп, елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосатын болады. Әр ауылда осы секілді кәсіпорын, агрофермалар болса, ол ауыл дамиды. Ел көшпейді. Сырттан жұмыс іздемейді. Тағы да қайталап айтайық, ауыл жұртының жақсы табыс табуына мүмкіндік жасамақ ойымыз бар, – дейді директор Айдос Канапин.
Ферманың орналасқан жері де көп шаруаға ыңғайлы. Нұра ауданының орталығынан 25 шақырым, Астана қаласынан 70 шақырым жерде салынып жатыр. Дәп күрежолдың бойында. Сүт фермасының басшылары сүт өнімін әуелі Қарағанды облысына өткізіп, артылғанын Астанаға саудаламақшы.
Көп шаруаға күзде кіріседі
Сонымен, бой көтеріп жатқан «ақылды» сүт фермасының қаржысы да қомақты. Жоба құны 4.8 млрд. теңгені құрайды. Оның 2 млрд. 70 млн. теңгесі кешеннің құрылыс жұмыстарына жұмсалып отыр. 1 млрд. 292 млн. қаражаты ферманың заманауи жабдығына бағытталса, 1 млрд. 463 млн. теңгесіне асыл тұқымды сиыр алынады. Үкімет ферманың толық жабдығы мен малдарын субсидиялайтын болады. Ферма жаңа агроөнеркәсіптік кешендерге жеңілдікпен несие берудің мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып жатыр.
Құрылысы былтыр тамыз айында басталған фермада екі мердігер «Asia Modern Group» ЖШС мен «ДСК-Строй» ЖШС бірлесіп, жұмыс істеп жатыр. Құрылыс жұмыстарына ауылдың тұрғындары да тартылған. Екі мердігер ұйым 45 адамға жұмыс беріп отыр. «Черниговский и К» ЖШС-ның басқарушы менеджері Арман Нұржанов бүгінгі күні жоспарланған құрылыс жұмысының 40 пайызға жуығы жобаланды дейді. Қажетті құрылыс материалдары толық жеткілікті екенін және жеткізді. «Жұмысты қыркүйек айына дейін аяқтап қалуымыз мүмкін», дейді мердігерлер.
Агрокешен әртараптандырылады
Бұл арада бес фермадан тұратын кешен, сондай-ақ, жемшөп өндіруге арналған сүрлем алаңы болады. Тауарлы-сүт фермасында арнайы астық тазартқыш қоймасы қатар орналасады. Бұл жерге тамшылатып суару жүйесі орнатылады.
Тауарлы-сүт фермасы қажетті азықпен өзін-өзі қамтамасыз етеді. Ол үшін су тарту құрылысын және су құбыры желілерін салу жобасы әзірленіп, қолға алынған. Жоба сүрлемге және басқа да дәнді дақылдарға араластыратын жасыл жүгері отырғызу жоспарланған 700 гектар алқапты суаруды көздейді. Жоба «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қолдау тауыпты. Кәсіпкерлер оны жүзеге асыруды күтіп отыр және аустриялық «Bauer» фирмасының алты шашыратқыш машинасын сатып алған. Ендігі қырда көктемгі егіс науқанына қызу кіріскен.
Озық технология тиімділігі
Фермаға жұмыстың барлық циклін автоматтандыруға мүмкіндік беретін заманауи бағдарлама енгізілетін болады. Яғни, сиыр сауатын орын сүттің мөлшері мен сапасын автоматты түрде бақылап отыратын жоғары технологиялық құрылғымен жабдықталады. Сүт фермасының басшылары мұндай толық «ақылды» құрылғыны Германиядан арнайы алдырады. Келісім-шарт жасасып, жарты қаражатын аударып қойыпты да.
Бұл бағдарламаның ең бір игілігі мынада: сауын алаңындағы әр сиырдың күйі, дене қызуы, жүрек қағысы, жемшөбі мен салмағы, күндік беретін сүтінің мөлшері мен құрамы туралы мәліметтер жинақталып отырады. Әр асыл тұқымды сиырдың арнайы «чипы» болады. Сол арқылы күніне, айына қанша сүт бергенін көре алады.
Ферманың ең басты артықшылығы – цифрлы технологиясында. Тек, сауынды автоматтандырып қана қоймай, табындағы әр сиырға қатысты көрсеткіштерді бақылайды. «Ақылды» арнайы қондырғысы арқылы мәлімет орталық басқару пультіне түсіп отырады. Бұл жерде зоотехникке де өте тиімді болмақ. Компьютермен қай сиырдың сүтті екені, қайсысының сүті азая бастағаны, қай сиырдың дұрыс жем жемей жүргені туралы мәліметтерді онлайн режімде алып, қажетті шаруасын алдын ала бағамдайды.
Мұның арқасында өнім көлемін ұлғайтады, тауар сапасын арттырады, әрбір мал басын күйлі ұстайды. Жоғарғы технологияның мүмкіндігі арқылы сүт фермасы алдағы уақытта өнім сапасын арттырып, мал азығын үнемдеп, кәсіпорындағы еңбек шығынын қысқартады.
Гольштейнді Германиядан әкеледі
Фермадағы мал қорасының төбесі биік. Іштегі ауаны желдетіп, тазартып тұратын арнайы қондырғы да қойылады. Тіпті, малдың жемшөбін беретін ауыл шаруашылығына пайдаланылатын шетелдің шағын техникаларын сатып алады. Демек, мұнда жұмыс атқаратын малшылардың да, сауыншылардың да жұмысы жеңілдейді.
Кәсіпкерлер Германиядан Гольштейн атты асыл тұқымды сиыр әкеледі. Бұл сиырлар – ең сүтті тұқымдардың бірі ретінде белгілі. Биыл құны қымбаттапты. Ол жақта 2-2, 5 мың еуро тұрады. Теңгеге шақсақ, 1 млн. – 1.млн. 200 мың. Ферманың жобалық қуаты – 1 100 бас. Күніне 27 тонна литрге дейін сүт алуды жоспарлап отыр. Алғашқы 400 сиырды биыл күзде әкелмекші.
Бұл – «Сарыарқа» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы қолдаған аудандағы, тіпті, облыстағы ірі тауарлы-сүт фермасын құру бойынша инвестициялық жобалардың бірі. Жаңа ферма агроөнеркәсіптік сектор мен мал шаруашылығын дамытуға серпін беретіні сөзсіз.
«Ақылды» ферма Абайда да салынуда
«Біз мұндай өндірістік жобаларға міндетті түрде қолдау көрсетеміз. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жеңілдікпен кредит беру өз тиімділігін көрсетті. Яғни, қаржыландыру жағынан мәселе болмауға тиіс. Сүт өндірісін тиісті деңгейде ұйымдастыру керек. Бүкіл ел бойынша өз-өзімізді сүт өнімдерімен қамтамасыз ететін деңгейге жетуіміз керек», – деген еді Мемлекет басшысы Солтүстіктегі сүт фермаларын аралап жүріп.
Міне, мұндай ірі жобалар енді біздің өңірімізде де іске қосылады. Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов мұндай екі бірдей сүт фермасы Абай ауданындағы Көксу ауылында да бой көтеріп жатқанын айтты.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz