АймақҚарқаралы

Ауданның əл-ауқаты артып келеді

Қарағанды облысының өңірлік коммуникациялар қызметі Қарқаралы ауданының əкімі Əділжан Арғыновпен баспасөз мəслихатын өткізді. Қарқаралы ауданының əлеуметтік-экономикалық даму барысына арналған брифингте аудан басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстармен қатар, өңірде қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады.

Сурет: аудан әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасынан

Əділжан Арғыновтың айтуынша, бүгінде аудан экономикасында тұрақты өсу динамикасы қалыптасқан. Ел мен жер өміріндегі маңызды салалардың бəрінде де ілгерілеушілік бар.

Аудан экономикасын алға бастырып отырған – негізінен өнеркəсіп саласы, əсіресе, «Қазақмыс» корпорациясына қарайтын Қарағайлы байыту фабрикасы мен Абыз кен орны, «Qarmet» кəсіпорнына қарасты «Өркен Кентөбе өкілдігі», «Алтай полиметаллы» ЖШС, жаңадан іске қосылған «Қамқор-Сарыарқа» ЖШС сияқты ірі кəсіпорындар. Бұл өндіріс орындарында мердігер компаниялардың өз жұмыскерлерін есепке алмағанның өзінде 2200-ге жуық адам жұмыс істейді. Өткен жылы аудан бойынша өнеркəсіп өнімінің көлемі 33,6 млрд. теңгеге жетті.

– Ауданға инвестиция тарту, тау-кен өндірісін дамыту бағытында ауқымды шаралар қолға алынбақшы, – дейді Əділжан Арғынов. – Қарқаралы ауданындағы «Қамқор» кен орнын игеру жобасының бірінші кезегі жүзеге асырылып, өткен жылдың сонында «Қамқор-Сарыарқа» ЖШС-нің өндірісі іске қосылды. Кəсіпорын иелері енді сол жобаның екінші кезегін қолға алуда.

Əкімдік пен кəсіпорын арасында əлеуметтік-экономикалық даму бойынша меморандум жасалған.

«Жасыл экономика» бағдарламасының аясында Қарқаралы ауданында жел электр станциясының құрылысы жоспарланып отыр. Оны «Шаңырақ 21» ЖШС жүзеге асырмақ.

Қарқаралыда туризм саласын дамытуға ерекше мəн беріліп келеді. Осы орайда Қарқаралы қаласын абаттандыру, туристік маршруттарды белгілеу шаралары жүзеге асырылады. Ұлттық табиғат паркінің жеріне инвесторлар тарапынан қызығушылықтың артуына қарамастан, қорыққа жататын табиғи аумақтарды қорғауға байланысты шектеулер бар. Туризмді дамыту мақсатында қала маңында 75 гектарды алатын «Бұғылы» рекреациялық аймағын жасау жоспарланған.

Аудан арқылы республикалық маңызы бар Қарағанды – Аягөз – Бұғаз жолы өтеді. Осы даңғылға қосылатын дала жолдары арқылы оңтүстікте Балқаш өңіріне, солтүстік-шығыста Баянауылға да төтесінен өтуге болады. «Қазавтожол» былтыр Қарқаралыға кіретін жолдың 54 шақырымын жөндесе, биыл тағы 53 шақырымын жөндеу ді жоспарлап отыр.

Шағын кəсіпкерлікті дамытуға «Кəсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» арқылы қаржылай қолдау жұмыстары жүргізілуде. Субсидиялау бағыты бойынша ауданнан бес кəсіпкер екінші деңгейдегі банктерден 44,0 млн. теңге несие алған. Кепілдендіру бағыты бойынша үш кəсіпкерге 118,1 млн. теңге көлемінде кепілдік қарастырылды. Аудан бойынша төрт бизнес жобаға 17 млн. теңге көлемінде мемлекеттік грант бөлінді. Сонымен қатар, 11 жас кəсіпкер аудан əкімдігінің 18 млн. теңге грантына ие болды. Халықтың əлеуметтік осал тобына жататын он адамға жалпы сомасы 13,8 млн. теңге грант берілді. Осындай қолдау шаралары биыл да жалғасын табады.

Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын ауданда былтыр осы саладағы жалпы өнімінің жылдық көлемі 64,9 млрд. теңге болды. 2023 жылы аудан бойынша барлығы 45,9 мың гектар жерге дəнді дақылдар егілді.

Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауданда 132 жоба мақұлданып, 840 млн. теңге қаражат бөлінді. Нəтижесінде шаруашылықтарға 467 бас жылқы, 1041 бас ірі қара, 322 бас ұсақ мал, 8 ауыл шаруашылығы техникасы алынды. Осы бағдарлама аясындағы жұмыстар биыл да жалғасуда. 216 адам жалпы сомасы 1 млрд 264 млн 320 мың теңге көлемінде несие алуға ниетті.

Аудан бойынша 20-дан астам шаруашылық 11,7 мың бас асыл тұқымды мал өсірумен айналысып, мал тұқымының іріленуіне, өнім сапасының артуына септігін тигізіп отыр. Былтыр мемлекеттен 1035 шаруа қожалығы 1 млрд. 023 млн. теңге субсидия алса, биыл барлығы 925,6 млн. теңге субсидияға өтінім берілген. Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту мақсатында былтыр жаңадан 129 ауыл шаруашылығы техникасы алынса, биыл да біраз техника алу жоспарланған.

Өткен қаңтар айында Қарқаралы қаласында 18 пəтерлі екі тұрғын үй пайдалануға берілді. Осындай тағы бір үй салынып жатыр. Республикалық жəне облыстық бюджеттен бөлінген 67,2 млн. теңге қаражатқа үй кезегінде тұрған əлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін жеті пəтер мен тұрғын үйлер сатып алынды.

Биыл Жарлы-Қарқаралы су құбырының құрылысы аяқталып, Қарқаралы қаласын сумен жабдықтау мəселесі түбегейлі шешілмек. Аудан көлеміндегі елдімекендерді ауызсумен қамтамасыз ету, модульдік станциялар орнату жұмыстары жалғаса береді.

Елдімекендерде, əсіресе аудан орталығында абаттандыру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді.

Аудан бойынша автожолдарды жөндеуге биыл аудандық, облыстық, республикалық бюджеттерден барлығы 3 412,7 млн. теңге қаржы бөлінді.

Былтыр жеті ауылдың мектебіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл төрт ауыл мектебіне блоктық-модульді қазандықтар қойылады. Үш ауыл мектебіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қарқаралы қаласында «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында мектеп салу жоспарланған. Ауданда бұқаралық спорт түрлерін дамыту мақсатында жергілікті бюджет есебінен былтыр төрт ауылда хоккей корты мен футбол алаңдары орнатылды. Қарқаралының орталық стадионында былтыр басталған күрделі жөндеу жұмыстары биыл аяқталады.

Сонымен қатар, биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қарағайлы кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені, «Қазақстан халқына» қоры мен «Самұрық-Қазына» қоры арқылы Нұркен, Бүркітті ауылдарында əмбебап спорт залы салынады.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары аудандағы 20 медициналық нысан үшін жаңа ғимараттар салу жоспарланған болатын. Жақында Татан, Томар жəне Ақжол ауылдарында құрылысы аяқталған жаңа медициналық нысандар халық игілігіне берілді. Тағы он жеті нысан биыл жəне келесі жылы дайын болып, пайдалануға беріледі.

Аудан əкімі Əділжан Арғынов, сонымен қатар, Қарқаралы қаласының биылғы 200 жылдық мерейтойына орай атқарылып жатқан шаралар туралы да баяндады.

Шынында да, аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан игі шаралар аз емес. Кейінгі уақытта ең шалғай деген ауылдардың өзіне жоғары жылдамдықты интернет желісі тартылып, ел тұрмысына жағымды əсерін тигізіп отыр. Баспасөз мəслихатында аудан басшысы осындай игілікті істер жалғасын таба береді деп сендірді.

Болатбек ƏШІМҰЛЫ,
журналист

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button