Ауылға ауыз су келді
Республика күні қарсаңында Бұқар жырау ауданындағы Астаховка ауылында орталықтандырылған су құбыры іске қосылып, ауылға ауыз су берілді.
Жалпы, 300-ге жуық адам тұратын бұл елдімекеннің тұрғындары ауыз суды 30 жылдан астам уақыт сыртта бір шақырым жерде ағып жатқан бұлақтан тасып ішкен болатын. Енді «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының шеңберінде көздері ашылып, ол бейнеттен құтылды.
Су құбырын салу жұмыстары өткен жылы басталып, осы айтулы мереке алдында аяқталды. Сол кезең ішінде мамандар ұңғымаларды бұрғылап, қажетті жабдықтарды орнатып, елуге дейінгі көшелерге су құбырларын тартқан.
Бұл жаңалықты ауыл тұрғындары қуана қабылдады. Солардың бірі Жаннат Балбекова:
– Мен Астаховкада 50 жылдан бері тұрамын. Ауылдан жастарымыздың көбісі көшіп кеткен. Біз сияқты зейнеткерлерге қашықтағы бұлақтан су әкелу оңай болған жоқ. Ақыры армандаған су құбыры салынғанына қуаныштымын. Келесі кезекте ауылымыздың көше жолдары асфальтталады деп жоспарланыпты. Сөйтіп, жағдайымыз біртіндеп жақсара беретініне сенеміз, – дейді.
Ал, 24 жастағы Арман Әлімов те бұл пікірді қостап:
– Өткен жылы бізге су құбыры салынатынын айтқан кезде оған бәріміз күмәнмен қарағанымыз рас. Бірақ, уәде етілгендей, оның құрылысы 2023 жылдың жазында қолға алынып, осы мереке алдында тәмамдалып отыр.
– Осы ауыз судың жоқтығынан ауылымыздан бірталай адамның көшіп кеткені жасырын емес. Енді осыдан кейін бұл жерге жаңадан қоныс аударушылар келіп, орналасады деп ойлаймын, – деген еді.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Ortalyq.kz