Жаңалықтар

Қауіпсіздік шаралары ширай түсті

Қар суы төндірген қауіп көп өңірде әлі толық сейіле қойған жоқ. Аймақта көктемгі тасқынға тосқын болар шаралар күшейтілген. Себебі, кейінгі жылдары елімізде көктем келсе халық әбігерге түсіретін төтенше жағдайдың жиі орын алып жүргені белгілі. Сондықтан, қауіпсіздік шараларын ширату – басты парыз.

Биыл су тасқынының қандай болатынын алдын-ала болжау қиын. Мұны тіпті, мамандардың өздері де дөп басып айта алмайды. Бір анығы қол қусырып отырмау керек. Осыны ескерген облыс әкімі Ерлан Қошанов табиғаттың тосын мінезіне тойтарыс беруге қарсы шараларды тыңғылықты орындауды жүктеді. Әзірге, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жағдай тұрақты екенін мәлімдеп отыр. Аймақ басшысы жағдайдың шын мәнінде бақылауда екеніне көз жеткізу үшін су қоймаларын аралап қайтты. Көктемгі су тасқыны оқыс оқиғаларға орын бермеу бағытында атқарылып жатқан жатқан жұмыстардың жай-күйін бағамдады. Өткен жылдары Арқадағы ауылдардың қызыл судан зардап шеккені белгілі. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бүгінде апатты жағдай орын алған жерлерде қар суы жиналатын үлкен шұңқырлар мен арықтар тазартылуда. Барлық жоласты су өткізу құбырлары мен көпірлер тазаланды. Негізгі су қоймаларында су жіберу жұмыстары жалғастырылуда. Гидробекеттер жіті бақылауда. Азаматтық қорғау күштері дәлірек айтқанда, барлық аудандарға бөлінген 6,4 мың адам және 2,4 мың техника толығымен дайын тұр. Облыс әкімінің орынбасары Ермағанбет Бөлекпаевтың сөзінше, Самарқанд су қоймасында, өзеннің жоғарғы жағында ылғал қоры 38% ға дейін төмендеген. Су ағыны секундына 30 текше метрді құрайды. Шерубай мен Нұра өзеніндегі су деңгейі қауіпті емес. Төменгі жағында қар әлі де бар. Сондай-ақ, Нұра, Осакаров аудандарының аумағы да қадағалауға алынған. «ҚазСуШар» РМК Қарағанды филиалының директоры Дүйсембай Әбжановтың айтуынша, гидробекеттер өзендердің негізгі арналарын ғана өлшейтін көрінеді. Ал, қосымша су жиналатын арналардың, таулы аймақтардан келетін судың қаупі жоғары. Бүгінде Самарқанд су қоймасында тұрақты жағдай қалыптасқан. Су деңгейінің көтерілуінің ең жоғарғы көрсеткіші таяудағы екі-үш күнде болады деп күтілуде.

«Қазгидромет» РМК алдағы күнге арналған ауа-райы болжамы бойынша күн күрт жылыған жағдайда өзендерінде су белгілері қауіпті деңгейден асып түсуі салдарынан су тасқыны болуы мүмкін. Қазір облыс бойынша қар жамылғысы 40 пайызға азайды. Осакаров және Нұра аудандарында 60% қар қалды. Қарқаралы және Бұқар жырау аудандарындағы төрт өзендегі сеңді бұзу үшін мұз жару жұмыстары жүргізілді. Осы аптада Осакаров және Нұра аудандарында осы бағыттағы жұмыстар жалғасады.

Әрине, алдымызда не күтіп тұрғанын ешкім болжай алмайды және табиғаттың алдағы көктемге қандай «сый» дайындағаны да белгісіз. Тек баршаға аян болып отырғаны ортақ мүдделі іске жауапты мамандар қауқары жеткенше жұмыс істеп жатыр. Қауіпсіздік шаралары туралы халықты ақпараттандыру шаралары жүргізілуде. Тұрғындармен 170-тен астам жиын және 130-ға жуық үгіт-насихат рейдтері өткізілді. «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, су нысандарының басында жүздеген қызметкер ел игілігі үшін ерте тұрып, кеш жатып, қара басының емес, халықтың қамын ойлап жүр.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button