Қауіпсіздік – басты назарда
Бүгін аймақтағы мектеп жанындағы лагерьлер жұмысын бастады. Осы орайда балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету – маңызды. Биыл 160 мың баланың бос уақытын мазмұнды жоспарлап, жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл жайлы облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын мәлім етті.
Сауықтыру қала сыртындағы 8 лагерь базасында өтпек. Сауықтыру орталықтарына 100 оқушы тегін жолданады.
– Жаз мезгілінде балалардың демалыс уақытын және сауықтыру жағдайын жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндетіміз. Ауыл мектептерінде оқитын үздік 838 оқушы «Қазақстан халқына қоры» есебінен Алматыдағы «Тау жанашыр» және Қарағандыдағы «Салют» лагерінде тегін демалады. Сонымен қатар, әлеуметтік осал отбасынан шыққан 742 бала бюджет есебінен сауықтыру лагеріне жолданатын болады.
Балаларды қорғау күнінде ерекше қуанышпен айтатын жаңалығымыз – бұл биыл Пришахтинск қаласында алғашқы қосымша «Кәусар» оқушылар сарайы білім беру ұйымының ашылуы. Жаңа сарай заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Ғимаратта шығармашылық шеберхана, хореография залы, арт студия, жазу студиясы, веб-дизайн, интеллект студиясы және зертхана, заманауи құрал-жабдықтар бар, – деді Ерлан Бейсембайұлы.
Сондай-ақ, жазда балалар үшін Ақтоғай ауданында алғаш рет бір маусымда 210 баланы қамтитын 6 күндік киіз үй лагері жұмыс істейді. Кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізу мақсатында алғаш рет колледждерде (Теміртау, Шахтинск қаласы) «Жазғы лагерь» бейіндік алаңдары ашылмақ.
Облыстың барлық мамандандырылған мектептерінде және инновациялық лицейлерде тілдік курстар, конструкция және робототехника бойынша бейіндік лагерьлер жұмысын бастайды.
Жазғы демалысты ұйымдастыруда бала қауіпсіздігіне баса назар аударылмақ. Осы мақсаттағы «Қауіпсіздік» жобасы аясында лагерьлерде жұмыс жасайтын мұғалімдерге алғашқы көмек көрсету тәсілдері көрсетіледі.
– Өткен жылы бастау алған жобада облыстың 10 мың педагогына сертификат берілген. Жоба адам өмірін сақтап қалу және төтенше жағдайдағы алғашқы көмек көрсету дағдыларына үйретті. Сонымен қатар, жастар саясаты басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында 200 студентті қамтитын «Студенттік педагогикалық жасақтар» жобасын іске асыру да жоспарда бар. Аудан, қалаларда «Қауіпсіз жаз», «Қауіпсіз аттракцион», «Қауіпсіз лагерь» профилактикалық акциялары жаз бойы өтеді, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.
Сонымен қатар, биыл алғаш 1-11 сынып оқушыларына арналған «Сенің шаттыққа толы демалысың» атты нұсқамалар (Гайдбуктар) оқушыларға таратылып, ата-аналар чаттарына жолданды. Гайдбукта ата-аналар үшін пайдалы ақпарат, жыл бойы жұмыс жасайтын лагерьлер тізімі, төтенше жағдайлар орын алған жағдайда хабарласатын шұғыл қызметтердің нөмірі бар.
Маусымда балалар үшін мектеп жанындағы лагерьлер ашылып, «Қауіпсіз жаз» акциясы бастау алады. Әлеуметтік осал топқа жататын 2605 азаматқа 7 млн. 155 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілмек.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz